Хадис шәріпте: «Білімді талап ету – әрбір мұсылманға парыз», – деп, білім алудың әрбір ер және әйел мұсылманға міндет екенін айтқан (имам Ибн Мәжа).
Адам баласы алған білімін қанағат тұтып тоқтап қалмай, өмірбақи ізденіп, даму үстінде болуы қажет. Сол себепті де бұрынғы өткен даналар: «Екі адам тоймайды. Бірі – дүние іздеген адам, ал екіншісі – білім іздеген адам», – деген. Халқымыздың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытов:
Оқу, білім – жанған шырақ, ойласаң.
Үйренерсің, іздеп көрсең, қоймасаң.
Қу өнерді, бу беліңді, жігер сал,
Пайда аларсың, қаужанарсың, тоймасаң, – деген.
Төрт мәзһаб ғалымдарының бірі имам Ахмадтың қолына қалам мен сия сауыт ұстап, өз заманындағы бір ғалымның дәрісінен шығып келе жатқанын бір кісі байқап қалып: «Уа, Құрметті имам! Сіз білімнің шыңына жеттіңіз емес пе? Әлі күнге дейін бір қолыңызға қалам, бір қолыңызға сия сауыт ұстап жүргеніңіз қалай?» – деп таңданып сұрайды. Сонда имам: «Мен бұл сиясауытты қабірге барғанға дейін арқалап жүремін», – деп жауап қатқан екен.
материал «Ілімнің артықшылықтары» кітабынан алынды,
ummet.kz