22
Жұма,
Қараша

һижри

Алла Елшісі (с.ғ.с.) қызына не айтты?

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Алланың елшісі Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қайтыс боларынан ілгергі күндерін хазреті Айша анамыздың бөлмесінде өткізді. Сырқат өн бойын дендегендіктен әдеттегідей мешітке келіп, имамдық ете алмады. Өз орнына досы, ардақты сахаба Әбу Бәкірді (р.ғ.) имамдыққа тағайындады. Айтпақшы, Әбу Бәкір (р.ғ.) пайғамбарымыздың саулығында он жеті рет жамағатқа имамдық ету бақытын иеленген кісі.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сырқаттанғанын естіген жақындары мен сахабалары күн сайын зиярат ете келіп, хал-жағдайын білісіп жатты. Осы аралықта Алла Елшісі (с.ғ.с.) бірде үйінде, бірде мешітке келіп, барша үмметтеріне насихатын жеткізіп жүрді. Сахабалар да пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әрбір сөзін мұқият тыңдап, насихаттарына терең ой жүгіртті.

Айтқандай, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) жеті баласы болды. Алайда оның алтауы өзінен бұрын ерте дүние салды. Тек тұяқ басары әрі көзінің нұрындай болған жалғыз қызы Фатима (р.ғанһа) анамыз ғана қалды. Фатима анамыз өнегесі мол, отауы бөлек ардақты жан-ды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сырқаттанғанын білетін Фатима анамыз да жиі-жиі хал сұрасуға келіп тұрды.

Фатима (р.ғанһа) анамыздың әкесімен бірге өткізген соңғы сәттерін хазреті Айша анамыз р.ғанһа) былай деп еске алады:

«Алла Елшісі (с.ғ.с.) қызы Фатиманы қасына шақырды. Ол әкесінің жанына жүріп барды. Фатиманың жүрісі де Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жүрісіне қатты ұқсайды. Алла Елшісі (с.ғ.с.) қызын қасына отырғызып, онымен ерекше әңгімелесті. Осы әңгімеден кейін Фатима өзін ұстай алмай, жылады. Келесі жолы да Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қызы Фатиманы қасына шақырып, тағы да екеуара сөйлесті. Мұнан кейін Фатима (р.ғанһа) күлді. Мен осыған дейін күлу мен жылаудың бір-біріне осыншалықты жақын екенін көрген емеспін».

Осы жерде болған аналардың бірі Үмму Сәлама (р.ғанһа) былай дейді: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) дүниеден өткеннен кейін Фатимадан сол күнгі күлгені мен жылағанының себебін білмек болып сұрадым. Фатима (р.ғанһа) маған былай деп жауап берді: «Әкем маған алдымен дүниеден өтетіндігін айтып, хабар берді. Мұны естігесін мен де еріксіз жылап жібердім. Онан кейін ақыретте Әһлі бәйттен өзіне бірінші болып қауышатын мен екенімді және менің жәннаттта Имранқызы Мәриямнан басқа өзге әйелдердің мырзасы болатындығымды айтып сүйіншіледі. Осыны естіп, қатты қуанғанымнан күлдім». (Тирмизи, Мәнақиб, 60; Ибн Сағд, Табақат, II, 247; Ахмад б. Ханбал, Муснад, VI, 282)  

 

 «ummet.kz» руханиақпараттық порталы 

Бөлісу: