22
Жұма,
Қараша

һижри

Сен жоқ жерде сені қорғайтын ең абзал нәрсе

Сен жоқ жерде сені қорғайтын ең абзал нәрсе

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Сен жоқ жерде сені қорғайтын ең абзал нәрсе ол – мінез-құлқың. Адам баласын өзі секілді қос аяқты, жұмыр басты өзге пенделерден ерекшелеп тұратын бір қасиет – оның мінезі.

Мінез – адам бойындағы алтын мен жауһардан да артық жылтырап, көзге ұрып тұратын әшекей. «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, мінез, ар деген нәрселермен озады. Бұдан өзге нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де - ақымақшылық» деген Абай атамыз он сегізінші қара сөзінде. Жақсы мінез – жан көркі. Адамды кең пейіл, көпшіл ететін де, я болмаса қытымыр, кекшіл ететін де – бойға біткен мінез.

Алланың сүйіктісі Мұхаммедтен ﷺ өзге ешкім де кемел пенде бола алған жоқ. Ол – жақсы мінез атаулының жалғыз қожайыны.

Кемшілік атаулыдан Пәк Алла: «Және сен шын мәнінде, ұлы мінезге иесің» («Қалам» сүресі, 4-аяттар), «Сендерге – Аллаға және Ақырет күніне үміт ететіндер әрі Алланы көп еске алғандарға – Алланың Елшісінде көркем өнеге бар» («Ахзаб» сүресі, 21-аят), «Алланың рақымдылығымен сен оларға жұмсақтық таныттың. Егер қатал жүректі болғаныңда, олар маңайыңнан тарап кетер еді»(«Әли Имран» сүресі. 159-аят) деу арқылы Алла Елшісінің кемелдігін, көркем мінезін танытады. Ол адамдардың арасындағы ең сабырлы, ең кішіпейіл, ең мейірімді, ең жомарт, ең батыр, ең  кешірімді, ең байсалды, ең жұмсақ, ең әділ, ең шыншыл, ең ұялшақ адам. Алланың сөзі Құранның адам бойынан көрініс табуы, Құранмен сусындағанның, оған амал жасағанның шынайы келбеті, үлгісі – Мұхаммед Пайғамбарﷺ . Аиша анамыз (оған Алла разы болсын) бұл туралы «Оның мінезі – Құран еді» деп сипаттайды (Муслим).

ummet.kz

Бөлісу: