04
Сәрсенбі,
Ақпан

һижри

Алла елшісін (с.ғ.с.) көре тұра кітап иелері неліктен иман етпеді?

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Қияметке дейін адамзат баласына ұстаздық қылатын ақиық Елшінің (с.а.с.) өнегелі ғұмырын танып-біле тұра, «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» дегендей, кейбір топтың иман етпеулерінің сыры тәкаппарлық пен қызғанышта, бәсекелестікте жатыр.

Сөз түйінін осыған тоқтатқан Құранда: «Алла тарапынан өздеріндегі Тауратты растаушы кітап (Құран) түскенде, алдында ғана күпірлікке қарсы тұруға көмек сұраған олар енді келіп Құранға қарсы шықты.Аллаһтың лағынеті қарсы шығушыларға тисін» («Бақара», 89) делінген.

Соңғы Пайғамбардың (с.а.с.) яһуди ұлтынан шықпауы қызғаныштың отына май құйды, өйткені біз білетін пайғамбарлардың көпшілігі яһуди қауымынан шыққан. Соны желеу етіп соңғы елшінің де өз қауымдарынан шығатынына құлай сенді. Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) арабтардан шыққанда төбелеріне жай түскендей әсер етті. Яһудилердің қызғаныштары өршіп, Алладан келген Елшіні (с.а.с.) мойындамауға дейін барды. Тәкаппарланып, өздерінің ерекше қауым екендіктерін алға тартып, басқаларды төмен санады. Алайда олар араб пен яһудилердің арғы аталары бір екенін ескермеді, өйткені Ибраһим пайғамбардың Исхақ және Исмайыл есімді екі ұлы болған. Исхақтың баласы Яқуптан яһудилер (еврейлер) тарайды, осы тектен көптеген пайғамбарлар келіп отырды. Ал Исмайылдан арабтар тарайды, бұл тектен соңғы елші Мұхаммед пайғамбарымыз ғана келді. Көзсіз қызғаныштан яһудилердің: «Мұхаммед (с.а.с.) араб, біз яһудиміз, пайғамбар яһудилерден келуі керек еді», – деп Алла елшісін (с.а.с.) мойындамауы нағыз надандық еді. Айналып келгенде, Ібілістің Алланың құзырынан қуылуына сеп болған тәкаппарлық яһуди қауымын да адастырды. Бұған мысал, яһуди білгірі Абдуллаһ ибн Сәлам Исламды қабылдағаннан кейін, Пайғамбарымызбен (с.а.с.) ақылдасып яһудилерді сынамақ болды. Екі жаһан сардары оларды үйіне жинап, әдейі хазірет Абдуллаһ жайлы пікірлерін сұрады. Олар салған жерден Абдулланың да, әкесінің де араларындағы ең білімді кісілер екенін айтып мақтады. «Егер Абдуллаһ мұсылман болса, сендер де иманға келесіңдер ме?» – деп сұрағанда, яһудилер оның мүмкін еместігін ойлағандықтан «Иә» деп жауап береді. Абдуллаһ жасырынып тұрған жерінен шығып, Мұхаммедтің (с.а.с.) Таурат пен Інжілде жазылған соңғы елші екенін қабылдағанын айтады, бірақ яһудилер табан астында сөздерінен тайқып кетті. Алдында ғана мақтан тұтып, халқының қалаулысы, елінің елеулісі екенін айтқандар енді әкесін де, өзін де жамандап шыға келді (Сира, 2:164).

Абдуллаһ ибн Сәлам өзінің қандастарына қарап: «Әй, яһудилер! Алладан қорқыңдар! Мұхаммедтің пайғамбарлығын мойындаңдар. Тауратта аты мен сипаттары жазылған елші осы екенін анық білесіңдер», – деген еді. Иман етпеулерінің тағы бір себебі – бәсекелестік. Муғира ибн Шуғба айтады: «Әбу Жәһилмен бірге отырған едік. Пайғамбар (с.а.с.) қасымызға келіп тізе бүгіп, біраз уағыз айтты. Әбу Жәһил: «Мұхаммед, егер мұның бәрін о дүниеге барғанда дағуатыңа куә болсын деп айтып жатсаң, қиналмайақ қой, өзім-ақ куәлік етем. Бар сұрайтыным, қазір менің мазамды алма», – деді. Алла елшісі (с.а.с.) ренішті күйде тұрып кетіп қалды. Мен Әбу Жәһилден: «Шынымен, оған сенбейсің бе?» – деп сұрадым. Сонда: «Негізі, Мұхаммедтің пайғамбар екенін білемін, бірақ Хашим ұрпақтарымен ежелден бері келе жатқан бәсекелестік бар. Олар келген қажыларға тамақ пен су беріп, сонысымен мақтанады. Енді соңғы пайғамбар да бізден шықты десе, оған шыдай алмаймын», – деп жауап берді» (Ибн Әби Шәйбә, Мусаннаф, 7/255-256).

Басқа бір риуаятта құрайыштық Харис ибн Амр: «Сөзіңді жалған демейміз, айтқаныңның бәрі рас, бірақ саған еретін болсақ, беделімізден айырыламыз. Сол үшін иман етпейміз», – деген болатын. Мұндай ой мен сөз тек бір-екі кісіге ғана емес, көпшілікке тән еді. Үрей, көкіректік, бірбеткейлік сияқты мінездері иман етулеріне мүмкіндік бермеді. Ең сорақысы сол: бұл бейшаралар біле тұра Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сөзіне қарсы шығушы еді. Құран мұндай адамдардың халін баяндай келіп әрі расулалланы жұбата отырып: «Олардың айтқандары көңіліңе келетінін жақсы білеміз. Негізінде, сені өтірікші санамайды, бірақ біле тұра Алланың аяттарына қарсы шығады» («Әнғам», 33-аят.) деген. 

материал «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) туралы 111 сұрақ» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: