Қонақты үйге кірген сәттен жылы жүз, сәлем, ілтипат көрсету – әдептің бастауы.
Әбу Қатада (Алла оған разы болсын) мына бір оқиғаны жеткізеді: Нәжаши жіберген елші Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келгенде, Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларды өзі күтіп, қызмет көрсетті. Сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі, біз-ақ қызмет етейік», – дегенде, Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жоқ, олар сахабаларыма құрмет көрсеткен еді, мен сол құрметті қайтарғым келеді», – деді.
Қонақты құрметтеудің кемелдігі – кірерде де, шығарда да жылы жүз танытып, көркем сөз сөйлеу. Әузағиден (Алла оны рақмына алсын): «Қонақты құрметтеу деген не?» – деп сұрағанда, Ол: «Жылы жүз бен жағымды сөз», – деп жауап берген.
Ал Язид ибн Әбу Зияд: «Мен Абдуррахман ибн Әби Ләйләнің үйіне кірген сайын, ол бізге жылы әңгіме айтып, дәмді ас ұсынатын», – деген.
Қонақ күтудің соңғы, бірақ ең маңызды әдептерінің бірі – келген қонақты шығарып салу. Исламда қонақты есікке дейін шығарып салу – сүннет. Бұл амал қонаққа көрсетілген құрметтің толықтығын білдіреді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Расында қонақпен бірге ауланың есігіне дейін шығу – сүннет амал», – деген (имам Бәйһақи).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қонақты жылы жүзбен қарсы алып, оны ризашылықпен шығарып салған. Қазақ дәстүрінде де «қонақты аттандыру» айрықша мәнге ие: үй иесі ақ жол тілеп, батасын беріп, разы көңілмен қоштасқан. Қонақтың көңілі тоқ, жүрегі жай тауып қайтуы – үй иесінің көркем мінезі мен жомарттығының белгісі.
материал «Ислам әдептерінің энциклопедиясы» кітабынан алынды,
ummet.kz