27
Сенбі,
Сәуір

һижри

Әһли сүннет ғалымдарының сахабаларды үш топқа бөлуі

Әһли сүннет ғалымдарының сахабаларды үш топқа бөлуі

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Əһли сүннет ғалымдары сахабалардың дəрежесіне қарай оларды үшке бөлген:


Мұхажирлер: Мекке қаласы алынбастан бұрын Меккеден немесе басқа жерлерден отандарын, жақындарын тастап, Мəдина қаласына хижрет еткендер. Олар Расулуллаһтың қасына иманмен келген немесе келгеннен кейін иман келтірген. Хазреті Амр бин Ас – солардың қатарында.

Ансар: Мəдина қаласындағы немесе осы қалаға жақын жерлердегі жəне Əус, Хазрəж деген екі араб тайпасының мұсылмандары ансар деп аталады. Өйткені, олар пайғамбарымызға жəне меккелік мұсылмандарға əртүрлі көмек беретіндіктерін уəде еткен жəне уəделерін орындаған.

Басқа сахабалар: Мекке қаласы алынған кезде жəне кейіннен Меккеде немесе басқа жерлерде иман келтіргендер. Олар мұхажир немесе ансар деп аталмайды, тек сахаба деп аталады.

Сахабалардың ең үстемдері – Расулулланың төрт халифасы. Олардың бір-бірлерінен үстемдіктері халифа болу кезегімен былай: хазреті Əбу Бəкір, хазреті Омар, хазреті Осман жəне хазреті Əли (радиаллаһу анһум). Олардан кейінгі үстемдері Ашəрə-и мубашшəрадан, яғни жәннатпен сүйіншіленген он адамнан, қалған алтауы (Талха, Зубəйр бин Аууам, Абдуррахман бин Ауф, Са’д бин Əби Уаққас, Саид бин Зəйд, Əбу Убайда бин Жəррах (радиаллаһу анһум) жəне хазреті Хасан мен хазреті Хусейн.

Төрт халифа мен жәннатпен сүйіншіленгендерден кейін сахабалардың ең үстемдері алғаш мұсылман болған қырық адам. Олардан кейінгі үстемдері – Бəдір соғысына қатысқан сахаба. Олардан кейін Ухуд соғысында болған 700 қаһарман. Олардан кейінгі үстемдері – хижреттің алтыншы жылы ағаш астында Расулуллаға «Өлу бар, бірақ қайту жоқ» деп сөз берген 1400 адам. Бұл келісім «Биат-и Ридуан» деп аталады.

Сахабалардың саны: Мекке алынғанда он мың, Тəбүк соғысында жетпіс мың, Уəда қажылығында тоқсан мың жəне Расулулла қайтыс болған кезде жер бетінде жүз жиырма төрт мыңнан астам сахаба болған. Бұл мəселе бойынша басқа риуаяттар да бар.
Сахабалардың соңғы қайтыс болғандары мыналар: Абдуллаһ бин Əуфа (радиаллаһу анһ), ол 705 (х.86) жылы Куфада қайтыс болды. Абдуллаһ бин Йəср (радиаллаһу анһ), ол 706 (х.88) жылы Шамда, Сəхл бин Са’д (радиаллаһу анһ) 709 (х.91) жылы 100 жасында Мəдинада, Əнəс бин Малик (радиаллаһу анһ) 711 (х.93) жылы Басрада, Əбут Туфəйл Амир бин Уəсилə (радиаллаһу анһ) 718 (х.100) жылы Меккеде қайтыс болған.

Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін төрт халифа дəуірінде де сахабалар Ислам дінін тарату, жиһад жасау мəселесінде сөздерінде тұрды. Барлығы бірігіп, жерлерін, отандарын тастап, Арабстаннан шығып, жан-жаққа тарады. Кеткендердің көпшілігі қайтып оралмай, барған жерлерінде өмірінің соңдарына дейін жиһад етті жəне Ислам дінін жайды. Осылайша, аз уақыттың ішінде көптеген мемлекет алынды. Алынған жерлерде Ислам тез тарады. Сахабалардың барлығы əділ еді. Исламды таратуда барлығы ортақ болған. Құран кəрімді солар жинады. Хадис шəрифтерді пайғамбарымыздан солар жеткізді.
(Сахабалардың Ислам дініне жасаған қызметтерін, үлгі боларлық өмірлерін, ізгіліктерін, барлығының есімдерін көрсететін көптеген кітаптар жазылып, басып шығарылған.)

Пайғамбарлардан жəне періштелердің үстемдерінен кейін барлық жаратылған нəрселердің ең үстемі – сахабалар. Олардың əрқайсысының есімін айтқанда құрметпен айту керек.
Сахабалардың əрбірі осы үмметтің барлығынан үстем. Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбар екеніне сенетін барлық адам, яғни əрбір мұсылман қай тектен, қай елден шықса да Мұхаммед алейһиссаламның үмметі деп аталады.

Сахабалардың үстемдігі мен ізгілігіне қатысты аяттарда былай делінеді: «Сендер – үмметтердің қайырлысысыңдар» («Али Имран» сүресі, 110).
«Алғаш мұсылман болғандарға, мұхажирлер мен ансардың алдыңғы қатарлыларына жəне солардың жолындағыларға Алла тағала разы жəне олар да Алла тағалаға разы. Алла тағала олар үшін жәннаттар дайындады. Бұл жаннаттардың астынан өзендер ағады. Олар жәннатта мəңгі қалады» («Тəубе» сүресі, 100).

«Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) – Алла тағаланың пайғамбары. Жəне оның қасында болғандардың (яғни, сахабалардың) барлығы кəпірлерге қарсы қатал. Бірақ, бір-бірлеріне қарсы мейірімді. Оларды көбінесе руку мен сəждеден көресің. Олар бүкіл адамзатқа (дүние мен ахиретте) барлық жақсылықты, үстемдікті Алла тағаладан тілейді. Ридуанды (яғни Алла тағаланың өздерін ұнатуын) да қалайды. Көп сəжде жасағандары жүздерінен белгілі болады. Олардың жағдайлары, қадірлері осылайша Тауратта (жəне Інжілде) білдірілген. Інжілде де көрсетілгеніндей, олар егінге ұқсайды. Жіңішке бір өскін жерден өсіп шығып, қалыңдап, көтерілгені сияқты, олар аз жəне əлсіз бола тұра аз уақыттың ішінде айналаға тарады. Жан-жақты иман нұрына бөледі. Барлық адам өскіннің жағдайын көріп, аз уақытта қалай өсіп кетті деп таң қалғаны сияқты, хал мен атақтары таралып, көргендер таңырқап, кəпірлер ашуланды» («Фəтих» сүресі, 29).

Сахабалар туралы кейбір хадис шəрифтер:
«Сахабаларымды жамандамаңдар. Сахабаларымнан кейін келгендердің бірі таудай үлкен алтын садақа берсе де сахабамның бірінің бір арпа беріп алған сауабына немесе оның жартысына да қол жеткізе алмайды.

Сахабаларым көктегі жұлдыздар сияқты. Қайсысына бағынсаңдар да тура жолды табасыңдар. Сахабаларыма дұшпандық жасаудан сақтаныңдар. Алладан қорқыңдар! Оларды жақсы көрген адам мені жақсы көргендіктен жақсы көреді. Оларға дұшпандық жасаған адам маған дұшпандық жасаған болады. Оларды ренжіткен мені ренжіткен болады. Мені ренжіткен əрине Алла тағаланы ренжітеді.

Үмметімнің ең жақсысы менің заманымда болғандар. Олардан кейінгі ең жақсылары – олардан кейін келгендер. Ал олардан кейінгі жақсысы – солардан кейін келгендер. Мені көрген жəне мені көрген адамды көрген мұсылманды тозақтың оты өртемейді». Бұл аят кəримəлар мен хадис шəрифтер сахабалардың үстемдігі мен ізгілігін айқын көрсетуде.

материал “Хазреті Мұхаммед алейһиссаламның өмірі”кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: