Ардақты Пайғамбарымыз жан тәсілім еткеннен кейін сенімді ізбасарлары сахаба-и кирам (радияллаһу анһ) қабірін кімге қаздырсақ екен деп өзара ақылдасады.
Ол кезде Медине қаласында қабір қазатын екі кісі бар етін. Бірі – қадірменді сахаба Әбу Ъубайдулла ибн әл-Жәррах болса, екіншісі ардақты сахаба Әбу Талха Зәйд ибн Сәһл әл-Ансари тұғын. Әбу Ъубайдулла қабірді Мекке халқының әдетінше қазатын. Яғни, қабірді тікесінен қазып, оның түп жағында мәйітке шақтап тағы шұңқыр қазылады. Оны «Шаққ» дейді. Бұлай қабірді көбіне құмды жердегілер қазады.
Әбу Талха болса, қабірді «ләхд» тәсілімен қазатын, яғни қазылған қабірдің жанынан қосымша ішкі үйін қазып, мәйітті соған жатқызады, соны «ләхд», «ләхид» дейді.
Сахабалар екеуіне де адам жіберіп, қайсысы бұрын табылса, соған қаздырамыз деп шешеді. Деректерге қарағанда, Пайғамбарымыздың көкесі Аббас ол екеуіне екі адам жіберіп, артынан былай деп дұға жасаған екен:
«Аллаһым, Алла елшісінің қабірін қазуға екеуінің қайсысын лайық көрсең, соны таңдағайсың!».
Содан Алланың қалауымен, Әбу Талха бұрын табылып, Алла елшісінің қабірін қазуды соған тапсырған екен[1].
Бұған байланысты сахаба Әнәс ибн Мәликтің былай деп әңгімелегені хадис кітаптарында келтірілген:
«Алла елшісі қайтыс болғаннан кейін, Медине қаласында «ләхд» (қабірдің ішкі үйі) қазатын кісі бар етін және «шаққ» қазатын кісі бар етін (хадистің арапшасында «ядроху» делінген). Сахабалар: «Таңдауды Аллаға қалдырып, ол екеуіне де адам жіберелік. Қайсысы бұрын болса, соны таңдайық» десті. Сөйтіп ол екеуіне адам жіберді. Ләхд қазушыға жіберілген адам бұрын тауып, сахабалар Алланың қабірін «ләхд» тәсілімен қазды»[2].
Қазуға қатысқандардың ішінде әл-Муғира ибн Шуъба да болды (радияллаһу анһ)[3].
Алла елшісін қабірге қойғандар
Деректерге қарағанда Алла елшісінің пәк денесін қабірге төрт кісі қойған. Олар – Әли ибн Әбу Толиб, Аббастың екі ұлы Фазл мен Құсум және Пайғамбарымыздың азатты құлы Шақран[4]. (Алла баршасынан разы болғай).
[1] Ибн Һишәм: әс-Сиратун Нәбәуия.
[2] Ибн Мәжә: Сүнән. Бәбу мә жә фиш шәққ.
[3] Имам Табарани.
[4] Ибн Исхақ: Сира.
материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,
ummet.kz