31
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбарды (с.ғ.с) сүюдің басты белгілері

Пайғамбарды (с.ғ.с) сүюдің басты белгілері

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Бір нәрсені немесе біреуді сүйген адам онымен бірге болғысы, оған ұқсағысы келеді. Махаббаттағы шынайылықтың өлшемі осы. Осы себепті, Алла Елшісін (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сүйетіндігін айтатын адамдарда мына белгілердің табылуы керек.

1. Оған еру, Оның сүннетін орындау, сөз бен іс- әрекеттеріне тәуелді болу, Оның әдептерінен тәрбие алу және мінезінен үлгі алу керек. Расында Алла Тағала былай дейді:
«(Ей, пайғамбарым!) айт: егер сендер Алланы сүйетін болсаңдар, тез маған еріңдер. Сонда Алла сендерді сүйеді және күнәларыңды кешіреді. өйткені Алла асқан рақымды, ерекше мейірімді».

2. Оның әмірлерін өз арман-мүдделерінен де жоғары ұстау керек. Осы жайында Алла Тағала былай дейді: «Олардан (Мұхажирлерден) бұрыннан мәдинада тұрып иманға ұйыған жарандар (ансарлар) кейін қастарына хижрет етіп (көшіп) келгендерді жақын тұтып, оларға берілген нәрселерге іштарлық жасамайды. өздері мұқтаждық көрсе де, оларды өздерінен артық көреді. Кімдер сараңдықтан өз басын тартса, солар мұратына жететіндер болып саналады».

3. Оның сүйген адамдарын, жанұясы мен тегінен тарағандарды және Ансар мен Мұхажирлерден құралған сахабаларын сүю-оларға іштерінен қастандық ойлап дұшпан болғандарды жек көру. Өйткені, біреуді сүйген адам оның сүйгендерін де сүйеді.
Алла мен Пайғамбарын жек көріп, оларды қорлағандарды жек көру керек және Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дұшпандарына дұшпан болу керек. Алла Тағала былай дейді: «Алла және ақырет күніне сенетіндердің Аллаға және расуліне қарсы келгендерді, өздерінің әкелері, ұлдары, аға-бауырлары, туыс-туғандары болса да дос тұтқанын кездестірмейсің».

4. Ол әкелген Құранды және Ислам шариғатын (үкімдерін) ұнатып сүю керек. Өйткені, Оның жан дүниесі де Құран еді.

5. Оның үмбетіне шапағат пен мейірімділік көрсету, олардың пайдасына қызмет ету керек.

6. Оны сүйетінін айтқан адам дүниеге құмартпауы керек. Кедейшілікке дайын және оған разы болу керек. Өйткені, Алла Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзін сүйген адамның біріне «Олай болса, кедейшілікке дайын бол!» - деген.

7. Оған жетуді, онымен жолығуды армандау керек. Өйткені сүйген адам сүйіктісімен жолыққысы, оған жақын болғысы келеді.

8. Оны жиі еске алу, ұмытпау керек, құрметпен қарап, шын көңілмен салауат айтып, сәлем беру керек. Өйткені, Оны сүюдің жолы Оны еске алудан және Оған салауат айтып сәлем беруден басталады.

материал «Пайғамбарымыз (с.а.у.) және Оның күнделікті іс-әрекеттері» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: