22
Жұма,
Қараша

һижри

Мұсылмандар – Бәдірде

Мұсылмандар – Бәдірде

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Алла Расулы бастаған мужаһид әскерлер мүшріктерден бұрын Бәдірге келіп, үлкен құдықтың маңына түседі…

Әрқашанғы әдеті бойынша сардар пайғамбар асхабымен оңтайлы орналасудың жайын кеңесті. Хубаб ибн Мунзир есімді сахабаның пікіріне көпшілік келісім білдірді.

«Уа, Расулулла!» -деді ол, «Біз соғысқалы келдік. Менің ойымша, бүкіл құдықтарды, су көздерін бітеген дұрыс. Бір ғана қайнарды қалдырамыз да, сол маңға өзіміз орналасамыз. Осы түскен жеріміз – Алланың әмірімен білдірілген бе, әлде Сіздің жеке қалауыңыз ба?» - деп қолбасшысына қарады.

Хазіреті Расулулла: «Жоқ, әрине, шайқасқа ыңғайлы деген оймен өзім таңдадым» - деп жауап берді. Хазіреті Хубаб: «Уа, Расулулла! Бұл жер аса ыңғайлы емес. Рұқсат етсеңіз, осы бетімізбен жылжып, құрайыштар қонақтайтын маңайға жақын су көзіне дейін барайық. Ол жерде суы мөлдір тұщы құдық бар. Онан басқа барлық құдықтарды бітейміз де, өзімізге бір қауыз қазып, ішіне су толтырып аламыз. Шөлдегенде содан пайдаланамыз. Ал мүшріктер шөл қысып, су таба алмай әуреленетін болады»,-деді.

Сәруар пайғамбар Хазіреті Хубабтың көзқарасына зәредей наразылық білдірместен әскерін соңынан ертіп, айтылғандарды жүзеге асырды. Су көздері жабылып, қауыз қазылып, іші суға толтырылды.

Байқағанымыздай, асхабтың әрбіреуі ақылдылығымен, шешім қабылдаудағы қайсарлығымен ерекшеленеді. Пайғамбарымыз да ұдайы олармен кеңесу арқылы іске кірісіп отырады. Бір бастан екі бас артық демекші, кеңес – Ислам принциптерінің негізгілерінің бірі ретінде күні бүгінге дейін бар. Жоғарыда баяндалған оқиғадан кеңесіп пішкен тонның келте болмайтындығына көз жеткізе түскендейміз.

Бәдірге келіп орналасқан соң пайғамбарлар сардарының ең алдымен қолға алғаны – әскери тәртіпті мықтау. Сарбаздарды сапқа тұрғызып, топқа бөліп, әр топқа жетекші тағайындады. Мұсылман мужаһидтер: әустер, хазраждар және муһажирлер болып үш үлкен топқа бөлінген. Әр бөлік желбірете көкке көтерген байрақтарынан танылатын. Муһажирлер туын Мусаб ибн Үмәйір, әустердікін Саад ибн Муаз, ал хазраж байрағын Хубаб ибн Мунзир көтерген.

Әскери бөліктерді реттеген соң Алла Елшісі былайша бұйрық берді: «Әркім өз орнын білсін. Орындарыңнан қимылдаушы болмаңдар. Менен бұйрық келмейінше шайқасқа кіріспеңдер. Дұшпан жақындамай жатып оқтарыңды босқа ысырап қылмаңдар. Жау әскері қалқанын ашқанда ғана оқ атыңдар. Жақындаған сәтте таспен шөкелеңдер, одан бетер жақында болса найза қолданыңдар. Қылышты бетпе-бет келгенде ғана қынынан шығаруға болады».

Мужаһидтердің әрбіреуі орындары белгілі болғандықтан айналасына тасты үйіп жинап алады. Қорған үшін бұл таптырмас құрал еді.

Шайқас қағидалары түсіндіріліп, тәртіптелген соң Хазіреті Саад ибн Муаздың ұсынысымен Алла Расулына арнап құрма ағаштарынан қос-шатыр тігілді. Пайғамбарымыз қосқа айнымас серігі Хазіреті Әбу Бәкір Сыддықпен бірге көлеңкелеп жан шақыру үшін кіреді. Хазіреті Саад ибн Муаз бірнеше жолдасымен бірге бастан аяқ қаруланып, пайғамбар шатырын күзету құрметіне ие болады.

Бәдірге аяқ басқан сәтте-ақ Алланың сүйікті елшісі төңірекке бажайлап көз жүгіртті де: «ИншАлла, ертең таңертең пәленшенің оққа ұшар жері мына жер! Түгенше мына жерде жан тәсілім етеді. Сосын мына жерде…»- деп құрайыш мүшріктерінің басшыларының о дүниелік болар жерлерін қолмен қойғандай көрсетіп береді.

Хазіреті Омардың айтуы бойынша бәрі Алла Расулының дегеніндей болды.

Таңертеңгі шайқасқа мұсылмандар рухани дайындалумен, ғибадатқа беріліп, ықыласпен дұға етумен болды. Әрине, пайғамбардың тағат-ғибадаты ерекше-тін. Сол түні ол өзіне арнап тігілген қостың ішінде таң ағарып атқанша көз ілместен дұға етті. Рақымды да мейірімді Раббына жалбарынғанда барша әлем, көк пен жер онымен бірге мұңайып, уайымға берілгендей. Ұшы-қиырсыз шөл дала құдды нұрлы пенденің тілегеніне үн қосқандай, тым-тырыс, мұңды кейіпте.

«Аллаһым! Маған берген уәдеңді орындай гөр!

Уа, Аллам! Мынау аз ғана мұсылман мужаһид жеңіліске ұшыраса, саған жер бетінде ғибадат ететін пенде қалмайды»,- деп жалынышты күйде шын ниетімен қол жайғанда он сегіз мың ғаламды тебірентті.

Расулулла бес уақыт намазының соңында осы дұғаны айна-қатесіз қайталайтын. Алла Расулының жүрекжарды тілегін құлақтары шалған муминдердің ақиқат жолындағы ықыластары арта түсетін…

Сын сағатта…

Сөйтіп сын сағат та келіп жетті. Мужаһидтер дайын, мүшрік әскері де қарсы тараптан күш көрсетті.

Адамзат тарихының ғибратты сәттерінің бірі. Бір-біріне дұшпан көзімен қарап, қырқысқалы тұрғандардың көбі ағайын туыс, адамдар. Әке мен бала, аға мен іні, нағашы мен жиен дегендейін… бір-біріне оқ атуға, өліспей беріспеуге бекінген. Иман жолының ауырлығы осы оқиғадан аңдалмас па?! Дұшпан әскері сақадай сай. Пайғамбарымыз соңғы рет сарбаздарын жалпы шолып өтті. Бәрі орнында. Тек жау жағының әскер күші барынша басым, қару жарағы да көп. Дұшпан жағынан күліп, менсінбегендік танытқандар болды. Бір қарағанға саусақпен санарлық адам мен анау қалың нөпірге қарсы шығудың өзі күлкілі көрінер еді. Бірақ көңілдерін иман қуатымен нәрлендірген мұсылмандар жеңістен үмітті.

Тұңғыш шейіт муһажир

Шайқас әдеті бойынша алдымен екі жақтан да жекпе-жекке түсетіндер ортаға шықты. Ол сәтте мүшріктерге дем беру мақсатымен оқыс ортаға атылған Амир ибн Хадрами шайқас тәртібін бұзып мужаһидтерге қарсы оқ атады. Кенет атылған оқ муһажир Миһжа есімді сахабаға дәл тиіп, шейіт болады. Миһжаның өлімі өзгелерді рухтандырды. Расулулла «Миһжа шейіттердің құрметтісі» деген. Мүшріктерден Раби‘аның Утба мен Шайба атты екі ұлы, Шайбаның ұлы Уәлид қарсыластарына жекпе-жекке адам шақырды. Нәжжәр руынан Афра атты сахаба әйелдің жеті ұлы бірдей Бәдірде шайқасуға келген-тін. Ағайындылардың екеуі Муаз бен Ауф және Пайғамбарымыздың шайыры Абдуллаһ ибн Рауаһа жекпе-жекке әзір екендіктерін білдірді.

Мұхаммед (с.ғ.с.) мұсылмандар мен мүшріктер арасындағы алғашқы қақтығысқа әнсар мұсылмандардың шыққанын іштей қаламаған. Мүшріктер де осы ойының үстінен дәл түсіп әнсарларда шаруалары жоқ екендігін, өз туыстары Әбдімүттәліп ұрпақтары – меккеліктермен ұрысқа шығатындықтарын жария етті. Пайғамбарымыз әнсар жастарына дұға етіп, сапқа тұруларын бұйырды да: «Үбәйда! Хамза! Әли! Шығыңдар!»- деді нығарлай сөйлеп. Алла Елшісінің әмірін ести салысымен үш қаһарман сахаба алаңға атылды.

Сауыт киінген оларды мүшрік Утба тани алмай:  «Аты-жөндеріңді атаңдар, біз өз теңімізбен ғана шайқасамыз»,- деді.

Қызу қанды жауынгер жүректі үшеуінің аттарын естіген соң ғана: «Енді ұрысқа кірісе беруге болады. Біздің теңіміз – сендерсіңдер», - деп білек сыбанды.

Үбәйда ибн Харис – Утба ибн Раби‘амен, Хазіреті Хамза өз теңі Шәйбамен, Хазіреті Әли болса Уалид ибн Утбамен жекпе-жекке кірісіп кетті. Екі тараптың сарбаздары да жанкүйерлік танытып, сырттай бақылауға мәжбүр еді.

Сарт-сұрт айқасқан, жарқ-жұрқ еткен қылыш… Оңды-солды сілтескен қанжар, шоқпар… Ұрыс көпке созылмады. Хазіреті Хамза мен Хазіреті Әли қарсыластарын ә дегеннен-ақ сұлатты. Сол бойда Хазіреті Үбәйдаға көмекке ұмтылды. Утбаны да жайратқан соң Үбәйданы сүйеген күйі ардақты Пайғамбарымызға келді. Қақтығыс үстінде жарақаттанған қаһарман Үбәйда Расулулладан: «Уа, қолбасшым! Мен шейітке саналамын ба?»- деп сұрайды. Алла Расулы да ойланбастан: «Әрине, шейітсің. Сенің мәңгілік мекенің жәннаттың төрінде болмақ»,- деп қуантты.

Аяғындағы жара оңалмайтын болған соң Үбәйданың аяғын кесуге тура келеді. Алла жолында шын көңілден жанын құрбан етуге даяр жанкешті сахабаның ерлігі – ұрпаққа өнеге. Хаққа қызметтің, иманның ләззатын татқан құрметті сахаба Үбәйда Бәдірден қайтар жолда жарасы асқынып, қаза болады. Мерт болған тұста жер қойнына беріледі. Мүшріктер бірінен соң бірі құлап, оқ тигені, жұдырық тигені тіл тартпастан жан тәсілім береді. Бастағы сенімдері бірте-бірте азайып, сасқалақтай бастаған оларға Әбу Жәһил жұбату айтып, қолдаған болады… Мұсылмандар болса жігерленген сайын қуаттанып, ұрысты бастауға, мүшріктерді ойсыратуға асығады. Пайғамбарымыз азғана әскеріне қарап тұрып Раббына дұға ете түседі:

«Уа, Аллам! Олар жаяу, жалаң аяқ, сен оларға көлік жеткіз.

Алла! Олар жалаңаш, сен киіндір оларды.

Аллаһым! Олар аш, тойындыра гөр!

Аллаһым! Олар жоқ жітіктер, жарлы-жақыбайлар, берекетіңмен молшылыққа кенелткейсің!»

Мұнан соң тағы да әрдайым аузынан тастамайтын үйреншікті дұғасы қайталанды:

«Уа, Аллаһым! Маған берген уәдеңді орындағайсың!

Уа, Аллаһым! Мына ат төбеліндей санаулы әскерлерім жеңіліске ұшыраса, жер бетінде саған ғибадат ететін тірі пенде қалмайды!».

Ата жолын қуса игі…

Тағы да ғибратқа толы көрініс. Мусаб ибн Үмәйір мұсылмандардың байрағын көтерген, хақ жолын ұстанушы, ал туған інісі Әбу Әзиз ибни Үмәйір мүшріктің туын көкке көтеруші. Ал Хазіреті Әбу Бәкір – Алла Расулының екі дүниедегі айнымас серігі ұлы Абдуллаһпен бірге мұсылмандар сапында, екінші ұлы Абдуррахман болса мүшріктердің мықтылары арасында. Батылдығымен, батырлығымен, мергендігімен мәшһүр Абдуррахман ортаға шығып, жекпе-жекте қарсыласар адам сұрады. Хазіреті Әбу Бәкір шыдамай, ұлымен айқасу үшін Пайғамбарымыздан рұқсат сұрады. Алайда Алла Елшісі: «Уа, Әбу Бәкір, сен менің көзімнің қарашығысың. (Саған қалай рұқсат берермін?)»,- деп тыйым салды.

Ұлына қаны қайнап, қатуланған Хазіреті Әбу Бәкір: «Ей, Абдуррахман! Әкеге деген ізет қайда?»- деп айқайлады.

Абдуррахман шімірікпестен әкесіне: «Екеуміздің арамызда қарудан, жүйрік аттан және қылыштан басқа байланыс қалмады»,- деп жауап береді.

Шайқас басталды

Рамазан айының 17-і, жұманың таңы. Екі жақ қызу шайқасқа кірісіп кеткен. Қанды қақтығыс үдей түсуде. Сүйікті Алла Елшісі әскерлеріне ұрандап, рухтарын көтеріп, шейіттердің жәннаттық екенін баса айтып, жеңіске ұмтылдыруда. Расулуллатың демеуімен мужаһидтер алға ұмтыла түсті. Алла Расулы өзі де қызу ұрысқа араласып, сарбаздарын жігерлендіре берді. Хазіреті Әли бір сөзінде былай дейді:

«Бәдір шайқасы қызған тұста Расулулланы паналадық. Сол қанды қырғында ең батыл, ең жүректіміз Сол еді. Мүшріктер сапына барынша жақындап, айқасқан да – Сол.»

Бәдір шейіттері

Хазраж руынан Харис ибн Сурақа есімді сахаба соғыс алаңынан ұзағырақта су қауызының жанында тұрған. Жау оғы алдыңғы шептегі мужаһидтерден асып өтіп, зулаған күйі жайбарақат тұрған Хариске тиіп, шейіт етеді. Әнсардың бірінші шейітінің хикаясы өзгелерге сабақ болғандай.

Қырғын қыза түскен. Әскерлер бірін-бірі бас-көз демей жаралап, қолға түскенін түскендей найзамен түйреп сұлатып жатты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сәт сайын әскерлеріне күш беру мақсатымен: «Бүгін Алланың ризалығы жолында сабыр мен қайратын жұмсап, үздіксіз алға ұмтылғандар, осы жолда жан бергендер Алланың жәннатынан орын аларына Алланың атымен ант етемін» - деп қайталаумен болды.

Әнсар мұсылман Үмәйір ибн Қумам осы сөзді есіте сала: «Неткен ғажап! Керемет! Жұмаққа кіру үшін мына ақымақтардың қолынан өлгеннен басқа ештеңе қажет емес екен»,- деп қылышын қайрап, шейіттік мәртебесінің ұлылығын мадақтап бәйіт оқыған күйі ұрысқа кіреді. Бірнеше мүшріктерге «сыбағасын» берген ол, қапыда қаза болады да, тілегеніне қауышады.

Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды.

Ummet.kz

Бөлісу: