Яһуди ғалымдары арасында кең тараған түсінік бойынша, ақырзаман пайғамбарының дүниеге келетін уақыты жақындаған болатын және осыған бергі беретін жұлдыздың да туатын кезі келген.
Онсыз да ұзақ уақыттан бері көк жүзінде дәл бір от шашу басталғандай, жұлдыздар ағып, аспанда әрдайым доғалар сызып жататын. Бұрын дәл бұлайша жұлдыздардың ағуы байқалмайтын, сол түннен кейін де болған емес. Сол күнге дейін Хижазда кең тарап кеткен көріпкелдік бұдан кейін уахимен шатастырылмауы үшін дәурені бітіп, көріпкелдерге келетін хабарлар да тоқтатылды.
Меккеде бір яһуди бар еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дүниеге келген күні сол яһуди құрайышқа жар салып:
-Уа, құрайыш қауымы! Бүгін түнде бір бала дүниеге келді ме? – деп сұрады. Бұдан әлі ешкімнің хабары жоқ болатын.
-Уаллаһи, білмейміз, - деді құрайыштықтар. Сосын әлгі кісі әуелі тәкбір айтып, сосын оларға былай деп ескертті.
-Жақсылап қараңдар, менің айтқанымды есте сақтаңдар. Осы түні үмбеттің соңғы нәбиі Ахмет дүниеге келді. Егер мұнда жоқ болса, онда ол Палестинада. Екі жауырын сүйегінің арасында бетін түк басқан қарақошқыл түсті пайғамбарлық мөрі болады
Меккеліктер бұл кісінің айтқандарына таңырқап бір-біріне қарасады, бірақ олар мұндай баланың туғаны туралы ештеңе білмейтін. Жиын лезде тарап кетеді, бірақ барлығы сол түні Әбділмүттәліп немересінің дүниеге келгенін және оның атын «Мұхаммед» деп қойғанын естиді. Одан да қызығы, яһуди ғалымның айтқанындай, бұл баланың екі жауырынының арасында айтылған мөрдің бар екенін де естіп біледі. Осы жағдайды сұрап бір кісі сол яһуди ғалымға қайта барады.
-Сен біздің арамызда бір баланың дүниеге келетіні туралы айтып едің, есіңде ме, сол бала біздің елде екен.
Мұны естіген яһуди қатты толқып, тез арада балаға апаруын сұрайды. Хазірет Әминаның қасына барып, кішкентай Мұхаммедтің жауырыны арасындағы мөрді көргенде, есінен танып қалады. Есін жинағаннан кейін:
-Енді пайғамбарлық міндеті Исрайыл елінің еншісінен кетті. Енді пайғамбарлықтың берекесі арабтарда. Алда сендер ғажап күндерге қауышатындарың сондай, соңғы елшінің даңқы шығыс пен батысқа түгел тарайды.
Дәл осыған ұқсас жағдай Мәдинада орын алады. Ол кезде сегіз жастағы атақты бала ақын Хассан ибн Сабит Сабит бұл жағдайды бірнеше жылдан кейін былай сөз етеді: «Мен ол кезде жеті-сегіздердегі бала болатынмын. Ясриб қамалдарының бірінің үстінде бір яһуди ғалымының былай деп айқайлап тұрғанын көрдім: «Уа, Ясриб халқы! Уа, Ясриб халқы!» Аң-таң болып, дауыс шыққан жаққа құлағын түре барған жұртшылыққа әлгі кісі қарап тұрып:
-Бүгін дүние есігін ашқан Ахметтің жұлдызы туды, - деген болатын.