Көңілі иләһи көрініс халіне жеткендер хақында Ибн Омардың (радиаллаһу анһу) Қағбаға арнап айтқан мына сөздері мәнді: «Сен қандай ұлықсың, ей, Қағба! Сенің атағың қандай ұлық. Бірақ, шынайы мүминнің Алла алдындағы абыройы сенен де үстем» (Тирмизи, Бирр 85).
Жүрек - иманның орны. Кәміл мүминнің жүрегінің Қағбадан абзал екендігі Ибн Омардың (радиаллаһу анһу) сөзінен де түсінікті болады.
Сондай-ақ Хазіреті Мәулана осы ақиқатты құптағандай, былай деген: «Егер сенде көрегенділік бар болса, көңіл Қағбасын тауап ет! Топырақтан жасалған деп ойлаған Қағбаның негізгі мағынасы - көңіл».
«Алла Тағала көрінетін, білінетін Қағбаны тауаф етуді, күнәлардан тазарған, арылған көңіл Қағбасына жетсін деп, саған парыз қылған».
«Сен мынаны жақсы біл, Алланың көрініс орны болған көңілді қалдырсаң, ренжітсең, Қағбаға жаяу барсаң да, тапқан сауабың көңіл қалдырудың күнәсына тең келмейді».
Абдулқадир Гейлани (құддисә сирруһ) Хазіреті осы ұлылықтың шартын былай жеткізеді: «Көңіл тек күнәлардан арылған мағрифатуллаһ талаптанушыларына ғана Қағба болады».
Бұл жайлы Исмайл Хаққы Бурсауи де былай дейді: «Жүрекке кірген адам Қағбаға кірген адамнан жоғары. Сол себептен салих құлдарға және Аллаһ достарына: «Бізді де көңілдеріңізден шығармаңыздар.» дейді, осылайша фәйз сұрап, химмет (көмек) талап қылады».
Имам Раббани (құддисә сирруһ) Хазіреті адамның «кішкене әлем» екендігін былай баяндайды: «Адам - әлемнің кішірейтілген жиынтығы. Сол себепті әлемдегі барлық нәрсенің үлгісі адамда бар». Бұл, жоғарыда бірнеше рет айтқанымыздай, адамның «жақсылық» пен «жамандық» сияқты екі жақтылығына ишарат. Діннің бұйрықтары және солармен қатар тасаввуфи тәрбиенің мақсаты - жамандыққа бейімдікті мүмкіндігінше жойып, адам бойында жақсылықтың басымдығын қамтамасыз ету.
Сол үшін иләһи бұйрықтарға мойынсұнуда барлық мүшелерді қолдану керек. Алайда, бұл жөнінде жүрекпен байланысты амалдар мен жаттығулар барлық нәрседен де маңызды. Өйткені, сезімнің орталығы жүрек - ойлауға, ойлау болса - ерікке бағдар
Жүрек ерік алдында ең тәуелсіз мүше. Оның иләһи әмірлер бойынша орнықтырылуы басқа мүшелерден маңызды, әрі қиын. Жоғарыда науқас жүректер үшін айтылған емдеу жолының қиындықтары бұл жәйтті дәлелдеу үшін жеткілікті. Бірақ, қол жеткізілген әрбір нәтиженің мәні оған жету үшін жұмсалған қиыншылықтарға қарай болғандықтан, жүректің бақылауға алынуының да Құдай алдындағы мәні өте зор. Бұған қол жеткізгендерге Алла Тағаланың періштелік, тіпті, кейде одан да жоғары қасиеттер сыйлауы осы хикметке байланысты. Жүрек және оның рухани жаратылысының атауы - көңіл. Адамның бақыт пен амандыққа қол жеткізуінде соншама маңызды болған жүректі, көңілді ренжіту барлық тасаууфшылар көзқарасы бойынша үлкен қылмыс болып саналады.
Сондықтан Хазіреті Мәулана көңіл қалдырғандарға былай ескертеді: «Сенің бір сабан сияқты елемеген, қалдырған көңілің ғарыштан да жоғары. Күрсиден де, Ләухтан да, Қаламнан да маңызды! Қор болса да көңілді кемсітпе! Ол қор болса да ең жоғары мәртебеде. Қалған көңіл - Алла назар салған көңіл. Оны аулап, көтерген жан қандай мүбәрәк. Қалған, екі жүз бөлікке бөлінген көңілді дұрыстау Алла алдында көптеген жақсылықтардан да үстем. Үндеме! Бір басыңда екі жүз тіл болып, сонымен айтсаң да көңілді сонда да түсіндіре алмас».
Жүрек адам бойындағы сұлтандық орынға ие болғандықтан, иләһи көрініс арнасы ретінде таңдалған. Сондай-ақ, жоғарыда басқа себептермен тоқталғанымыз сияқты, иманның қабыл болуы үшін «жүрекпен мақұлдау» шарты қойылған. Аят кәримада уахиды қабылдайтын ой орталығы болған ми емес, сезім орталығы болған жүрек екендігі баяндалады. Аят кәримада былай делінген: «(Ей, Расулым!), Ескертуші болсын деп Рухұл әмин (Жәбірейіл) оны (Құранды) анық Араб тілінде, Сенің жүрегіңе түсірді» («Шұғара» сүресі 193-195 аяттар).
Жүрек тәрбиесіне қол жеткізу барлық басқа істердегідей, адамның жігеріне Алланың көмегі, сыйы мен жәрдемі арқылы болады. Өйткені адамның қажыры мен салих амалдары рухани арнаны құрастырғанымен, иләһи сыйлар мен көмектерді тартатын ерекше дәнекер іспеттес. Сондықтан құл осы жолға түскен жағдайда Алланың көмегі мен сыйынан үміт етуі керек. Сол иләһи көмектер аз не көпті қалайда оны бір мәртебеге жеткізетіндіктен қашанда болса табысқа жеткізері шындық. Сондықтан Алла Тағаланың құлына сый мен көмек беру үшін құлынан күткен қажыр – қайраты өз мүмкіндігінше жарыққа шығуы қажет.
материал «Иманнан ихсанға» кітабынан алынды,
ummet.kz