28
Бейсенбі,
Наурыз

һижри

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) оразаға мән беруі

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) оразаға мән беруі

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Ақиқат немесе жалған болсын әр діннің өзіне тән құлшылық жүйесі бар. Сол секілді соңғы ақиқат діні Ислам да ұстанушыларына белгілі бір міндеттер жүктеген. Ұлы Жаратқан құлдарына деген мейірімінің белгісі ретінде Құран түсіріп, оны түсіндіруді ардақты Пайғамбарымызға берген. Сүйікті елші оразаның мәні мен маңызын көптеген хадистерінде айтып түсіндірген. Сөз сұлтанының нұрлы баяндарына тоқтала кетейік.

Әбу Һұрайраның айтуы бойынша, Пайғамбарымыз: «Алла тағала былай деп бұйырды: «Адам баласының әр амалы өзі үшін. Ал ораза бұдан бөлек. Оның қарымын Өзім ғана беремін. Өйткені ол ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан Мен үшін тыйылады. Ораза ұстаушының екі қуанышты сәті бар: біреуі – ауыз ашар, екіншісі – Алла тағалаға қауышқан сәті. Алла үшін ораза ұстаушының аузының иісі мисктің жұпар иісінен де жағымды», – деген. Ораза рия ең аз араласатын құлшылық болғандықтан, оның сауабы да ерекше. Міне, оразаны осындай шынайы ниетпен ұстау керек.

Негізінде, ораза ұстаушының аузынан шыққан иіс аштықтан туындайды. Қиямет-қайымда бұл иіс мисктен де тамаша болмақ. Күнәдан пәк, жатпай-тұрмай ұлы Жаратқанды мадақтап, құлшылық ететін періштелерге ұнайтын арнайы иістер бар. Олар гүлдің, мисктің иісін ұнатады. Осы жұпар иістер ғайып әлемінің сиқырлы қазыналарын ашатын кілт секілді. Ораза ұстаған жанның аузынан шыққан иіс те осындай иістердің санатына жатады. Мұның себебі оразаның пенде мен Алла тағала арасын байланыстырушы ғибадат болуында. Сондықтан оразаға тек ауыздан шыққан иіс тұрғысынан емес, өзінің толайым тереңдігі тұрғысынан қарау керек.

Тағы да Әбу Һұрайрадан жеткен хадистердің бірінде Адамзаттың асылы: «Әр нәрсенің зекеті бар. Тәннің зекеті – ораза ұстау. Ораза – сабырдың жартысы», – деген.

Жаратқан иеміздің мойнымызға жүктеген құлшылықтарға, басқа түскен қилы оқиғаларға төзімділік танытып, Жаратқаннан күдер үзбеу, алдап-арбап тұзаққа түсіріп, опық жегізер күнәларға қарсы сабырлы болу – діннің жартысы. Ал ораза – сабырдың жартысы. Сабырдың қалған жартысы басқа нәрселерге бөлінген. Демек, ораза – діннің төрттен бірі, яғни негізгі тіректері саналған намаз, ораза, зекет, қажылық секілді төрт құлшылықтың бірі.

Оразаның теңдессіз құлшылық екендігі жайлы Әбу Үмәма (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарымыздан жақсы бір амал сұрадым. Ол маған: «Ораза ұста, өйткені оған тең келер құлшылық жоқ», – деді. Мен екі-үш рет қайталап сұрасам да, «Ораза ұста, оған тең келер құлшылық жоқ», – деген жауабынан танбады».

Оразаның сауабына байланысты басқа хадистерінде: «Кімде-кімді ораза ішіп-жеуден тыйса, Алла тағала оған Жұмақ жемістерінен жегізіп, Жұмақ бұлақтарынан ішкізеді», «Жұмақта «Раййан» деп аталатын есік бар, ол есіктен тек ораза ұстағандар ғана кіре алады», – деу арқылы ораза ұстаушылардың Жаннатта арнайы құрметке бөленетінін сүйіншілеп жеткізген.

Ардақты елші (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) басқа да хадистерінде: «Ораза ұстаған жанның жегені адал болса, ақиретте есепке тартылмайды»; «Рамазан айына жете тұрып, Алла тағаланың рақымы мен кешірімінен мақұрым қалған адамның жағдайы қандай өкінішті» – деп, мұсылмандарды рақым нұры төгілген бұл айдың берекетінен мақұрым қалмауға шақырған.

Сүйікті Пайғамбарымыздың тағы бір хадисінде ораза ұстаған адамға ақиретте оразасының кешірім тілеп шапағат ететіні жайлы: «Ораза – ауыз бекіткен жанға Қиямет күні шапағат етеді. Сол күні ораза Хақ тағалаға «Уа, Раббым! Мен оны күндізгі барша ішіп-жеуден тыйдым. Сол себепті оған деген шапағатымды қабыл ала гөр!» – деп тілек тілейді», – деп айтылған. 

материал «Ораза – теңдессіз құлшылық» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: