Жәбирден (Алла оған разы болсын). Бір кісі Пайғамбардан (с.а.с.) азық сұрап келеді. (Пайғамбар (с.а.с.)) оған азыққа жарты уасқ арпа береді. Содан әлгі кісі мен әйелі және олардың қонағы сол (арпаны), ол оны өлшегенше жейді. Кейін ол Пайғамбарға (с.а.с.) келеді.
Сонда (Пайғамбар (с.а.с.) оған): «Егер де оны өлшемегеніңде, одан жей беретін едіңдер және ол (арпадан) сендерге (тағы да) қалар еді», – деген (2281/9).
Жәбир ибн Абдулладан (Алла әкесі екеуіне разы болсын). Ол: «Ор қазылған кезде, Алла елшісінің (с.а.с.) бойынан аштықтың табын көрдім3 де, әйеліме келіп: «Сенде бірдеңе бар ма? Мен Алла елшісінің (с.а.с.) бойынан қатты ашыққанын көрдім», – дедім. Ол маған ішінде бір сағ арпасы бар тері қапшық шығарды. Сондай-ақ біздің үйде бағып отырған қозымыз болатын. Мен соны сойдым, ал (әйелім арпаны) талқандап, мен (қой сойып) болған кезде, ол да (арпаны талқандап) болды. Мен (етті) боршалап, оның қазанына (салдым да), сосын Алла елшісіне (с.а.с.) кеттім. (Әйелім маған): «Мені Алла елшісі (с.а.с.) мен оның жанындағылардың алдында ұятқа қалдырма», – деді. Содан мен (Пайғамбарға (с.а.с.)) келіп, оған құпиялап: «Уа, Алланың елшісі! Біз қозымызды сойған едік, ал (әйелім) өзіміздегі бір сағ арпаны талқандап қойды. Бірнеше адаммен бірге (біздің үйге) кел», – дедім. Алла елшісі (с.а.с.) дауыстап: «Ей, ор қазып жатқандар! Жәбир сендерге ас дайындапты. Қане, тезірек жүріңдер», – деді. Және де Алла елшісі (с.а.с.): «Мен барғанша қазандарыңды түсірмеңдер және қамырларыңды пісірмеңдер», – деді. Сөйтіп, мен келдім, Алла елшісі (с.а.с.) адамдардың алдында келді. Әйеліме келгенімде, ол: «Сенен болды, сенен болды!» – деді. Мен (оған): «Мен сенің айтқаныңды істедім», – дедім. Сосын (Пайғамбарға (с.а.с.)) қамырымызды шығардым, ол оған түкірді және береке тіледі. Содан кейін ол қазанымызға барып, оған да түкірді және береке тіледі. Сонан соң ол (әйеліме): «Наубай әйелді шақыр, сенімен бірге нан пісірсін. Ал (тамақты) қазандарыңнан құй және оны (оттан) түсірмеңдер», – деді. Олар мың (кісі) еді. Алламен ант етейін, олар (тамақты тоя) жеп, оны қалдырып кетті. Және олар қайтқан кезде, қазанымыз сол күйінде қайнап тұрды, ал қамырымыз (немесе Даххак айтқандай) бұрынғысынша пісіріліп жатты», – деген (2039/141).
Абдур-Рахман ибн Әбу Бәкірден (Алла әкесі екеуіне разы болсын). Ол: «(Бірде) біз жүз отыз кісі Пайғамбармен (с.а.с.) бірге болғанымызда, Пайғамбар (с.а.с.): «Әлдебіреуіңде азық бар ма?» – деп (сұрады). Бір кісіде бір сағ немесе соған шамалас азық бар екен, содан қамыр иленді. Сосын шашы ұйпа-тұйпа, ұзын бойлы бір мүшрік кісі қой айдап келді. Пайғамбар (с.а.с.) (одан): «Сатасың ба, әлде тарту етесің бе (немесе сыйға бересің бе)?» – деп (сұрады). Ол: «Жоқ, сатамын», – деді. (Пайғамбар (с.а.с.)) одан бір қой сатып алып, одан (тамақ) әзірленді. Сондай-ақ Алла елшісі (с.а.с.) (қойдың) бауырын қуыруды бұйырды. Алламен ант етейін, жүз отыз кісінің барлығына Алла елшісі (с.а.с.) (қойдың) бауырынан бір-бір кесек кесіп, сол жердегілердің өздеріне берді, ал ол жерде болмағандарға алып қойды. Және ол екі үлкен ыдысқа (ас) дайындатты. Біздің барлығымыз сол екеуінен тамақ жеп тойдық және ыдыстарда да (тамақ) қалып қойды. Мен оны түйеге арттым», – деген немесе өзі айтқандай1 (2056/175).
Абдур-Рахман ибн Әбу Бәкірден (Алла әкесі екеуіне разы болсын). Суффада тұратындар жарлы адамдар болатын. Бірде Алла елшісі (с.а.с.): «Кімнің екі кісілік тағамы болса, үшінші бір кісіні ертіп әкетсін, кімнің төрт кісілік тағамы болса, бесінші, алтыншы бір кісіні ертіп әкетсін (немесе өзі айтқандай)», – дейді. (Абдур-Рахман) айтады: «(Сонда) Әбу Бәкір (үйіне) үш кісі ертіп әкелді, ал Алланың пайғамбары (с.а.с.) он кісі ертіп әкетті. (Үйде) мен, әкем және анам бар еді. (Хадисті жеткізуші): «(Абдур-Рахман): «сондай-ақ менің әйелім және біз бен Әбу Бәкірдің үйінің арасындағы қызметкер» деп айтты ма, білмеймін», – деген). Әбу Бәкір кешкі асты Пайғамбардың (с.а.с.) үйінде ішті де, сонда құптан намазы оқылғанша қалды. Сосын қайтадан (Пайғамбардың (с.а.с.) үйіне) келіп, Алла елшісінің (с.а.с.) ұйқысы келгенше сонда болды. Сөйтіп, (үйге) түннің Алла қалаған бір бөлігі өткеннен кейін ғана келді. Одан әйелі: «Қонақтарыңа (немесе қонағыңа) келуіңе саған не кедергі болды?» – деп (сұрады. Әбу Бәкір): «Сен оларға кешкі асты бермедің бе?» – деді. (Әйелі): «Сен келмейінше (жеуден) бас тартты, олар (қонақтарға тамақтануды) ұсынғанмен, олар көнбеді», – деді».
(Абдур-Рахман) айтады: «Мен барып жасырынып қалдым. (Әбу Бәкір маған): «Ей, оңбаған!» – деп, «құлақ, мұрның кесілсін» деген сөздер айтып, ұрысты (Ас әкелінген соң) ол: «Жеңдер, сіңімді болмасын», – деді және: «Алламен ант етейін, мен бұдан мүлдем дәм татпаймын!» – деді. Алламен ант етейін, (тағамнан) бір жұтым алып (жесек), оның астынан одан да көбі пайда болатын. Сөйтіп, біз әбден тойдық, ал (тамақ) бұрынғысынан да көп болып кетті. (Тамаққа) қараған Әбу Бәкір оның сол қалпы не одан да көбірек екенін көріп, әйеліне: «Ей, бәну фирастың қарындасы! Мынау не?» – деді. (Әйелі): «Қандай қуаныш! Ол қазір бұрынғысынан үш есе көп!» – деді. Сонда Әбу Бәкір одан жеп: «Бұл (ол антын меңзеді) – анық шайтаннан!» – деді де, одан бір түйір алып жеді. Сосын (тамақты) Алла елшісіне (с.а.с.) апарып, таң атқанша (тағам) сол үйде болды. Біз бен бір тайпаның арасында келісім бар еді, (осы келісімнің) мерзімі өткен болатын. Біз (сол тайпаға жіберу үшін) он екі кісіні (он екі топқа басшы етіп) белгіледік, сол кісілердің әрқайсысымен бірге жіберілген адамдар болды, әрқайсысымен бірге қанша (адам) болғанын Алла жақсы біледі. Солардың барлығы осы (тағамнан) жеді» немесе оның айтқанындай (2057/176).
материал «Муслимнің сахих хадистер жинағы» кітабынан алынды,
ummet.kz