Қарыз – берсең сауап, алсаң аманат болып жазылатын дүние. Қарыз беруші мен оны алушы өзара қарыз арқылы алыс-беріс болғандығын қағазға түсіріп, жазғаны дұрыс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 282-аятында:
Жаратқан Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Егер белгілі бір мерзімге дейін бір-біріңе қарыз бергенде, оны жазып қойыңдар. Араларыңда бір хатшы әділдікпен жазсын. Сондай-ақ хатшы Алланың оған үйретуі бойынша жазудан бас тартпасын. Борышты кісі хатшыға жаздырсын. Ол Раббысы Алладан қорықсын әрі қарызынан ешнәрсені кемітпей толық жаздырсын», – деп айтқан.
Мән берер болсақ, бұл аятта мың жарым жыл бұрын қазіргі нотариустардың атқаратын қызметі бұйырылған. Қарызды жазу мәселесінде екі адамды куәгер етіп, берілген қарыздың құнымен қайтарылатын уақыты жазылуы қажет. Егер қарыз алушы адам қағазға өзі жаза алмайтын болса, жазатын адамға өз аузымен айтып тұруы шарт. Ал егер ол ауру не басқа да себептермен айтып тұра алмаса, оның орнына қамқоршысы айтуы керек. Қарыз берілгеніне екі ер адам куәгер болады. Егер екі ер болмаса, бір ер екі әйел куәлік етуіне рұқсат.
Аяттың жалғасында: «Егер мойнында қарызы бар адам жарымес немесе есі кірмеген жас бала яки өзі айтып бере алмайтын болса, оның қамқоршысы әділдіктен таймай (қолхат мәтінін) айтып жаздырсын. Сондай-ақ еркектеріңнен екі айғақ қойыңдар. Егер екі еркек табылмаса, онда өздерің сенімді деп білген айғақтардан бір еркек екі әйел болады. Егер екеуінің бірі жаңылса, екіншісі оның есіне салады. Куәгерлер куәға шақырылған сәтте (куә болудан) бас тартпасын», – деп айтылған.
Қарыз беруші қарыз алушыдан қайтарылатын уақытқа дейін кепілдікке қандайда бір затты талап ете алады. Белгіленген уақыт толғанда, қарыз алушы оны (яғни қаражатты) қайтарудан бас тартса, кепілдікке берілген зат сатылып, оның ақшасы қарыздың ақшасын жабуға жұмсалады. Егер сатылған заттан қарызды жабудан бөлек артық ақша қалып қойса, қарыз алушыға қайтарылады.
Қарыздың жазылмауы, куәгерлердің болмауы, кепілдік зат алынбауы күнә деп танылмайды. Өйткені қарызды бұлайша жазу міндет емес, мустахаб амалға жатады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 283-аятында: «Ал егер бір-біріңе кәміл сенсеңдер (заттай алуды қажет деп таппасаңдар), сенімге кірген адам мойнындағы аманатын уақытында қайтарсын. Сондай-ақ (әне-міне деп уақытынан кешіктіруден) Раббы Аллаға қарсы келуден қорықсын», – деген.
Бірақ, қарызды қағазға түсіру адамдардың ақыларының сақталуына, қарызы бар екендігін ұмытпауына, оған аманат деп қарап, өзінің борышты екендігін, белгілі мерзімде қайтаруы тиіс екендігін әркез есте ұстауға септігін тигізеді.
материал «Ислам әдептерінің энциклопедиясы» кітабынан алынды,
ummet.kz