Исламда мұсылмандық құлшылықтарын орындаған адамның жасаған еңбегі сауапқа айналып, жұмысы қасиетті саналады.
Пайғамбарымыз(с.ғ.с): «Ешкім де өзінің маңдай терімен тапқаннан артық дүние таппаған », – деп, Дәуіт пайғамбарды мысал еткен (Ибн Мажә, Тижарет, 1).
Отбасының нәпақасын табу мақсатымен далаға шыққан жанның Алла жолында жүргенмен тең екендігі айтылған. Сол сияқты ешкімге күнін қаратпау үшін тер төккен кісінің әр қимылы ғибадат болып есептелетіні де бар.
Бірде хазірет Муазбен қол алып амандасқанда күстенген қолын ұстап тұрып, «Қолдарың қандай қатты еді?» – дегенде, «Бәрі де бала-шағаның қамы ғой, расулаллаһ», – дейді Муаз. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мына қолға тозақ оты тимейді », – деп сүйіншілеген.
Бірде сахабаларымен отырғанда жандарына бір қайыршы жақындап келіп, өзінің дүниеге жарымаған кедей екенін, балаларының үйде аш отырғанын айтып, мұңын шағады. Ел аралап қайыр сұрағаны болмаса, тепсе темір үзетін қарулы жігіт екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Үйінде не бар екенін көріп кел», – деп Әлиді (р.а.) әлгі кісінің үйіне жібереді. Сүт пісірім уақытта Әли (р.а.) қайта оралады. Дүние дегенде балалардың жамылып жатқан жамылғысы мен ошақ басында бір қазан ғана бар екенін айтады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) екеуін де алдырып, базарға сатқызады. Сосын «Арқан сатып алып, онымен орманнан ағаш тасып базарға сат, қырық күнге дейін үйге келме», – дейді. Алла елшісі оның отбасына өзі бас-көз болатынын айтады. Қырық күн өткеннен кейін әлгі кісі қайта келеді. Жұмысын әжептеуір дөңгелетіп алған екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) кейінірек осы оқиғаға қатысты былай деген: «Сендердің ел ішінде тіленіп өмір сүргендеріңнен гөрі табан ақы, маңдай терлеріңмен таудан отын тасығандарың анағұрлым жақсы» (Бұхари, Бую 15 ) .
Еңбек етуге мән берумен қатар жұмыскерлерді алдамауды, еңбегін жемеуді мықтап тапсырған. Намысына тиетін ауыр сөз айтуға қатаң тыйым салған. «Жұмысшыға еңбегін толық төлемеген адамға Алла Тағала о дүниеде дұшпан болады» (Бұхари, Ижара, 10) деп, кісі ақысына үлкен мән берген. «Қиямет күні үш түрлі адаммен өзім жеке кездесемін. Менің атымды пайдаланып әділетсіздік еткен адаммен, азат адамды ұрлап әкетіп сатқан қарақшымен, жалдаған жұмысшысына еңбегін төлемеген адаммен» (Бұхари, Ижара 12, 15) деген.
материал «Пайғамбар (с.ғ.с) жайлы 111 сұрақ» кітабынан алынды,
ummet.kz