11
Сәрсенбі,
Наурыз

һижри

Өмірдің барлық кезеңінде мына Құрани қағиданы ұстан

Өмірдің барлық кезеңінде мына Құрани қағиданы ұстан

Ислам тарихы

Сынақты адамды өшіретін емес, өсіретін мүмкіндік ретінде қабылдайтын жандар сынақтан сынбай өтеді. Ондай жандар қиындықты мехнәт емес, нығмет деп қабылдайды. Бақыттан алшақтатушы емес, нағыз бақытқа жақындаудың мүмкіндігі ретінде көреді.

Әрбір қиындықтан кейін келер жеңілдіктің жақын екенін әрі ұшантеңіз пайдасын ала келерін біледі, сабырмен күтеді. Разылыққа ғалымдарымыздың көбісі былай анықтама береді: «Разылық – жүректің Раббысының таңдауынан тыныштық табуы. Тағдырдың тұздылығын өмірінің тұздығы ретінде қабылдауы. Барлық жағдайды Аллаға өзін толықтай тапсырған күйінде қабыл алуы».

Тағдырға разы болуды қиындықтарға беріле салу деп түсінбеу керекпіз. Ол – қолдан келген себептерді жасап, нәтижесін Аллаға қалдыру. Алланың арнайы бөліп бергеніне разы болу адамды рухани бай етеді. Ашу-ызадан аулақ қылады. Қандай жағдай болмасын, үміт есіктерінің ашық екенін көрсетіп тұрады. Күнімізде байлық туралы көп айтылады, талқыланады, оған түрлі анықтамалар беріледі. Бірақ нағыз байлықтың не нәрсе екенін көпшілік біле бермейді. Сәйкесінше, олар байлық деп басқа нәрсені есептеп, оған жаппай ұмтылады.

Нәтижесінде ойларындағы байлыққа қолдары жетеді. Бірақ кедей қалпында қала береді. Себебі олар талпынған байлық шынайы кедейліктен алып шықпайтын еді. «Ол күні мал да, балалар да пайда бермейді. Бірақ кім Аллаға сау жүрекпен келсе ғана пайда береді» ("Шуғара", 88- 89).

Яғни екі дүниеге де пайда беретін нағыз байлық – таза жүрек. Ал жүрек қашан таза болады? Өміріне разы болып, ешбір жағдайға налымағанда ғана. Негізінде емханада емделіп, төсегінен тұра алмай жатқан адамдардың жанында бір сәт болып, зиярат ету талайлаған бақытсызды бақытты қылады. Басындағы бақты көрмейтін көкірегі соқырдың көзін ашады. Тәубесіне келтіреді. Разылық – дүние өміріндегі бақыттың есігі. Өмірімізді бақытты өткеруіміз үшін өмірдің барлық кезеңдерінде мына Құрани қағиданы ұстанумыз қажет. Ол – «Саған бергендерімді ал да, шүкіршілік етушілерден бол» аяты ("Әғраф", 144).

Алланың саған берген нығметтерін ал да, шүкір етушілерден бол. Алланың әмір еткен міндеттемелерін қабылда да, шүкір етушілерден бол. Алланың берген сынағын да лайықты түрде қабылдап, шүкір етушілерден бол. Шүкір ет те, разылыққа толы өмірден ләззат ал.

материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: