26
Жексенбі,
Сәуір

һижри

Барлық ісіңде Алла Тағаладан қорқатын кісілермен кеңес

Барлық ісіңде Алла Тағаладан қорқатын кісілермен кеңес

Ислам тарихы

Ұстаз таңдағанда да ең білімді, аса тақуа және жасы үлкен ұстазға бару қажет. Әбу Ханифа (р.а.) ұстазы Хаммад ибн Сулайманға (р.а.) барарда көп ойланып барып бір-ақ таңдаған.

Имам Ағзам өз ұстазы жайлы: «Мен оның жасы үлкен, салмақты, жұмсақ әрі сабырлы екенін көрдім. Ақырында сол кісінің тәрбиесімен ер жеттім», – дейді. Пайғамбардан (с.ғ.с.) асқан парасатты жан жоқ болғанына қарамастан Алла тағала о елшісіне де кеңесуді әмір еткен. Сондықтан Расулаллаһ өз са- хабаларымен барлық істе, тіпті отбасы мәселесінде де кеңесуші еді. Әли (р.а.): «Кеңескен кісі кемімейді», – деген екен.

Адамдар кемел кісі, жарты кісі және жоқ кісі болып үшке бөлінеді. Кемел адам – өзінің дұрыс ойы бар және жұртпен де кеңесетін адам. Жарты адам – дұрыс ойы бар, бірақ кеңеспейтін адам. Ал жоқ кісі – өзінің дұрыс ойы да жоқ және ешкіммен кеңеспейтін адам.

Жағфар Садық (р.а.) Суфиян Сауриге: «Барлық ісінде Алла тағаладан қорқатын кісілермен кеңес», – деп өсиет еткен екен. Ал білім алу – амалдардың ең үлкені әрі жауаптысы. Сондықтан бұл мәселеде кеңесу өте маңызды. Хәкім: «Егер Бұхараға барсаң, әр имамдарды (ұстаздарды) мазалауға асықпа! Екі ай күтіп, нақты бір ұстазды таңдағанша ойлан. Егер сен бір ғалымға барып, сабақ бастасаң, саған оның дәрісі ұнамай қалуы мүмкін. Сосын оны тастап, басқа бір ұстаздың қолына барасың, бірақ саған бұлай ұстаз ауыстыра беру береке бермейді. Ұстаз таңдауда екі ай ойлан және кеңес. Сонда ұстазды тәрк етуге және басқаға кетуге мәжбүр болмайсың. Осылай етсең, оқуың берекелі болып, біліміңнен көп пайдаланасың. Сабырлық пен табандылық барлық істің үлкен негізі екенін білгенің жөн», – деген екен.

Әр биікке ұмтылуға әрекет керек екен,

болсын десең берекет.

Адам үшін табандылық қиын ғой,

Табансыздық қашан-дағы пәлекет, – деп айтылғандай, білім жолы оңай емес.

«Батылдық – бір сәттік сабырлық» деген сөз бар. Сондықтан білім алушы бір ұстаздың қолында сабырлық пен табандылық көрсетіп, кітапты аяқсыз қалдырмай, бірінші пәнді толық тәмамдамай екінші пәнмен айналыспауы керек. Сондай-ақ оқып жүрген қаласынан екінші қалаға қажетсіз көшпеуі тиіс. Мұның
барлығы істің ара-жігін ажыратып, ақыл ойды мазалап, уақытты босқа өткізіп, мұғалімнің көңілін қалдырады. Сондықтан шәкірт нәпсі мен құмарлық қалауына қарсы сабырлық танытуы шарт.

материал «Тәлімгер тағылымы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: