22
Жұма,
Қараша

һижри

Мәдина сапары несімен есте қалды?

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Ол күн Мәдина шаһарының және сол нұрланған қаланың тұрғындары үшін ең әдемі, ең есте қаларлық сәт болды. Сол күн еске түссе болды, жүректер нұрға бөлене кетеді. Ардақты сахаба Әнас ибн Мәликтің тілімен айтқанда, сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Мәдинаға алғаш келген күннен асқан, әдемі, нұрлы бір күн болған емес.

Алла Елшісінің қалаға келгенін естіген Мәдина жұрты көшелерге асыға жүгіріп, «Алла Елшісі (с.ғ.с.) келді!, Алла Елшісі (с.ғ.с.) келді!» деп бір-бірін сүйіншілесті. Меккеден Мәдинаға қоныс аударған Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) көптен көрмеген мұхажир (қоныс аударған) сахабалардың өзі сағыныштан көздеріне жас алды. Ал, өмірлерінде тұңғыш рет пайғамбарды көрген мәдиналық мұсылмандар нағыз бақыттың не екенін енді түсінгендей күй кешті.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) түйесінің үстінде отырып, қала көшесімен ішке еніп келеді. Мәдиналық мұсылмандардың әрбірі ол кісіні үйлеріне қонақ етуге асық. Бір-бірімен сөз жарыстыра пайғамбарға қонақ болуын айтып, ұсыныстарын білдірісіп жатты. Алла Елшісі (с.ғ.с.) ақжарқын мәдиналықтардың көңілдерін қалдырмай, күлімді жүзімен былай деді: «Түйенің жолын ашыңыздар, қай жерге тоқтайтыны оған белгілі».

Мәдина қаласында жап-жасыл құрма бақшалары ішінде үйлері орналасқан  сондай ауқатты, бай мұсылмандар да бар еді. Олардың пайғамбарды (с.ғ.с.) қалай күтем десе де шамалары толық жететін-ді. Алайда жалған дүниеге және ондағы қызылды-жасылды алдамшы нәрселерге біз секілді қарамайтын әрі мына өмірде бір жолаушы секілді ғана екенін үнемі есінен шығармайтын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ауқаттылардың да шақыруын қабыл алмады.

Ғаламның рахым нұры болған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Мәдинаға келуі пақыр жандар үшін үлкен мейрамға айналды. Қам-көңіл жандардың жүрегін жаулаған Алла Елшісі (с.ғ.с.) адамдарды бай-кедей деп бөлместен, түйенің шөгер жерін күтіп, өзгелер секілді оған разылығын білдірді.

Нәжжар ұлдарының көшесіндегі бір жерге келгенде пайғамбар мінген «Қусуа» атты түйе өз еркімен шөкті. Түйе шөккен жер Сәһл, Суһәйл есімді ағайынды  жетім жігіттерге тиесілі болатын. Екі ағайынды ол жерде құрма кептіретін еді. Олар өз жерлерін Алла жолында бермек болса да, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көркем сөзбен оларға жауап қайырып, жерлерін ақыға сатып алды. Мұнан соң жан-жағына қарады. Сосын Алла Елшісі (с.ғ.с.) ең жақын үйдің иесі Әбу Әюб Әл-Ансаридің үйінде қонақта болды.

Әбу Әюб Әл-Ансаридің қыз балалары:

«Біз Нәжжар қыздарымыз,

Мұхаммедпен көршілікке жан береміз», - деп әндете қарсы алды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әлгі қыз балалардың қасына барып, былай деді:

-Мені жақсы көресіңдер ме?

Олар бірауыздан:

-Иә, Алланың Елшісі! – деді.      

Алла Елшісінің (с.ғ.с.) көңілі тіпті сүйіспеншілікке толды. Төрт қыздың әкесі болған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да өзінің қыздарын сондай қатты жақсы көретін. Жылы сөзбен оларға: «Уаллаһи, Мен де сендерді өте жақсы көремін», - деп жауап қайырды.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) өзі қонақ болған Әбу Әюб Әл-Ансаридің үйінде отырып, жан-жағындағы адамдарға былай деп насихат айтты: «Ей, адамдар! Өзараларыңда сәлемді жайып тарқатыңдар. Және адамдарды тамақтандырыңдар. Туысқандарыңмен болған қарым-қатынасты жақсартыңдар. Және адамдар ұйқыда болған сәтте намаз оқыңдар. Сонда жәннатқа амандық, сәлеметпен кіресіңдер».

Міне, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Мәдина қаласына келіп, алғаш табан тіреген сәті осылайша ислам тарихында алтын әріппен қалды. Сондай-ақ, қияметке дейін әрбір адам баласына бақыт жолын көрсетер насихат сөзін жеткізді. Иә, пайғамбар айтқанындай жер бетіндегі адам баласы өзара сәлемдесіп, адамдарды қонақ етіп, туысқандарымен жақсы қарым-қатынас жасап және күнделікті намазына берік болса, мына дүниеде онан асқан қандай бақыт табар екен?!   

«ummet.kz» рухани – ақпараттық порталы

Бөлісу: