06
Жұма,
Ақпан

һижри

Жұмадағы құлшылығымыз кәміл болуы үшін шариғат көрсеткен тәртіп

Жұмадағы құлшылығымыз кәміл болуы үшін шариғат көрсеткен тәртіп

Ислам тарихы

Жұма күндеріміз баянды, ғибадаттарымыз кәміл болуы үшін шариғат көрсеткен тәртіп пен әдептерді орындауымыз қажет. Олар мыналар:

1. Жұма күнгі ғибадатты бейсенбi күннің екінті намаз уақытынан бастаған дұрыс. Сол уақыттан Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат және истиғфар айтуды, қосымша намаздар мен дұға жасауды бастау тақуалыққа жатады. Ғұламаларымыздың айтуынша: «Алла Тағала пенделерiне көп жақсылықтар береді. Соның көбісі бейсенбi күннiң кешiнде, жұманың күндiзiнде сұраған пендесiне тиеді. Жұма күнiнiң қасиетiн бейсенбi күннен бастап күткен адамның несiбесi мол болады екен», – дейдi.

2. Мұсылман адам аптасына бір рет шомылып тұруы керек. Өйткені, ислам діні тазалыққа шақырады. Жұма күнi шомылған жақсы. Әбу Һұрайраның (р.а.) риуаятында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әрбір мұсылман адам жеті күнде (аптасына) бір рет жұма күні шомылуы керек»[1], – деді.

Ибн Омардың (р.а.) риуаятында: «Балиғат жасына жеткен әрбiр кiсiге жұма күнi шомылуы керек»[2], – деген.

Сәмраның (р.а.) риуаятында: «Кімде-кiм жұма күнi дәрет алса, дәрет алғанның сауабын алады. Ал, кiмде-кiм жұма күнi ғұсыл алса (шомылса), ол аса сауапты»[3], – деген.

Осыған орай Зәһирий мен Имам Ахмад мазһабының өкілдері жұма күні шомылуды уәжіп деп санаған. Ханафи мазһабы бұл күні ғұсыл құйыну «мустахаб» деп алған.

3. Жұмаға тісі мен аузын тазалап, үстіне иіс сеуіп барған дұрыс. Өйткені, ол күні көпшілік жұрт жиналып, бір-бірімен аралас-құралас болып жүргенде ауызы мен денесінен келетін хош иіс оларды бір-біріне жақындастырады. Әнәстың (р.а.) риуаятында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):  «Мисуак (тіс пен ауызды тазалау) туралы мен сендерге көп айттым»[4],– деген.

4. Жұма күнгі ғибадатқа арнайы жаңа немесе таза, әдемі киім киген жақсы. Өйткені, жұма намазы көпшілік мұсылмандар жиналатын апталық мереке. Шырайлы болып көріну – мұсылмандардың бір-біріне деген сүйіспеншілікті оятады. Абдулла ибн Сәләм (р.а.) риуаят етеді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жұма күні мінбарға тұрып: «Егер жұма күні үшін күнделікті жұмыс киімнен басқа тағы екі киім сатып алғандарыңда, сол жақсы болатын еді», – дегенін естідім»[5].

5. Жұма намазын оқу үшін мешітке ертерек барған абзал. Ерте барған адам құлшылғын ерте бастайды: тәспі тартып, зікір айтады, қаза немесе қосымша намаздарын оқиды, уағыз тыңдайды. Оның сауабы да молырақ болады.

Әбу Һұрайра (р.а.) былай риуаят етеді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жұма күні мешіттің әрбір есігінде періштелер тұрып, мешітке келген намазхандарды жазып отырады. Жұмаға ерте келген адам құрбандыққа түйе сойғанның сауабын алады. Кейін келген сиыр құрбандық еткеннiң сауабын алады. Үшiншi келген адам қой құрбандық еткеннiң сауабын алады. Төртiншi келген адам бiр тауық сойғанның сауабын алады. Бесінші келген адам жұмыртқа садақа еткеннің сауабын алады.Мешіт имамы келген уақытта періштелер амал кітаптарын жауып, имамның сөзін (уағызын) тыңдауға өтеді»[6].

Мешіт имамы құтпа үшін мінбарға шықпай тұрып, ерте келген адамдарға қосымша сауаптар жазылады. Осы уақыттан кейiн келгендерге тек намаздың ғана сауабы беріледі.

Алғашқы уақыт дегенiмiз – күн шыққанға дейiнгі кез. Екiншi уақыт – күн көтерiлгенге дейiнгі шақ. Үшiншi уақыт – аяқ табандары күйгенге дейiнгі мезгіл. Төртiншi және бесiншi уақыт – сәскеден кейiн түс ауғанша. Бұл екеуiнде сауап азырақ.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үш нәрсе бар. Егер адамдар бұл үш нәрсенiң сауабы қаншалықты екенiн бiлсе, олар сауап iздеп, түйенiң желгенiндей жүгiрер едi. Бiрiншiсi – азан айту, екiншiсi – алдыңғы сапта тұру, үшiншiсi – жұмаға ерте бару», – деп хабар береді. Ахмад ибн Ханбал: «Бұлардың ең ұлығы – жұмаға ерте бару», – деген екен.

Ғұламаларымыз айтады: «Жұма күнi болғанда перiштелер мешiттердiң есiгiнiң алдында тұрып, келгендерді келгендей жазып отырады. Егер бiр кiсi жұма намазына кеш қалатын болса, перiштелер осы кiсi жайлы: «Пәленше неге өз уақытынан кешiктi екен?» – деп сұрап: «Ей, Жаратқан Иемiз, егер ол пенденің жұмаға келуiне кедейшілік кедергi еткен болса, оны бай қыл. Егер науқас болса, шипа бер. Басына бiр iс түскен болса, мүшкілін жеңіл ет. Ниет-ойын пайдасыз дүние iсі улаған болса, оның жүрегiн Өзiңе бұр», – деп дұға етіп, истиғфар айтады».

Сахабалардың кезінде жұманың алғашқы уақыты сәре уақыты деп, таң атпай мұсылмандар мешітке барып алады екен. Ибн Масғуд (р.а.) жұма күндердің бірінде үйінен ерте шығып мешiтке барса, үш кiсi одан бұрын келген екен. Сол кезде ибн Масъуд өзiне өзi кейіп: «Төрт адамның төртiншiсi болдың, ә?» – дептi.

6. Жұма намазына барған адам мешіт әдептерін сақтауы тиіс. Яғни, дүние сөзін сөйлемейді, тыныш отырып, имамның уағызын тыңдайды, адамдардың үстiнен аттап өтпейді. Бұл жайында Әбу Һұрайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім жақсылап дәрет алып, жұма намазына барса, мешітте имамға жақын отырса, оның уағызын тыңдаса, бос сөз сөйлемесе, ол адамның осы жұма мен алдынғы жұма арасындағы және қосымша үш күндік күнәлары кешіріледі. Кімде-кім алдында (жайнамазда) жатқан ұсақ тастарды теріп алса, ол адам сауап іс істепті»[7], – деген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жұма күнi құтпа оқып тұрғанда бiр кiсiнiң адамдардың үстiнен аттап келiп отырғанын көредi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жұма намазды оқып болғаннан кейiн анау кiсiге: «Ей, пәленше! Бүгін неге сен бізбен бірге намаз оқымадың ғой», – дейдi. Ол: «Намаз оқыдым ғой», – деп жауап береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бiз сенiң адамдардың үстінен аттап бара жатқаныңды көрмедiк пе?!» – деп, оның жақсы iс істемегеніне ишара етеді. Мешiтте отырған жамағаттың үстiнен аттап өту – үлкен айып әрі оларды құрметтемеу болып саналады.

7. Жұма намазы төрт рәкағат сүннет, екі рәкағат парыз және төрт рәкағат сүннет етіп оқылады. Омар (р.а.): «Жұма намазы екі рәкағат. Ораза айт намазы екі рәкағат. Құрбан айт намазы екі рәкағат. Сапар намазы екі рәкағат. Түгелі осы, қысқармайды. Бұл Мұхаммедтің (с.ғ.с.) айтқаны бойынша»[8], – деді. Бұл хадисте айтылған жұманың екі рәкағат намазы парыз.

Абдулла ибн Масъудтан (р.а.) риуаят етіледі: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жұма намазының парызынан алдын төрт рәкағат және парызынан соң төрт рәкағат намаз оқитын еді»[9]. Бұл төрт рәкағат сүннет.

[1] Нәсәи.
[2] Бұхари, Муслим.
[3] Әбу Дәуід, Тирмизи.
[4] Бұхари.
[5] Ибн Мәжә, Әбу Дәуід.
[6] Бұхари, Муслим.
[7] Муслим, Тирмизи.
[8] Нәсәи, Ахмад, Ибн Мәжә
[9] Тирмизи
 

материал «Жұма мінбері» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: