22
Жұма,
Қараша

һижри

Жаңа кезеңнің басталуы

Жаңа кезеңнің басталуы

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Алла Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) Алланың әмірімен әрекет ететін. Меккеде қанша қастандық, зұлымдыққа кез болса да дұшпанға қарсы шығуға рұқсат берілмеген. Міндеті – иманға шақыру, жүректерге жол табу, ақиқатты жариялау ғана болатын. Мүшріктерден қорғану үшін де шайқасуға Алла тарапынан тыйым салынған. Жалпы Ислам құқығының негізі де сол, адамдар арасындағы түсіністікті, ауызбірлікті сақтау және нығайту, соғысқа мүлде шектен шыққан жағдайда ғана рұқсат етіледі. Бір ата мен бір анадан тараған құлдарына Алланың теңдей қойған құқығы да осы.

Адамдардың ру-тайпаға бөлінуі де ұрпақтарының танылуы, рухани тазалық үшін қажет. Басқа шауып, төске өрлеген жауыз мүшріктердің адам төзгісіз қиянаттарына қарамастан пайғамбар бастаған мұсылмандар сабыр сақтап бақты. Елінен айрылып бөтен жерге ауа көшкен соң да мүшріктермен шайқасуға Алла тарапынан рұқсат берілмеді.

Ислам күн санап Мәдинаны нұрлы шұғыласына бөлеп, Құран шуағы әнсарларды рухани ләззатқа кенелтіп жатты. Дегенмен, муһажирлер мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көңілдері тоғайды деуге ертерек еді. Мәдина мұсылмандары Алла Расулын дегбірсіздене күтіп алып, жер-көкке сыйғызбай мадақтап қуаныштарын айғақтағанмен, мұнафықтардың (екіжүзділер) өшпенділігі сәт санап арта түсті.

Яһудилер Расулулламен (с.ғ.с.) келісім жасап, ортақ принциптерді мойындағандықтарын білдіргенімен, әлеумет іс жүзінде мүлде басқа көріністердің куәсі болды. Ал мұнафықтар жайы тіпті қатерлі. Пайғамбарымыз Мәдинаға келер тұста Хазраж руының басшысы Абдуллаһ ибн Үбәй таққа отырып, сол кездегі мүшріктер әдеті бойынша асыл тастан тәж кию рәсімін жасауға дайындалып жатқан. Пайғамбар бастаған муһажирлер Мәдинаға келген соң Абдуллаһтың қауымы Ислам дінін қабылдайды да, рәсім ұмыт қалады. Қиялының тас талқаны шыққан соң Абдуллаһ амалсыздан көпке еріп мұсылман болғансып, іштей ызаға булығып жүреді. Мұсылмандарға тісін қайрап, кектенген ол жасырын түрде айналасына өзі сияқтыларды жинай бастайды. Меккедегі мүшріктер де қарап жатпайды. Мәдинадағы яһудилер және мұнафықтармен құпия кеңесіп, мұсылмандарды зиянға ұшыратудың жайын оңды-солды талқылаумен болады. Меккедегі зұлымдықтарынан ештеңе өндіре алмаған олар енді ақиқат нұрын Мәдинада өшіруді жоспарлайды.

Мұсылмандар қанша төзіп баққанмен шыдамның шегіне жеткен-ді. Іштегілер іріткі салып, сырттағылар аяқтан шалып әбден мезі еткен соң мұсылмандар енді Аллаға жалбарынып жиһадқа рұқсат сұрайтын болды. Әнсардың аптал азаматтарының бірі Саад ибн Муаздың мына бір дұғасы – осының айғағы:

―Уа, Аллам! Сен үшін, сенің жолыңда құрайыштықтармен шайқасқаннан артық іс жоқ. Пайғамбардың елшілігін мойындамаған, атамекенінен айрылуға мәжбүр еткендер – олар. Уа, Раббым! Солармен шайқасқа рұқсат беруіңді тілеймін, үміт етемін.

Мұсылмандардың тілегі қабыл болып, пайғамбарымызға түскен кезекті аятта қорғану мақсатымен соғысуға рұқсат берілгендігі айтылады. Хаж сүресінің 39-40 аяттарында:

«Дұшпан зұлымдығына ұшыраған муминдерге қорғану үшін төтеп беруге рұқсат берілді. Алланың оларға жәрдем етуге құдіреті жетері шүбәсіз. Олар (муминдер) кінәсіз бола тұра «Раббым – Алла» дегені үшін елінен қуылған» - делінеді.

Аятта айтылғандардың астарына үңілсек, ешкімге тиіспеу, тек тиіскен болса, қорғаныс мақсатымен оларға қарсы тұру жайы баяндалған.             

Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды.

Ummet.kz

Бөлісу: