22
Жұма,
Қараша

һижри

Суффадағы сахабалар

Суффадағы сахабалар

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Пайғамбар мешіті тәмамдалғанмен, құбыла – Қағба болып бекітілмеген тұс. Мешіттің солтүстік жақ қабырғасына жапсарлас құрма ағаштарынан кәдімгі қосқа ұқсас баспана жасалады. Баспана араб тілінде суффа аталып, тұрғындары суффа сахабалары делінеді.

Қасиетті мешіттің суффасында тұратын сахабалардың Мәдинада өздерінен өзге не жақынжуығы, не туыс-туғаны, не дүние-мүлкі жоқ еді. Олардың мақсаттары – бауырдан ұзақ, дүниенің бітпейтін күйбеңінен қашықтап, тек Алла ырзалығы үшін ілім-білім үйреніп, Құран жаттап, Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дәрістерін тыңдау ғана. Жай күндері де ораза тұтатын. Күндіз-түні бар уақыттарын Ислам тағылымын алуға арнап, пайғамбарлар сәруарының аузынан шыққан әрбір сөзді, Оның әрбір әрекетін жадында сақтауға тырысатын. Жан-жақты біліммен қаруланған соң мұсылман руларды аралап жүріп Құран үйретіп, ардақты Пайғамбарымыздың сүннеттерін баяндауды өздеріне борыш санайтын.

Діндарлықтарымен, Алланың ақ жолына жан-тәнімен берілгендіктерімен танылған оларды халық «қурра» – Құран ілімін таратушылар атандырады. Қарапайым ғана лашықтары «дарул қурра» – қурралардың үйі деп аталып кетеді. Жалпы саны 400-500-дей болған бұл кішіпейіл, рухы биік жандар бүкіл ғұмырларын Құран мен сүннетті үйренуге, оны таратуға арнаған. Олар қажет жағдайда Ислам жеңісі үшін шайқастарға да қатысқан. Үйленіп, шаңырақ көтергендері суффадан шығатын да, орнына басқа шәкірт алынатын. Саудамен не басқадай өнермен шұғылданбағандықтан, ішіп-жем, мұқтаждықтары Алла Расулы мен дәулетті сахабалар тарапынан өтелетін.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерін ең көп жаттап, кейінгілерге жеткізгендердің бірі - Әбу Һурайра (р.а.) да осы суффаның түлегі. «Менің көп хадисті жатқа білгендігіме таңырқамаңыздар. Өйткені муһажир бауырларым базарда саудамен, әнсарлар бақшадағы істерімен шұғылданған шақта мен Пайғамбарымыздың насихаттарын тыңдап, жаттаумен айналыстым»,- деуі – осының дәлелі.

Алла Расулы суффа асхабының тәлім-тәрбиесімен қатар, материалдық мұқтаждықтарын да өтеуге тікелей бас-көз болатын. Үнемі олармен сұхбаттасып, жеке мәселелерінде де жәрдемін аямайтын.. Сұхбаттарында: «Егер сіздер құдіретті Алланың назарындағы алар орындарыңызды білсеңіздер, жоқшылық пен зәруліктеріңіздің арта түскенін қалар едіңіздер»,- деп оларға өздері айналысып жүрген мәселенің маңыздылығын жиі ескертеді екен. Дүнияуи азапты елең қылмастан жыртық-жамау киімге, өзек жалғар болмашы азыққа разы болып, күні-түні Аллаға ғибадат етуге әбден мойынсұнған сахабаларының жауанмәрттігіне сүйсінген Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.): «Уа, Суффа асхабы, осы мүшкіл халіне қарамастан маған мойынсұнғандар – менің нағыз достарым саналмақ», - дегені де бар.

Пайғамбардың тағы бір қасиеті – өзіне арнайы әкелінген қандай заттың да, мейлі ол тағам немесе бұйым болсын, садақа не сыйлық екенін сұрап алатын. Егер садақа болса, саусағының ұшын да тигізбестен суффадағы сахабаларына жолдайтын да, сыйлық болса оны алып белгілі бір мөлшерін өзіне қалдырып, қалғанынан асхабына үлес айыратын. РасулАлла (с.ғ.с.) өмір жалғанда садақа алған жан емес. Осы орайда, мынадай оқиғаны баяндай кеткенді жөн көрдім. Бірде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір табақ құрма ұсынылады. «Садақа ма бұл, әлде сыйлық па?» -  деп сұрайды РасулАлла(с.ғ.с.), садақа екенін білген соң Суффадағы шәкірттерге апарып беруін өтінеді. Сол мезетте қасында отырған кішкентай немересі Хасан әлгі табаққа қолын созып көз ілеспес жылдамдықпен бір құрманы алып, аузына салып үлгереді. Мұны көрген пайғамбарымыз жылдам қимылдап баланың аузындағы құрманы қолымен алып тастайды да: «Бізге – Мұхаммедке және оның әулетіне садақа жеуге болмайды, ол біз үшін адал саналмайды», - дейді.

Сондай-ақ Бақара сүресінің «Садақа Алла жолында (ілім, жиһад үшін өмірін арнап) отырған кедейлер үшін. Олар бей-берекет жүрмейді (халықтың көзінен тасаланады (қол жайып) сұраудан тартынатындықтан білмейтіндер оларды бай деп қалады. (Ей Расулым!) Оларды бет-жүзін көргеннен-ақ танисың, олар адамдардан еш нәрсе сұрамайды. Пайдаға асатын не берсеңдер де, Алла оны білері күмәнсіз» деген мағынадағы 273-аятында да осы Суффадағы сахабалар туралы айтылады делінген деректерде.

Алла Расулы отбасы, бала-шағасынан бұрын осынау сардар сахабаларының жайын ойлайтын. Бірде пайғамбардың сүйікті қызы Фатима тұрмыстың қиыншылығынан шаршағанын, қол диірменімен ұн тартудың ауыртпалығын айтып қызметші сұрап, әкесіне шағымданады. Сондағы Мұхаммедтің (с.ғ.с.) жауабы да ғибратқа толы: «Қызым-ау, бұ не дегенің? Жатпай-тұрмай суффадағы шәкірттердің мұқтаждықтарын өтей алмай жүрген жоқпын ба? Шағымың орынсыз». Жан-тәнімен Аллатың ақ жолына берілген суффадағы сахабалар сүйікті Пайғамбарымыздың сұхбаттарын бастан-аяқ тыңдап, айтылған уағыз-насихаттарды сөзбе-сөз жаттап, тіпті әрбір әрпіне дейін мүлт жібермей, өзге сахабаларға жеткізетін. Ислами үкімдерді жадында тоқып, кейінгілерге ақтаруда Суффа оқушыларының алатын орны ерекше. Солардың таудай талабы мен қажымас қайратының арқасында Құран нұры аз уақыт аралығында төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріне жайылады.

Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды.

Ummet.kz

Бөлісу: