22
Жұма,
Қараша

һижри

Пайғамбар сүйіспеншілігі

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Құранда мынадай аят келеді: «Пайғамбар, мүміндерге өздерінен артық» («Ахзаб» сүресі, 6-аят).Саңлақ сахабалар ислам дінінің кең қанат жаюына табанды еңбек сіңірген тарихтағы ең ардақты жандар. Олар пайғамбар өмір сүрген алтын ғасырдың бір-бір куәгерлері еді. Тіпті, олар аспандағы жұлдыздар секілді жарық жол нұсқаған ұлы тұлғаларға айналды. Олар адамзаттың абзалы болған Алла Елшісімен (соллаллаһу аләйһи уә салләм) замандас болып қана қоймай, өздерінен пайғамбарды артық жақсы көріп, қалт еткенде үнемі қасынан табыла білді.

 

Не үшін үнемі?

 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде былай деген: «Мына үш нәрсе кімде болса, онда ол иманның ләззатын татады. Олар: Оған Алла және Оның Елшісі басқа нәрселердің бәрінен сүйіктірек болуы; кісінің тек Алла үшін ғана сүюі; Алланың оны күпірліктен құтқарғаннан кейін оған қайтып оралуды, тозаққа тасталғанды жек көргендей жек көруі» (Бұхари, Мүслим). Иә, иманның ләззатын шын татқан сахабалардың ардақты Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә салләм) деген сүйіспеншілігі жоғары болды. Ал, сүйіспеншілік – иманның шыңы әрі ара-қатынасты жақындастырудың алғашқы сатысы. Сондай-ақ, олар сүйіспеншіліктен жәннатты ғана аңсап қоймай, онда да Алла Елшісімен бірге болуды мұрат тұтты.

 

Мұнша жағдайға жеткізген не нәрсе?

 

Шынында сахабаларды мұнша жағдайға жеткізген не нәрсе? Сахабалардың жеткізуіне қарағанда, сахабалар ең жақсы көрген хадис – Пайғамбарымыздың (соллаллаһу аләйһи уә салләм) мына хадисі еді: «Адам сүйгенімен бірге болады» (Бұхари, Мүслим, Тирмизи).

 

Хадиске амалы қандай еді?

 

Қарап отырсаңыз, пайғамбар айтқан хадистің мазмұны қандай керемет. Өмірде адам кімді жақсы көрсе, не үлгі тұтса, соған ұқсап, оның көңілінен шығатын іс жасауға бейімделеді. Барынша ренжітпеуге әрі көңілі қош көрмеген істен бойын алшақ ұстайды. Оны үнемі үлгі етеді. Біреу әкесіне, енді біреу басшысына, біреулер досына қарап өмір жолын қалыптастырады. Ал сахабалар жоғарыдағы хадистің бейнесін көрсете білді.

Бір кісі хазреті Пайғамбарымызға (соллаллаһу аләйһи уә салләм) келді, сосын былай деді: «Ей, Алланың Елшісі! Мен үшін сіз нәпсімнен де жақынсыз. Сізді балаларымнан да артық жақсы көремін. Үйде жүргенде сізді есіме алып жүремін. Сізді келіп көрмейінше, көңілім бір тыншымайды. Сіздің дүниеден өтуіңіз бен менің дүниеден өтуімді ойлағанда, мынаны түсіндім. Сіз жәннатқа кіргенде пайғамбарлармен бірге боласыз, ал менің жәннатқа кіруім беймәлім. Егер жәннатқа кірген болсам, сізбен бірге бола алмаудан қорқамын».

Алла Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә салләм) оған жауап бермеді. Дәл осы кезде Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә салләм) мына аят түсірілді: «Ал және кім Аллаға, пайғамбарға бой ұсынса, міне солар; Алла (Т.) нығметке бөлеген пайғамбарлар, шыншылдар, шәһиттер және игілермен бірге болады. Олар нендей жақсы жолдас!»(«Ниса» сүресі, 69-аят, Хаятус-сахаба, 2 т, 350 б)

Сахабаларын қандай жақсы көрген болса, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә салләм) қияметке дейінгі келетін үмметі біздерге де құрметі басқаша. Сондықтан, «үмметім» деп шырылдап, үн қатқан Пайғамбарымызды (саллаллаһу аләйһи уә салләм) сахабаларша шексіз сүю маңызды іс. Қалай десекте, адам баласы сүйгенімен бірге боларын ұмытпау қажет.   

«Ummet.kz» рухани-ақпараттық порталы   

Бөлісу: