05
Бейсенбі,
Ақпан

һижри

Раббысын еске алатын адам мен еске алмайтын адамның мысалы

Раббысын еске алатын адам мен еске алмайтын адамның мысалы

Ислам тарихы

Дүниеде адам әртүрлі қиындықпен бетпе-бет келеді. Өмірдің әрқилы қысымына ұшырап, жаны қысылып, мазасы қашады. Өмірінен мән кетіп, күнінде береке болмайды. Осы нәрсе адамның көңілін қысып, қажытып жібереді.

Сонда тек зікір ғана айтылған нәрсенің бәрін жүректен сылып түсіреді. Адам Аллаға жақындығын сезінеді. Жаны жайланып, иманы күшейеді. Сол үшін де Алла Тағала: «Міне, солар – иман келтірген әрі Алланы еске алу арқылы жүректері жай табатын ізгі жандар. Ендеше біліп қойыңдар! Жүректер Алланы еске алу арқылы ғана жай тауып, толық қанағаттанады!» ("Рағд", 28), – дейді.

Алланы еске алумен жүрек орнығады, уайым әсер етпейді, қобалжу қажытпайды. Алланы еске алумен жүрек орнығады, сынақ келсе, сынбайды, нығметке алданып қалмайды. Алланы еске алумен жүрек орнығады, шәһуәтқа ермейді, шайтанға алданбайды. Алланы еске алумен жүрек орнығады, өмірге разылықпен Аллаға сенім артып, тік қарайды. Оның мейірімі мен кеңшілігін сезінеді. Зікір адамның шашырап кеткен ойын жинақтап, жиналып қалған уайымын сейілтеді. Алысты жақындатып, жақынды алыстады. Пенденің басына төніп тұрған қиындықты, сынақты, бәле-жаланы ыдыратып, жүрегіндегі ойларын, арман-мақсатын, ерік-қалауын жинастырып береді. Адамға ақыретті жақындатып, дүниені алыстата береді.

Жүніс пайғамбар да үш зұлматтың ішінде қалғанда Алланы еске алып, шарасыздығын мойындап тәубе етіп, шынайы ниетпен былай деген: «(Сондай жолбасшы көсемдерден) Зун-Нунды (Жүніс пайғамбарды) да есіңе ал. Ол кезінде (күпірліктен қайтпаған қауымына) ашуланып, қауымын тастап, кетіп қалған еді. Сөйтіп, ол (өзінің бұл ісін дұрыс деп санағандықтан) Бізді өзін қыспаққа алмас деп ойлады. Алайда ол кейін (қараңғы түнде, теңіздің түбінде һәм өзін жұтып қойған балықтың ішінде) қат-қабат зұлматтардың ішінде жатып: «Сенен басқа тәңір жоқ! Сен мінсізсің (жаратылысқа тән кемшілік атаулыдан, дәрменсіздіктен, мұқтаждықтан адасың)! Мен расында да, өз-өзіне қиянат жасаған залымдардың бірі болыппын!» – деп тәубе етіп, жалбарынған еді» ("Әнбия", 87).

Сөйтіп, Алла оның уайымын сейілтті, қайғысын кетірді, оны зұлматтан шығарды. «Біз оның да дұғасын қабыл алып, еңсесін басқан қайғы-мұңнан айықтырып, қиын-қыстау жағдайдан құтқардық. Міне, Біз шынайы мүміндерді осылай құтқарамыз» ("Әнбия", 88).

Пайғамбарымыз ( ) хадисінде былай деген: «Зун-Нунның: «Сенен басқа тәңір жоқ! Сен мінсізсің (жаратылысқа тән кемшілік атаулыдан, дәрменсіздіктен, мұқтаждықтан адасың)! Мен расында да, өз-өзіне қиянат жасаған залымдардың бірі болыппын!» – деген дұғасын қандай да бір мұсылман пенде айтпасын Алла міндетті түрде жауап береді». Таудай қайғы арасында қалып кетуің, уайымға салынған жаның, сынақ пен қиындыққа толып кеткен өмірің, осы жағдайдың өзі, күн мен түн, жасырын да, жария да Аллаға бет бұруыңды күтіп тұр. Сосын Алланың уәде еткен берекетін күте бер. «Алладан асқан шыншыл бар ма?!» ("Ниса", 122).

Есіңде болсын! Алланы зікір ету арқылы жүрек нәр алады. Жүрек демалып, жаның орнығады. Зікірсіз жүрек өледі, дене тозады, жан қиналады. Имам Бұхари риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз былай дейді: «Раббысын еске алатын адаммен еске алмайтын адамның мысалы өлі мен тірінің мысалындай». Алла тыныш, рахат өмір сүрудің есігін айтып, көрсетті. Одан бет бұру – бақытсыз өмірдің басы. «Ал кімде-кім Мені еске алудан бас тартып, Кітабымнан сырт айналса, оның дүниедегі тіршілігі таршылық пен қиындыққа толы болады әрі қиямет күні оны көрсоқыр етіп тірілтіп, махшарға да су қараңғы соқыр күйінде келтіреміз» ("Таһа", 124).

Ақыл-есі бар адам бақытсыз өмірді өз қалауымен таңдайды ма? Өз қолымен өкінішке толы өмірін қалай жаза алады?

материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: