Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тек отбасы ішінде ғана емес, барлық адамдарға ерекше ізгілікпен қарайтын. Қызметшісі де, досы да, бөтені де – бәрі Одан тек мейірім көретін. Анас (р.а) былай дейді: «Мен Пайғамбарға (с.ғ.с) он жыл қызмет еттім. Бірде-бір рет “Туһ” (яғни, “тәйт” дегенді), не “Неге бұлай істедің?”, “Неге істемедің?” деген сөзді естімедім» (Бухари, Муслим).
Тағы бір риуаятта: «Ол мені ешқашан ұрған емес, жекіген емес, қабағын шытып қараған емес. Бір істе жалқаулансам, өзгелер ренжіп жатса, Пайғамбар (с.ғ.с) Оны қойыңдар, егер бұл тағдырда болса – бәрібір болады ғой”, – дейтін» (Әбу Нуғайм).
Бұл – Оның сабырлығын ғана емес, тағдырға деген терең иманын көрсетеді. Сонымен қатар, Ол (с.ғ.с) сөйлескен адамға бар ықыласымен көңіл бөлетін. Анас (р.а) айтады: «Бір адам Пайғамбардың құлағына сыбырлап сөйлесе бастаса, Пайғамбар (с.ғ.с) басын бұрып, ол адам өзі әңгімесін аяқтап кеткенше, назарын аударатын. Ешқашан сөзін бөліп тастамайтын. Біреумен қол ұстасса, ол адам өзі қолын жібермейінше, Пайғамбар (с.ғ.с) қолын босатпайтын» (Әбу Дәуд). Әбу Һурайра (р.а) «Пайғамбар (с.ғ.с) біреумен қол алысып, сөйлессе, бүкіл жүзін оған қаратып, соңына дейін назарын аударып тұратын. Ешқашан жүзін басқа жаққа бұрмайтын. Жиындарда отырғанында да тізесін қасындағы адамнан ауыстырып әдепсіздік қылмайтын».
материал «Бұл Алланың елшісі» кітабынан алынды,
ummet.kz
Бөлісу: