22
Жұма,
Қараша

һижри

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дүниеге келгендегі оқиғалар

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Мына дүниедегі ең үлкен оқиға – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) дүниеге келуі оқиғасы екені даусыз.

 

Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) Алла тарапынан елшілік міндеті жүктелгенде оны басқа пайғамбарлар сияқты белгілі бір топпен ғана шектемеген. Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) күллі жаратылыстың пайғамбары ретінде жіберілген. Сондықтан да Ол дүние есігін ашқанда әлемде қилы-қилы құбылыстардың болуы заңды. Санасының саңылауы барлар мұнан ғибрат алып, ойланса керек-ті.

А) Сол түні ерекше бір жұлдыз туды

Яһудилер арасында ғалымдар көп болатын. Олар Алланың берген ілімімен қаруланып, небір нәрселерді алдын ала болжап қоятын. Жұлдыздарға қарап бал ашуда да алдарына жан салмайтын. Соңғы пайғамбардың келетіні жөніндегі мағлұматтарды да көктен түскен кітаптарынан оқып білген-ді. Оның ерекше белгілері де соларға мәлім, тек бір ғана беймәлім дүние – ақырзаман пайғамбарының қашан туылатындығы.

Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) туылған сәттегі табиғат құбылыстарын, аспандағы ерекше жұлдыздың пайда болуын яһудилер көрмей қалған жоқ, әрине. Мәшһүр шайыр Хассан ибн Сабит бұл жайтты былайша түсіндіреді:

“Мен 7-8 жасар бала едім ол кезде. Бірде таң ертемен “Ей, яһудилер!” – деген дауыстан шошып ояндым. Айғайдың қатты шыққандығы соншалық, ел-жұрт төсектен тұрған бойы әлгі айқайшының маңына жиналып қалды.

“Бүгін түнде Ахмедтің жұлдызы туды, яғни ол өткен түнде өмірге келді” – деді ол көпшілікке барлай қараған күйі. Жиналғандар дабырласып кетті”.

Ибн Саадтан жеткен мәлімет төмендегіше сыр шертеді.

“Меккеде бір яһуди тұратын. Алланың соңғы елшісі туылған күннің ертеңіне құрайыштықтарды жинап “Бүгін руларыңда ұл бала дүниеге келді ме?” – деп сұрады. Құрайыштықтар бір-біріне қарасты, сонан соң:

“Білмейміз, естіген жоқпыз” –деді бәрі бірауыздан.

“Олай болса барып сұрастырыңдар, бұл үмметтің пайғамбары бүгін түнде дүниеге келді. Арқасында ерекше белгісі бар”, – деді яһуди. Құрайыштар сұрастыра келіп көрген-білгендерін әлгі яһудиге жеткізді.

“Өткен түнде Әбдімүттәліптің марқұм ұлы Абдулланың жесірі Әмина босаныпты. Баланың арқасында белгісі бар екен.”

Яһуди мұны ести сала жаңа туылған шарананы барып көрді. Көрді де есінен айырылған адамша отырған жерінде жар салды:

“Пайғамбарлық Исрайыл әулетінен кетті, Құрайыштарға жетті. Құрайыштың даңқы асып, Батыс пен Шығысты жайлайтыны рас болды.”

 Осы шақта көкжүзіндегі самсаған жұлдыздар ардақты Алла елшісінің келгеніне масаттанып тұрды.

Ә) Медайиндегі Кисра сарайында тірек-бағандар құлап жермен-жексен болды.

Пайғамбар жарық дүниеге көзін ашқан сәтте терең ұйқы құшағында жатқан Иранның Медайин қаласының тұрғындары құлақ тұндырарлық тарсыл-гүрсілден оянды. Қала билеушісі-Кисра да, қала халқы да көшеге босып кетті. Кисраның зәулім сарайының сәулетіне сән қосқан он төрт тірек-бағаны өзінен өзі қирап қалған-ды.

Таңды көзбен атырған Кисра ертемен мемлекетіндегі діни басшыларды шақырып, жиналыс ашты. Мәселе – кенеттен бастарына келген апаттың мәнін ашу.

Кисра әдеттегідей тәжін киіп, тағына жайғасуы мұң екен, салт атты біреу шауып келген күйі оның қолына хат ұстатты. Әкелген хабары суыт, отқа табынушылардың мыңдаған жылдардан бері жанып тұрған алауы сөнгендігі жазылыпты.

Бұл мәлімет Кисраның қаупін күшейте түсті. Осылайша аңтарылып тұрғанда мәжіліске келген Иранның бас қазысы Мубазан бірнеше күн бұрын көрген түсін айтып сарнай жөнелді:

 “Түсімде аузынан ақ көбігі атылған жүз шақты түйенің Дижла өзенінен өткенін, оларды бастаған ауыздығымен алысқан араб аттарының да судан емін-еркін өтіп Иран жеріне жайылғанын көрдім”.

Кисра әрдайым дұрыс сөйлейтін, әділдігімен аты шыққан Мубазанның бұл түсін де жақсылыққа жори алмады. Қалш-қалш етіп Мубазанға қарап:

“Сенің ойыңша бұл ненің белгісі?” – деді.

Бас қазы қысқа қайырды:

“Арабтар тарапынан маңызды өзгерістер болатынға ұқсайды”.

Кисра апыл-ғұпыл Хира әкімі Нуғман ибн Мунзирге былай деп хат жазды:

 “Ғалымдарыңның ішіндегі ең білгірін маған тез жолда”.

Хатты ала салысымен Нуғман мәселенің маңыздылығын ұқты да Абдул Мәсих ибн Амр есімді данышпанын Медайинге жіберді.

Кисра көріпкелді ерекше ілтипатпен қабылдап, болған оқиғаларды рет-ретімен баяндап берді. Жылдам болжам жасауын өтінді. Абдул Мәсих нақты жауап бере алмайтынын айтып:

“Шамға жақын маңда – Жәбиа деген жерде тұратын нағашы ағам Сатыхтың көрегендігіне көп куә болдым. Содан ақыл сұрасақ қайтеді?” – деп ойын білдіреді.

Медайин билеушісі Абдул Мәсихті Сатыхқа жұмсайды. Шамның мәшһүр көріпкелі Сатых әбден қартайған, денесі тек еттен жаралғандай екі бүктетілген, бет-аузы жымырайған, ұсқынсыз кейіпті сәуегей еді. Үнемі шалқасынан жататын да қоятын. Бір жерге апару қажет болса, құдды бір затты бүктегендей белінен екі бүктеген күйі көтеріп апаратын. Ғайыптан берген хабарлары көбінесе дұрыс шығып, адамдарды аузына қаратқан көріпкел еді.

Абдул Мәсих тау-тас асып, нағашысына келіп жетеді. Сатых ауыр науқастанып, жолаушының сәлемін алуға да жарамай жатқан. Қинала ыңқылдап жатқан ол Абдул Мәсих болған жайды баяндай бастағанда өзгеріп сала берді. Өлім аузында жатқан Сатых көздерін бақырайта ашып, ажалмен арпалысын ұмытқандай бар даусымен айқайға басты:

“Уа, Абдул Мәсих! Мұнан былай Алланың уахиы көбейеді. Сәмауаны су басып, парсылардың оты сөнді. Уақыт пен кеңістікке билігін жүргізетін нағыз Тәңірдің қалауымен соңғы пайғамбар келді дүниеге, сонымен пайғамбарлықтың ақырғы нүктесі қойылды”.

Терең тыныстап сөзін ары қарай жалғады:

“Сасанилер арасынан құлаған қорғанның санына тең билеуші шығады. Содан соң билік те ыдырайды, ақиқат үкімдер шығарыла бастайды. Әрине, оның шығарушысы да ақиқатты көрсетушілер болады”.

 Осылай деді де, Сатых мәңгілікке көзін жұмды. Атақты көріпкел ақырзаман пайғамбарының келгенінен хабардар етті.

Тарих Сатыхтың жорамалдарының дұрыстығына куә болды. Иран мемлекеті 67 жылға созылған он төрт билеушінің басшылығынан соң соңғы пайғамбардың дінін қабылдап, мұсылман атанады. Сөйтіп, маздеизмнің қараңғылығын сейілтеді.

Б) Қағба маңындағы пұттар құлады

Құрайыштықтар арасында да Аллаға ортақ қосушы мүшріктер аз емес еді. Олар Алланың үйі-Қағбаның маңын қолдан жасалған пұттармен толтырып, соларға табынып әлек болып жататын. Тәухидтің таратушысы Мұхаммед (с.а.у.) туылған сәтте осынау ұлы оқиғаның күшіне төтеп бере алмай қорғасынмен құйылған пұттардың көбі құлап, қирайды. Өмірге енді ғана келген тұғырлы тұлға Мұхаммед (с.а.у.) келешекте тәухидке, яғни Алланың бірлігіне шақырып, көптәңірліктен, қараңғылықтан құтқаратынының дәлелі еді бұл. Алайда Алланың айтуымен болған ғибратты оқиғаның астарына үңіле алмағандар жетерлік еді.

Бүкіл әлем иман байрағын жоғары ұстаған, көңілдерге нұр қондырған ардақты Алла Елшісінің адал жолының куәсі болды. Ол Қағбаны жансыз пұттардан тазартып қана қоймай, көңілдердегі пұттарды да жыға білді.

 В) Мыңдаған жылдардан бері алаулап жанған мәжусилердің-отқа табынушылардың оты сөнді.

Мәжусилер қашаннан отқа табынатын, от – олардың қасиетті Тәңірі саналатын. Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар дүниеге келген сәтте мәңгі өшпес деп есептеліп келген алау бір мезетте сөнді. Демек, дүниеге көзін ашқан ұлы тұлға пұтқа табынушылық сияқты отқа табынуды да жойып, жер жүзін тәухид сенімімен шұғылаландырмақ.

(Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: