22
Жұма,
Қараша

һижри

Алла елшісінің (с.ғ.с) рухани қасиеті әрі ғибадатқа деген ынтықтығы

Алла елшісінің (с.ғ.с) рухани қасиеті әрі ғибадатқа деген ынтықтығы

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Құдіреті шексіз Жаратушы иенің Соңғы елшісіне жүктеген рухани қасиеті ең алдымен құлшылықтың барлық түріне орасан құштарлығы арқылы танылып, құлшылыққа деген ынтызарлығы арқылы байқалған. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мына өткінші әлемге ғайып әлемін рухани көзбен тебірене көре алатындай жаратылыспен жіберілгендіктен, оны Жаратушыға деген құлшылықтың рухани ләззатынан басқа еш нәрсе де қанағаттандыра алмаған.

Тіпті сахабалардың кейбірі оның намаздағы әрекеттерін біз ойлағаннан бөлек екенін айтқан. Әсілі, оның намазға деген құмарлығын «құмарлық» деген сөзбен түсіндіру сипаттауға сөз жетпегендіктен айтылғанын ұғынғанымыз жөн. Өйткені оның намазға және басқа да ғибадаттарға деген құмарлық тереңдігін түсіндіріп беруге адамның шамасы келмейді. Бәлкім, Алла елшісінің ғибадатқа деген құмарлық өлшемін сахабалардың жеткізуімен Пайғамбарымыздың өз аузынан айтылғандай етіп түсіндіргеніміз абзал. Мәселен, Ибн Аббастың (Алла одан разы болсын) осы жайында мына бір хадисі ой саларлық. Бірде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзін тыңдап отырған мешіттегі адамдарға былай деген еді: «Алла әр пайғамбар үшін шаһуат (құмарлық) жаратқан. Менің шаһуатым түнгі намазда».

Алла елшісінің намазы арқылы ғибадатқа деген ынтықтығын түсіндіруде Ибн Масғудтың мына дерегі ерекше маңызды: Пайғамбарымыз түнде аяқтары ісігенше намаз оқитын. Оның бұл жағдайын көргендер: «Уа, Расулалла, Алла сіздің өткен-кеткен күнәларыңызды кешірмеп пе еді?» – дейтін, яғни «мұнша неге таусыла бересіз» дегенді тұспалдайтын. Пайғамбарымыз: «Мен шүкір ететін құл болғым келеді», – деп жауап беретін. Бұл оқиғадан сахабалардың Пайғамбарымызға «Алла сіздің өткен-кеткен күнәңізді кешірмеп пе еді» деген сөзін дұрыс түсіну керек. Бұл сөз пайғамбарымыз «күнә істеді» немесе «күнә істесе, Алла ол күнәларын дереу кешірді» деген мағынаны білдірмейді. Сахабалардың сөзінің мәнісі мынау болса керек: ол өзінің бар ерік-жігерін үнемі жақсылыққа, игіліктер мен сауапқа ғана арнауға міндеттелген. Осы себепті оның күнә істейтіндей ықтималдығы жоқ еді, өйткені ол нәби әрі расул еді, исмат сипатына да ие болатын.

Әсілі, соңғы нәбидің маңайына шоғырланған сахабалар да құлшылыққа берілген еді. Өмірлерін уахидың аясында өткізіп, құлшылықтың барлық түрімен Жаратушы иеге бет бұрған. Олардың құлшылыққа деген ынтықтығын әрі құлшылықтағы ерекше сезімдерін басқа ғасырлардағы адамдардан кездестіру мүмкін еместей еді. Алайда осынау жамағаттың өзі Алла елшісінің құлшылыққа деген құмарлығына ілесе алмай, оған деген ішкі таңғалыстарын жасыра алмайтын. Періштелердің өзі оның құлшылыққа деген ерекше ыждағаттылығына таңғалуы тиіс-ті. Өйткені Алла елшісі рухани әлемдердің шыңына көтеріліп, намазбен, оразамен біте қайнасып кеткен. Ғибадат нұрымен барша ғаламды зерделеп, уахимен оған мағына беріп, пайғамбарлықпен оның арнасын кеңейткен.

материал «Пайғамбар құлшылығы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: