Ислам дінінде позитив болудың маңызы өте зор. Мұсылман адам әркез позитив болу арқылы айналасындағы қоғамды да сондай көзқарасқа шақырады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Қиямет басталған сәтте әлдебіреуің ағаш отырғызып жатқан болса, оны (тастап кетпей) отырғызсын» (Ахмад, Бұхари) дейді. Бұл хадистен мұсылманның қаншалықты позитив болу керектігі сипатталған. Ол қиямет басталып, өмірімінің ең соңғы сәті тақап қалса да, бастаған ісін соңына дейін жеткізуге бұйырылған. Шынайы көшбасшының қандай қиын жағдай болса да мойымай, болашақта Алла Тағаладан тек қайыр-жақсылық үміт етіп, өзгелерге күш-жігер сыйлай білуі өте маңызды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден өткені жайындағы хабар сахабаларға өте ауыр тиген еді. Өз құлағына өзі сенбей, талып құлап жатқандар болған. Алайда Әбу Бәкір сол кезде нағыз көшбасшының ісін жасады: «Әй, адамдар! Егер араларыңда Мұхаммедке құлшылық еткендер бар болса, біліңдер, Мұхаммед дүниеден өтті! Кімде-кім Алла Тағалаға құлшылық қылған болса, Ол тірі, мәңгілік өлмейді. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Мұхаммед бір елші ғана, одан бұрын да елшілер өткен. Ал сонда ол өлсе не өлтірілсе, кері қайтып кетесіңдер ме?» – дейді» («Әли Ғымран» сүресі, 144-аят). Осы кезде айналасына жиналған адамдар бұл аятты жаңадан естіп тұрғандай болып, есін жияды.
Позитив көшбасшының бойынан табылатын сипаттар төмендегідей. Біріншісі, жымию. Шынайы көңілізбен жымисаңыз, өзге адам мен араңыздағы бөгет алынып, көңіліне жылылық ұялап, сіздің оған деген құрметіңізді сезініп, ол да сізді құрметтейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Бауырыңның жүзіне қарап жымиюың – садақа», – деген (Тирмизи). Ендеше өзара бауырмашылықтың артуына себеп болатын әрі садақа берумен сауабы пара-пар болған мұндай іске ешқашан бей-жай қарауға болмайды. Әбу Зар (оған Алла разы болсын) «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) маған: «Еш уақытта (шариғаттың) жақсылық деп таныған ісіңе немқұрайлылық танытушы болма, тіпті бауырыңды күлімдеп қарсы алу тұрғысында болса да»,– деді», – деген хадисті жеткізген (Мүслим, Тирмизи).
Екіншісі, жасаған жақсылық үшін ешкімнен алғыс, рахмет күтпеу. Біз жақсылығымызды Алла разылығы үшін істейтін болғандықтан, ол үшін ешкімнен алғыс, рахмет күтпеуіміз керек. Әлдекімге жақсылығымыз тиіп, ол рахмет айтпаса ренжу мұсылманға тән іс емес. Адамның ұмытшақтығын ескеріп, үзірін қабыл етіп үйренген жөн. Ең бастысы Алла разылығы үшін жасалған амалдың сыйы Алладан екенін естен шығармау қажет. Қасиетті Құранда Алла Тағала жәннаттық құлдарын: «Олар: «Шын мәнінде сендерді Алланың ризалығы үшін тамақтандырамыз. Сендерден бір төлеу, алғыс тілемейміз» (дейді)», – деп сипаттаған («Инсан» сүресі, 9-аят). Алайда рахмет күтпеу деген ешкімге рахмет айтпау керек дегенді білдірмейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кім адамдарға шүкірлік етпесе, Аллаға да шүкірлік етпеген болады»,–дейді (Әбу Дауд, Ахмад).
Үшіншісі, сынаққа сабыр ету. Суһайбтан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Мүмін адамның жағдайына таң қаласың! Шындығында, оның кез-келген ісінде хайыр бар, әрі бұл мүміннен басқа ешкімге берілмеген. Егер оған бір жақсылық келсе, ол Аллаға шүкірлік айтады және оның сол айтқанында қайыр бар, ал егер оған бір қайғы келсе, ол оған сабыр етеді, оның бұл ісі де өзіне қайыр болып оралады» (Мүслим).
материал «Ислам әдептерінің энциклопедиясы» кітабынан алынды,
ummet.kz