Жақсылық жасауға ең лайықты болған жандар – ата-ана. Алла Тағала Құранның бірнеше жерінде оларға ең көркем түрде жақсылық жасауға бұйырған:
«Адам баласына әке-шешесіне жақсылық істеуді өсиет қылдық» («Ахқаф» сүресі, 15-аят), «Алла Тағалаға құлшылық қылыңдар. Оған ешнәрсені ортақ қоспаңдар. Және әке-шешеге жақсылық қылыңдар» («Ниса» сүресі, 36-аят).
Аятта Алла Тағалаға ешбір серік қоспай, құлшылық жасау керектігі жөнінде айтылғаннан кейін екінші орында ата-анаға жақсылық жасаудың бұйырылуы – ата-анаға жақсылық жасаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Ата-ананың жасы ұлғайған сайын оларға қатысты атқаратын міндеттеріміз де көбейе түспек. Абдулла ибн Омардан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте үш адам үңгірге кіріп, үңгір аузын тас жауып қалатыны айтылады. Сонда әрқайсысы өзінің ең бір ізгі амалын айтып, Алла Тағалаға дұға қылып, сол бір ізгі амалының құрметі үшін құтқаруын сұрап жалбарынады.
Сонда алғашқы кісі: «Уа, Алла, менің қартайған ата-аналарым бар еді. Мен кешке оларға сүт бермейінше, үй ішіндегілерге де, құлдарға да сүт бермейтінмін. Бірде мен ағаштарды іздеп жүріп үйден алысқа кетіп қалыппын, үйге қайтып келсем, олар ұйықтап қалған екен. Мен сүт сауып болған соң, олардың ұйықтап жатқанын көріп, оларды оятқым келмеді. Олардан бұрын үй іші мен құлдарға да сүт беруді қаламадым. Осылайша мен қолымдағы ыдысты ұстап таң атқанша олардың оянғанын күтіп тұрдым. Осы аралықта аяғымның жанында балаларым қарындары ашып жылап жатты. Сосын менің ата-анам оянып, кешкі асын ішті. Уа, Алла! Егер осының бәрін мен Сенің разылығың үшін істеген болсам, бізді осы тастың кесірінен болған жайымыздан құтқар!», – деді. Осыдан кейін тас орнынан кішкене қозғалды», – делінген (Бұхари, Мүслим, Ахмад, Әбу Дәуіт).
Бұл хадисте қарт ата-анаға жәрдемдесудің артықшылығы баян етіледі. Демек бар күш-жігерін бала-шағасының қамы үшін жұмсаған ата-анаға құрмет көрсетіп, олардың қартайған шағында қажетінде болу, көркем мәміле жасау – әрбір перзенттің міндеті.
материал «Ислам әдептерінің энциклопедиясы» кітабынан алынды,
ummet.kz