Фатима (р.а) туылғанда, əзірет Хадиша қызының жүзінен əзірет Мұхаммедтің (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) жүзін көргендей болып, қуанышы қойнына сыймайды.
Əнəс ибн Мəлік: «Фатиманың тұлғалық қасиеттері туралы анамнан сұрағанымда, ол: «Фатима Пайғамбарға қатты ұқсайтын еді» деді» – , деген.
Əзірет Айша анамыз: «Сөйлеу мəнері жағынан Фатимадан (р.а) асқан Расулаллаға ұқсайтын жан көрген жоқпын. Ол əкесінің қасына келгенде, Пайғамбарымыз құрметпен орнынан тұрып, маңдайынан сүйетін, жағдайын сұраған соң, өзінің орнына отырғызатын. Расулалла Фатимаға барған кезде, ол да осылай жасайтын» (Мүслим, Фадаилус сахаба 98, Əбу Дəуіт, Əдəб, 143), – деген.
Пайғамбарымыздың өмірінің соңғы күндері. Ардақты əйелдері жиналып, Расулалланың қасында отырған. Осы кезде əзірет Фатима (р.а) келеді. Жүрісі Расулалланың жүрісінен айнымайтын. Оны көрген кезде
Алла елшісі: «Қош келдің, қызым!» – деп ілтипат білдіріп, қасына отырғызды. Осыған дейін бір нəрсе жетіспей тұрғандай болып еді, ендімғана сол олқылық тамамдалған еді.
Бір кезде Пайғамбарымыз қызы Фатиманың (р.а) құлағына бір нəрсе сыбырлайды. Əзірет Фатиманың (р.а) түрі өзгеріп, жылай бастайды. Оның жылауы сол жердегі адамдармен қатар ардақты Пайғамбардың да жүрегін елжіреткен. Осы кезде тағы да иіліп əзірет Фатиманың құлағына тағы бір нəрсе айтады. Жылап тұрған Фатима енді күлімсірейді.
Əзірет Айша (р.а) да басқа əйелдер секілді таңырқап қалады. Пайғамбарымыз қызы Фатимаға (р.а) не айтты екен? Осыны əзірет Фатимадан сұрағанда, «Расулалланың сырын айта алмаймын» деген жауап алады. Бұдан кейін осы мəселе жайлы бірнеше рет сұрағанмен, жоғарыдағыдай жауап алады. Пайғамбарымызға Хақтың бұйрығы келіп, мəңгілік сапарға аттанған кезде, тағы да сұрайды. «Сенің алдыңда қадірім бар болса, айтшы: сол күні саған не деді?» «Енді айтсам болады», – дейді əзірет Фатима (р.а) күлімсіреп. «Əкем алғаш сыбырлағанда, Жəбірейіл Əмин жыл сайын рамазан айында бір рет келіп, Құран түсіретін болса, биыл екі рет келгенін айтып, «Менің ажалым жақындаған сияқты», – деді. Маған: «Сабыр ет, Алладан қорық жəне тақуалықтан айырылма! Жəне Мен сенің əкеңмін», – деді.
Міне, сол кезде өзімді ұстай алмадым, жыладым. Менің жылағанымды көріп, тағы да құлағыма сыбырлап, отбасының ішінен алғашқы болып өзімен қауышатын адамның мен екенімді айтты жəне сөзін ары қарай жалғап: «Уа, Фатима! Мүмін əйелдердің таңдаулысы немесе бұл үмбеттің əйелдерінің қалаулысы болғың келмей ме?» – деді. Міне, менің күлген себебім осы» (Бұхари, Фадаилу асхабин-нəби, 12).
материал «Фатима анамыздың өмірі (р.а)» кітабынан алынды,
ummet.kz