29
Жұма,
Наурыз

һижри

Алла Ешісінің (с.ғ.с) адамгершілік қасиеттері

Алла Ешісінің (с.ғ.с) адамгершілік қасиеттері

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Алла елшісінің (с.а.с.) өнегелі мінез-құлқы Құран Кәрім еді. Ол (с.а.с.) Құран айыптаған істерді көргенде ашу шақырып, Құран қош көргенге разы болатын.

Пайғамбар (с.а.с.) ешқашан өзі үшін кек алмаған, ал Алланың тыйымы сақталмаған кезде, Алланың ризалығынан қайтаратын істерге ренжіп, ашу-ызаға берілетін. Алла елшісі (с.а.с.) ең адал, ең сенімді адам еді. Адамдармен қарым-қатынаста өте сыпайы, жылы шырайлы, ойланыптолғануда пейіл, жанарын жиі төмен салып отыратын, ұяң жүзді, кішіпейіл болған. Оған (с.а.с.) дөрекілік пен әдепсіздік атаулы жат еді. Ол (с.а.с.) ешкімді де себепсіз лағынеттемеген. Еш уақытта жамандыққа жамандықпен жауап қайтармаған, кешірімділік пен аяушылық танытатын. Өзінен (с.а.с.) бір нәрсе сұраған адамның өтінішін орындайтын немесе оған жылы сөздер айтып, көңілін аулайтын. Ол (с.а.с.) дөрекілік не қатыгездік көрсетпейтін, ешқашан өзі сөйлесіп тұрған адамның сөзін бөлмейтін. Әлдебіреудің сөзі әдептілік шегінен шықса, оның сөзін түзейтін немесе бұрылып кететін.

Алланың елшісі (с.а.с.) көршілеріне сый-құрмет көрсетіп, меймандарды ізетпен қарсы алатын. Өзінің барлық уақытын Алла жолында еңбек ету мен аса маңызды шаруаларды атқаруға арнайтын. Пайғамбар (с.а.с.) болашаққа сеніммен қарап, қатты уайымға берілуді ұнатпайтын. Екі істің бірін таңдау керек болған жағдайда, күнәлі еш нәрсе көрмесе, олардың оңайына тоқтам жасайтын. Қиын жағдайға ұшырағандарға көмектесуді және жәбір-жапа көріп жатқандарды құтқаруды ұнататын.

Алла елшісі (с.а.с.) өз сахабаларын қатты жақсы көретін, олармен жиі кеңесіп, оларға қамқорлық танытатын. Серіктерінің біреуі ауырып қалса, көңілін сұрап баратын. Ал қайсыбірі көрінбей қалса, оны іздеп, сұрастыратын. Сахабалардың бірі бақилық болса, оған арнап дұға қылатын.

Алла елшісі (с.а.с.) әрдайым басқалардың кешірімін қабыл алып, кешіретін. Оның (с.а.с.) алдында адамдардың барлығы – күшті де, әлсіз де тең құқылы еді. Әңгімелесу кезінде Алла елшісі (с.а.с.) байсалды да шешен сөйлейтін. Ол (с.а.с.) әзілдесетін, бірақ ондайда шындықты ғана айтатын.

материал «Құлшылық және сенім» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: