10
Бейсенбі,
Қазан

һижри

Ақыретте Алла Елшісімен (с.ғ.с) бірге болу бақыты

Ақыретте Алла Елшісімен (с.ғ.с) бірге болу бақыты

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Шексіз рақымды да мейірімді Алла Тағаланың аяттарын жеткізіп, бақытқа жетудің жолын өмірімен өрнектеп көрсеткен Хақ елшісімен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осы дүниеде әрі ақыретте бірге болу сахабалар үшін ең ұлы бақыт еді.

Олардың осы сезімдеріне шабыт сыйлап, қанат қақтырған хадистердің бірі «Адам баласы кімді жақсы көрсе, сонымен бірге болады» деген хадис еді. Осы мәндес хадистердің бірнешеуін келтіре кетейік:Әбу Мұса әл-Әшғари (р.а.) Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Адам баласы (бұл дүниеде) кімді жақсы көрсе, (о дүниеде) сонымен бірге болады» – дегенін жеткізеді. Басқа бір риуаятта: «Бір адам қандай да бір қауымды жақсы көріп, алайда игі іс істеуде оларға жете алмаса қалай болады?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Адам баласы (бұл дүниеде) кімді жақсы көрсе, (о дүниеде) сонымен бірге болады», – деп жауап берді делінген.

Әнәс (р.а.): «Бірде әлдебір бәдәуи Алла елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келіп: «Қиямет қашан болады?» – деп сұрады. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әлгі бәдәуиге: «Қиямет күніне қандай дайындығың бар?» – деп өзіне қарсы сұрақ қойды. Бәдәуи: «Қиямет күніне дайындық ретінде көп ораза ұстадым, көп намаз оқыдым және молынан садақа бердім деп айта алмаймын. Алайда Алла мен Елшісін шын жүректен жақсы көремін», – деді. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Сен (қиямет күні) жақсы көргендеріңмен бірге боласың», – деп айтты», – деген.

Осы хадиске қатысты Алла елшісінің қасында жүріп, он жыл қызмет етіп, 2286 хадис риуаят еткен Әнәс ибн Мәлік (р.а.) сөзін әрі қарай жалғап былай дейді: Пайғамбарымыздың «Кімді жақсы көрсең, солармен бірге боласың» дегенін естігенде, сол жердегі бәріміз балаша қуандық. Тіпті ол уақытқа дейін басқа еш нәрсеге бұлайша қуанбаған едік. Бұл сөз біз үшін үлкен сүйінші, мейрам еді. Осы хадисті әр айтқан кезімізде: «Біз Алла елшісін, Әбу Бәкірді және Омарды жақсы көреміз. Іс-әрекеттеріміз бен құлшылықтарымыз олардікіндей болмаса да осы сүйіспеншілігіміздің қарымы ретінде ақыретте солармен бірге болармыз деп үміттенеміз дейтінбіз».

Әнәс ибн Мәліктің бұл сөздері бізге біраз нәрсені ұқтырады. Алтын ғасырда ғұмыр кешкен бақытты жандар сүйіспеншіліктің арқасында қандай бақытқа қол жеткізуге болатындығын жақсы түсінді. Осы дүниеде Алла елшісімен бірге болу бақытын татқан сахабалар үшін ақыретте де бірге болудан асқан арман жоқ еді. Сахабалардың өмірінде мұндай мысалдар өте көп кездеседі. Төменде оған кеңірек тоқталатын боламыз.

Алла Елшісіне деген сүйіспеншілік – жүректерге нұр шашатын жаухар. Оның нәтижесі – Алла Тағала мен Елшісінің сүйіктісі болу мақамы. Сондықтан Алла Тағала мен Елшісін жақсы көру – жай ғана сүйіспеншілік емес, сонымен қатар екі дүние бақытына қол жеткізудің кілті.

материал «Сахабалардың Пайғамбарға (с.а.с) деген сүйіспеншілігі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: