22
Жұма,
Қараша

һижри

Алғашқы азан

Алғашқы азан

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Хижреттің алғашқы жылы … Меккеде мұсылмандар мүшріктердің қаупінен сақтанып, әрі кесімді бұйрық болмаған соң ғибадаттарын жасырын жасайтын. Үйге, тау-тастың қалқасына тығылып, сырт көзден тасаланып намаз оқитын. Сол себепті намазға жар салып шақыру жайы ешкімнің өңі түгіл, түсіне де кірмеген-ді.

Ал Мәдинада шарттар мүлде өзгеше, діни қысым атымен жоқ, мұсылмандар жайбарақат намаз оқып, Құран оқитын болды. Зұлымдықтан, азап пен қорлаудан арылып, емін-еркін Исламның шарттарын орындайтын болған. Пайғамбар мешіті де тұрғызылды. Алайда мұсылмандарды намаз уақыты кіргенде бір жерге жинайтын шақыру үрдісінің жоқтығы білініп, қажеттігі күн тәртібіне қойылды. Мұсылмандардың бір тобы мешітке ерте келіп, намаз уақытының болуын сарыла күтетін. Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларын жинап, мәжіліс шақырды. Мұндағы негізгі мәселе – намазға шақырудың белгілі бір тәртібін қалыптастыру. Сахабалардың кейбіреулері христиандар сияқты қоңырау соғуды, енді біреулер яһудилерге еліктеп керней тартуды, үшіншілері намаз уақыты кіргенде мәжусилер сынды от жағып биік төбенің басынан белгі беруді ұсынды. Расулулла бұл ұсыныстардың ешбірін құптамады.

Хазіреті Омар тұрып: «Уа, Расулулла! Халықты намазға шақырушы етіп біреуді сайлап қойсақ қайтеді?» - деді. Мұхаммед (с.ғ.с.) Хазіреті Омардың ойын құптап сол жерде Хазіреті Біләлге:  «Уа, Біләл! Орныңнан тұрып, ел-жұртты намазға шақыр!» - деп бұйырады. Біраз уақытқа дейін Хазіреті Біләл намаз уақытында Мәдина көшелерін «Намазға! Намазға келіңдер!» деп жар салып, аралап шығатын.

Хазіреті Біләл намазға шақырушы боп тағайындалған соң арадан бірнеше күн өткенде Абдуллаһ ибн Зәйд түс көреді. Түсінде оған азанды қайтіп шақыру керектігі үйретіледі. Абдуллаһ таң атар-атпастан қуанышы қойнына сыймай келіп, көрген түсін Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) бүге-шігесіне дейін баяндап береді. Хазіреті Мұхаммед те (с.ғ.с.) тыңдап болған соң: «Бұл түсте шындық бар», - деп азан шақыруды дәл сол күйінде қабылдайды. Хазіреті Абдуллаһ Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұйыруымен түсінде аян болған азан айтудың ретін Хазіреті Біләлге (р.а.) үйретеді. Сол сәтті асыға күткендейін, Хазіреті Біләлдің асқақ та айбарлы дауысы Мәдина көкжиектеріне ұласып жатты.

Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар

Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар

Әшһәду әл-лә иләһә иллә Аллаһ

Әшһәду әл-лә иләһә иллә Аллаһ

Әшһаду әннә Мухаммадар-Расулулла

Әшһаду әннә Мухаммадар-Расулулла

Хайиа а’лас-салаһ Хайиа а’лас-салаһ

Хайиа а’лал-фәлах Хайиа а’лал-фәлах

Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар

Лә иләһә иллә Аллаһ

Мәдинаны баураған азанның асқақ дауысын естіген Хазіреті Омар (р.а.) өз құлағына өзі сенбей, Алла Елшісімен кездесуге асықты. Болған жайтты естігенде көзі жайнап сала берген ол: «Уа, Расулулла! Алланың атымен ант іше отырып айтайын, мен де бүгін түнде дәл Абдуллаһтың көргенін түсімде көрдім»,-деді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұның тегін еместігін аңдап, Аллаға шүкіршілік қылды.

Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды.

Ummet.kz

Бөлісу: