25
Дүйсенбі,
Қараша

һижри

Алла елшісінің (с.ғ.с) неке қиюда ұстанған жолы

Алла елшісінің (с.ғ.с) неке қиюда ұстанған жолы

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Пайғамбарымыздың Хадиша анамызға үйленуі

Нафиса былай әңгімелейді: «Хуайлидтің қызы Хадиша дәулетті болуымен қатар, байыптылығынан жазбайтын байсалды, ақылы ажарына сай әдемі, Мекке мен Мәдинаның игі жақсыларынан асып туған Құрайыш руына қарасты асыл текті әйел еді. Құрайыштың құрыш білек, сайдың тасындай ер-азаматтары, дәурені жүріп тұрған дәулетті, шынжыр балақ, шұбар төс шонжарлары да, еліне елеулі, халқына қалаулы көсемдері де, сөз бастаған шешендері де, қысқасы, жілігі татитын бетке ұстар азаматтары онымен көңіл жарастырып, үйленуді қалайтын, тіпті бұл үшін барлық мал-мүлкін пида етуге дайын еді. Алайда ол бұл ұсыныстардың ешбірін қаламады. Бірде Хадиша керуенін Шамға аттандырады. Пайғамбарымыз саудасын жүргізіп, Шам сапарынан оралғаннан кейін, Хадиша мені шақыртып алып, әлдебір хабармен Алла елшісіне жұмсады.

Мен жолыққан кезде: «Уа, Мұхаммед, неге үйленбей жүрсің?» – дедім салған жерден. «Қолымда ештеңем жоқ, қалай үйленейін?» – деді. Мұны естіген мен: «Өзі әдемі, өзі ауқатты, тегі де өзіңе лайық біреу саған ешқандай қалың малсыз күйеуге шығамын десе не дер едің?» – деп, оның аңысын аңдап, сыр тарттым. «Кім ол?» – деп сұрады. «Хуайлидтың қызы – Хадиша», – дедім. «Ол қалай болар екен деп!», – деп таң болды. «Ол жағын маған тапсырыңыз», – дедім. Ол келісті. Мен Пайғамбарымыздың келісімін бергенін Хадишаға (р.а.) жеткіздім. Хадиша Мұхаммед (с.ғ.с) пен өзінің немере ағасы Амр ибн Әсәдқа «Мынадай уақытта, мына жерде болыңдар», – деп хабар жіберді. Екі жақ та сол уақытта айтылған жерде жолықты. Мұхаммед (с.ғ.с) немере ағаларымен бірге келіп, Хадишаға құда түседі. Хадишаның немере ағасы Амр: «Бұл жас жігіт қызымыздың теңі екен, бетін қайтармаймыз», – деді. Расулаллаһ (с.ғ.с) Хадишамен (р.анһа) бас қосқанда, небәрі жиырма бесте еді, ал Хадиша анамыз қырықтың қырқасына шыққан болатын. Хадиша Піл оқиғасынан он бес жыл бұрын дүниеге келген болатын».

Пайғамбарымыздың хазірет Айшамен үйленуі

Хазірет Айша (р.а.) былай әңгімелейді: «Меккеден Мәдинаға көшіп келдік. Мәдинада Харис ибн әл-Хазраж ұлдарының Сүнүхтегі үйлерінің бірінде орналастық. Бір күні Расулаллаһ үйімізге келді. Дәл сол кезде анам мені екі құрма ағашының діңгектеріне байланған әткеншекте тербетіп тұрған болатын. Аллаһтың елшісі ішке кіргеннен кейін, анам мені әткеншектен түсіріп, иығыма төгілген шашымды жинады да, бетімді жуды.

Сосын қолымнан жетектеп есіктің алдына дейін әкелді. Мен анама ілесемін деп, ентігіп қалдым. Демімді алған соң, анам мені ішке кіргізіп жіберді. Пайғамбарымыз бөстектің үстінде отыр екен. Сондай-ақ ансарлық еркектер мен әйелдер де жайғасыпты. Анам мені басқа бөлмеге кіргізіп алды да: «Бұлар – сенің ендігі туыстарың. Алла сені оларға, оларды саған құтты қылсын», – деді. Қонақтар көп отырмай кетіп қалды. Тойымда қой да, түйе де сойылған жоқ. Тек ансардың бетке ұстар ларының бірі Сағыд ибн Үбада (р.а.) үлкен ыдыспен ыстық ас беріп жіберіпті. Сағыд ибн Үбада (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ас-суын өз мойнына алған екен. Алла елшісіне тоғыз жасымда тұрмысқа шықтым. Ахмәд ибн Ханбалдағы риуаятта Мүтғим ибн Адидің ұлының хазірет Айшаға Алла елшісінен бұрын құда түскендігі, бірақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с) туралы айтылғанда, анасы Үммі Румманның Мүтғимнің ұлы мүшрік екендігін айтып, берген уәдесін бұзуы Айша анамыздың (р.а.) тоғыз жасынан асқандығына және үйлену жасына жеткендігіне дәлел бола алады». Осы орайда Араб түбегінде үйленіп, үй болудың басқа климаты суық жақтарға қарағанда әлдеқайда ерте басталатынын еске сала кеткен жөн.

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: