Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бұл хадисінде айтылған «қымбаттату» деген ұғымды бұрынғы айтылғандарға қарағанда кеңірек мағынада түсіндіруге болады.
Өйткені «нажш» (яғни «бағаны өсіру» немесе «қымбаттату») сөзінің бір мағынасы «қулық-сұмдық және алдау арқылы қандай да бір нәрсеге жету үшін жағдай жасау» дегенді білдіреді. Мұндайда Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өсиетін «Біріңді-бірің алдамаңдар, сендерден ешкім біріне-бірі қулық-сұмдық істемесін және зарар жеткізбесін» мағынасында түсіну керек. Алла Тағала: «Негізінде, айлакерліктің кесірі иесіне ғана тиеді» («Фатыр» сүресі, 43-аят), – деген.
Пайғамбар (с.а.с.): «Қулық пен алдау – тозақта», – деп айтқан (Ибн Хиббан).
Бағаны өсіруге салынған тыйым алдау, арбау және т.с.с іс-амалдармен байланысты қарым-қатынас түрлерінің біріне қатысты. Мәселен, тауардың кемшілігін жасыру, жақсы затқа жаман затты араластырып сату, т.б.
Бұл туралы Әбул-Атаһия: «Дін дегеніміз – дін. Ал ол үлкен адамгершілік қасиеттерден басқа ештеңе емес. Расында, қулық-сұмдықтың орны тозақта. Бұл екі қасиет мұнафықтарға тән», – деп өте тамаша айтқан. Қулықты рұқсат етілгенге ғана қатысты қолдануға болады, мәселен, соғыс кезінде дұшпанға қарсы. Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Соғыс, бұл – алдау» (Әл-Бұхари, Муслим), – дегені бар.
материал «Әл-Уафи» кітабынан алынды,
ummet.kz