22
Жұма,
Қараша

һижри

Дінге ашық шақыру

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Алла Елшісіне (с.ғ.с.) үш жылдан соң дінді ашық насихаттау турасында аят түсті:

وَأَنذِرْ عَشِيرَتَكَ الْأَقْرَبِينَ {214} وَاخْفِضْ جَنَاحَكَ لِمَنِ اتَّبَعَكَ مِنَ الْمُؤْمِنِينَ {215}

«Жақын туыстарыңды дінге шақыр. Мүминдерден саған ергендерге рақымдылық таныт». («Шуара» сүресі, 214 – 215 аят)

 

Осыдан бастап Алла елшісі (с.ғ.с.) жақын туыстарын қонаққа шақырып, оларға Ислам дінін насихаттай бастады. Алла елшісінің (с.ғ.с.) насихатын естігенде, туыстары теріс айналды. Өз көкесі Әбу Ләһаб та оның айтқандарына өре түрегеліп қарсы шықты.

Бірде Қағба маңындағы Сафа жотасына шығып, арабтардың әдеті бойынша «Уа, халайық!» деп жұрттың назарын өзіне аударды. Естіген жұрт айналасына жиналды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

– «Егер де мен анау таудың арғы жағында жау қолы таяп қалды, тұтқиылдан шабуылдайды десем, осы айтқаныма сенер ме едіңдер?»

– «Әрине, сен айтсаң, сенеміз. Өйткені біз сенің жалған сөйлегеніңді көрген емеспіз».

– «Олай болса, біліп қойыңдар. Мен – сендерге Алланың әмірін жеткізушімін» деді.

Жиналғандардың арасынан көкесі Әбу Ләһаб алғаш болып қарсы шығады. Оның «Ей, тұқымың (қолдарың) құрғыр! Бізді осы үшін шақырдың ба?» деген сөзі жиналған халықтың үйді-үйлеріне тарауына себеп болды.

Алла елшісі насихаттаған дін негізінен мынадай бұйрықтардан тұрды:

«Барша жаратылыстың егесі – Алла тағала. Ол – Жаратушы, баршаға рызық беруші, Мәңгі тірі, болмыс атаулының Иесі сол ғана. Ендеше, пәни нәрселерге: жұлдыздарға, айға, ағаштарға емес, бір Жаратушыға ғана мойынсұнып, Соған ғана құлдық ұру қажет. Ұрлық-қарлық, әлімжеттік жасап басқаның мүлкін тартып алу, ар-намысын аяққа таптау – үлкен күнә. Бұл әдеттеріңді тастаңдар! Әрқашан шындықты айтып, өтіріктен жуымаңдар. Әділ болыңдар! Нақақ кісі өлтірмеңдер! Барлығына, әсіресе туған-туыс, жарлы-жақыбай мен мұқтаж жандарға, жолаушыларға жақсылық жасаңдар! Асырай алмаймын-ау деп балаларыңды өлтірмеңдер! Зинаға жақындаушы болмаңдар! Жетім-жесірді жылатпаңдар! Уәде берсеңдер, сөздеріңде тұрыңдар! Таразыдан жемеңдер! Нақты білмейтін нәрселеріңді сөз етпеңдер. Өйткені құлақ, көз, жүрек – бәрі де айтылған ауыздан шыққан сөз үшін жауапқа тартылады. Менмендік пен тәкаппарлықтан сақтаныңдар! Бір-бірлеріңе мейірімді, жұмсақ сөйлеп, әдепті болыңдар! Ешкім басқа біреуді мазақтап қорламасын, жаман лақап ат тақпасын! Басқалар жайлы жаман ойламаңдар! Өзгенің қатесін тіміскілеп, күнәсін ашуға құмартпаңдар. Өздеріңе, ата-аналарың мен жақындарың үшін болса да өтірікке куәлік жасамаңдар! Әділетсіздік жасамаңдар, кешірімшіл болыңдар! Жамандыққа жақсылық жасаңдар, ішімдік ішпеңдер, құмар ойындарына құмартпаңдар!

«Барлығың да Алла тағаланың алдында теңсіңдер. Ешкім бетіне қара күйе жағылып қор болып туылмайды, ешкім де бұл өмірге атақ-даңқпен келмейді. Тек қана Жаратқанға құрметпен тағзым еткендер, сөзі мен істерінде әрдайым турашыл болғандар ғана шын абырой таппақ. Адамды ұлты мен түр-түсіне қарап кемсітпеңдер. Бәрің де ажалдан құтыла алмайсыңдар. Біліп қойыңдар, о дүниеде әділ сот құрылып, бүкіл істеріңе жауап бересіңдер. Ол кезде ешқандай таныстық та, пұл да көмектесе алмайды. Ол кезде адамға иманы мен ізгі істері ғана көмектеседі. Осыларға ие болған жан мәңгілік бақыт отаны жәннатқа, ал бұдан мақұрым қалғандар тамұққа тасталады».

Құрайыштықтар Ислам дінін қабылдаған жарлы-жақыбайларға, әсіресе туысы жоқ адамдарға қатты қысым көрсетті. Тіпті әлімжеттікте шектен шығып, түрлі зорлық-зомбылық жасай бастады.

Әсіресе мұсылмандықты қабылдаған құлдар өз қожайындарынан көп жапа шекті. Олардың арасында Біләл (р.а.) мен Ясир (р.а.) отбасын атауға болады.

Залым мүшрік Үмәййа ибн Халаф Біләлға Исламнан бас тартуды бұйырып, оны көшеде итше жетектеп, жалаңаш күйде күйіп тұрған құмға жатқызып, көкірегін ауыр таспен бастырып қинады.

Ал Ясирді жанұясымен бірге қан-жоса дүрелеп, аяқ-қолдарын керіп байлап тастады. Жаны қиналып қанша азап көрсе де бірақ олар Исламнан бас тартпады. Ясирдің әйелі Сүмайяны Әбу Жәһил найзамен шаншып өлтірді. Артынша Ясирді де осылай ана дүниеге аттандырады. Олар Ислам тарихында алғаш шейіттіктің дәмін татты. Кезек өзіне келгенде, адам төзгісіз жағдайға шыдай алмаған Аммар еріксіз олардың айтқанына көніп, Исламнан бас тартады. Кәпірлер соған мәз болып, Аммарды еркіне қоя берді. Аммар ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көз жасын тыя алмай жағдайды түсіндіреді. Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Олардың тілегін тіліңмен айтқанда, жүрегіңмен қостамаған болсаң, Алла сені кешірер. Егер тағы да сені ұстап алып, қинайтын болса «сендердің дегендерің болсын» деп басыңды арашалап ал», – деп Аммарды жұбатады.

Сағыд ибн Әбу Уаққас (р.а.) Ислам дінін қабылдағанда, анасы бұлқан-талқан ашуланды. Тіпті анасы өз-өзін үйдің діңгегіне байлатып тастайды. Баласы Сағыд Исламнан бас тартпайынша, нәр сызбайтынын да айтады. Керек болса, осы жолда өлетінін жеткізеді. Бұл көп уақытқа дейін осылай жалғасты. Ал Халид ибн Саидты әкесі ұрып-соғып, аяқ-қолын байлап бір бөлмеге қамап тастайды. Оны райынан қайтару үшін адам ойына келмейтін азап көрсетті. Осман ибн Аффан, Зүбәйр ибн Аууам және Біләл Хабаши де соққыға жығылады. Бірақ, бәрі де алған бетінен қайтпады.

Мүшріктердің бұндай жауыздығы Алла елшісінің (с.ғ.с.) өзін де айналып өтпеді.

Бір жолы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Қағбада намазда басын сәждеге қойғанда, Әбу Жәһіл бастаған мүшріктер түйенің қан-жынын оның басына ақтарып, Екі әлем сардарын мазақ етеді.

Харис ибн Харис (р.а.) әңгімелеуде:

«Мен ол кезде кішкене бала едім. Бір күні әкем екеу-міз Қағбаға қарай бара жатып жолда бір топ адамның жабылып біреуді ұрып-соғып жатқанын көрдік. Әкемнен кімге жабылып жатқандарын сұрадым. Ол маған «Бір сабиді» деп жауап қатты. Мен бұл сөздің мағынасын түсіне қоймадым. Кейін барып сол кезде таяқ жеген кісінің Аллаһ елшісі (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) екенін білдім. Өйткені ол кісі «Әй, адамдар! Лә иләһа иллаллаһ деп айтыңдар» деуде еді».

Тағы бірде азулы мүшріктерден Ибн Әбу Муайт Қағбада намаз оқып тұрған Алла елшісіне (с.ғ.с.) таяп келіп, мойнынан ұстап қылқындырады. Әбу Бәкір (р.а.) мұны ести сала жанұшыра жүгіріп келіп «Раббым Алла дегеніне бола бұл кісіні өлтірмексіңдер ме?» деп араша түсті.

Хазірет Әбу Бәкір (р.а.) оны осындай қиын жағдайлардан бірнеше рет арашалаймын деп, өзі де талай рет оңбай таяқ жеген еді.

 

Осындай түрлі қиындықтарға сабыр ете жүріп, жұртты дінге ашық шақыруын тоқтатқан жоқ. Бірақ мүшріктердің мұсылмандарға әңгір-таяқ орнатуы күнбе-күн асқына түсті.

 

Бөлісу: