Меккенің күнкөріс көзі сауда болатын. Әбу Тәліп те өзге жерлестері сияқты ірі саудамен айналысуға шамасы келмегенмен, ұсақ-түйек сатып жан сақтайтын. Бірақ жоқшылық, құрғақшылық, ішкі тайталастардың салдары оны қаржылық жағынан тұралатты. Сауда керуеніне қосылуға да мүмкіндігі шектеулі еді. Қайткен күнде де бір амалын табу үшін Әбу Тәліп көп ойланды. Құрайыштар арасында өте дәулетті Хадиша есімді жесір әйел бар еді. Ол мал-мүлкін теңдеп, түйіп адам жалдап жыл сайынғы саудагерлерге қосып жіберетін. Биыл да сол керуенге қосылуға дайындалып жатқан.
Қашаннан сауда жүрген жерде айла жүреді ғой, сол себепті Хадиша дүние-мүлкін табыстауға сенімді адам іздеп жатқанын Әбу Тәліп естиді. Мұхаммедті (с.ғ.с.) шақырып алып: “Бауырым, менің қаншалықты қиын жағдайда жүргенімді білесің. Бір қолымды екі ете алмай жүргенім саған аян. Тірліктің қамын жасау керек қалайда, дәрменім де шамалы. Осы жақында тағы да Шамға қарай сауда керуені шықпақшы екен. Хуайлидтің қызы Хадиша бар тауарын түйеге теңдеп дайын отыр, тек сол затты тапсыратын сенімді кісі табылмай тұрған көрінеді. Хадиша бай әйел, қолы да ашық, дәулетін өзгелерге үлестіре де біледі. Ең бастысы – адамгершілігі мол. Затын апарып сату үшін сен сияқты сөзіне берік, ісіне адал адам керек оған. Сен барып, жағдайды түсіндірсең қайтеді? Жалдап алар, бәлкім … Шынымды айтсам, сені Шамға жіберуге көңілім аса разы да емес. Яһудилердің зияны тиіп кете ме деп қорқамын. Алайда амалым жоқ, қолым қысқа, жағдай өзіңе мәлім ғой”,-деді.
Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) көкесінің көңілін көтеріп “Сен қалай десең, солай болуға тиіс”,-деп қойды. Мәселе Хадишаға жеткенде ол тіпті қуанды. Сенімді, шыншыл Мұхаммедті (с.ғ.с.) шақырып алып: “Сізді Шамға жолдайтын дүние-мүлкіме жауапты етіп аламын. Көктен іздегенім жерден табылды, маған да өзіңіз сияқты турашыл адам керек еді, адалдығыңызға қанықпыз ғой. Жалақыны да бұған дейінгілерге берегендерімнен бірнеше есе артық төлеймін”,-деді. Пайғамбарымыз Хадишамен арадағы әңгімені Әбу Тәліпке жеткізді. “Бұл Тәңірінің саған берген үлкен несібесі”,-деп қуанды Әбу Тәліп. Сосын алдымен жалақы мәселесін нақты шешіп алуды ұсынды. Бірақ, Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) бұған наразы болды. Әбу Тәліп Хадишаға барып: “Сен пәленшеге қызметі үшін екі түйе беріпсің. Біз Мұхаммедтің еңбегіне төрт түйе талап етеміз”, – деді. Хадиша сенімді, көңілінен шығатын адам тапқанына қатты қуанып: “Ей, Әбу Тәліп, олай болса мүлдем жарасы жеңіл екен. Одан көп сұрасаң да, ойланбастан берер едім”, – деді. Әбу Тәліп риза көңілмен үйіне қайтты. Хазіреті Хадиша күңі Майсараны Хазіреті Мұхаммедке көмекші етіп қосып, жолға шығарда оған: “Осы кісі не айтса да, бұлжытпай орындайтын бол. Жолай көрген-білгендеріңді айта келерсің”, – деп бұйырды. Керуен жолға шыққалы тұр. Әбу Тәліп пен басқа да жанашырлары Мұхаммедті (с.ғ.с.) шығарып салып, үлкендерден оған көз қырын салуды өтінді.
Сауда керуені үш ай жол жүріп, Шамға табан тіреді. Саудагерлер Бусра жәрмеңкесінен тиісті орындарын алып, әкелген тауарларын жаймаға шығара бастады. Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) сол жердегі шіркеуге жақын зәйтүн ағашының көлеңкесіне түскен. Мұхаммедті (с.ғ.с.) бала кезінде көрген монах Бахира бұл кезде о дүниелік болып, орнын Настура есімді монахқа табыстаған. Шіркеу терезесінен келген керуенді тамашалап тұрған Настураның назарын аударған нәрсе – зәйтүн ағашы көлеңкесін таңдаған адам. Оның жанындағы Майсараны бұрын да көріп жүргендіктен монах дереу оны қасына шақырып алды да, зәйтүннің астына қонақтаған бейтаныстың кім екенін сұрады. Майсара: “Ол-құрайыш руынан, өзі меккелік”– деп жауап береді. Настура сәл үнсіздіктен соң сөзін жалғады: “Ол ағаштың көлеңкесіне бұған дейін пайғамбарлардан басқа ешкім қонақтамаған… Айтпақшы оның көзі сәл қызарған секілді емес пе?” Майсараның “иә” деген жауабын естіген Настура: “Ол – пайғамбар, пайғамбар болғанда да ең соңғысы”– деді. Майсара қатты толқып, таңғалды. Болашақ пайғамбарға қызмет ету бақыты өзіне бұйырғанына сенер-сенбесін білмей қобалжыды. Настураның айтқандарын бүге-шігесіне дейін жадында сақтауға тырысты. Көзді ашып-жұмғанша күндер зулап өте шықты. Әкелінген заттар сатылып, қажетті тауарлар алынды. Бұрын-соңды болмаған дәрежеде ең көп табыс – пайғамбардікі еді. Майсараның таңданысына керуендегілер қосылды.
Керуен Меккенің жолына түсті. Шөл. Құлазыған далада аптаптан аңқасы кепкен керуен. Түйелер теңселе басып алға жылжып келеді. Майсара тағы да бір қызыққa куә: тұп-тура Хазіреті Мұхаммедтің үстінде екі періште көлеңке түсіріп, пана боп келеді. Күннің ыстығын да, таңдайын кептірген шөлді де ұмытқан Майсараның екі көзі соларда. Айналасындағыларды мүлдем естен шығарған. Көзімен көре тұра көңілі сенбей, нұр жүзді қожайынына айтайын десе батылы жетпей, өзімен-өзі іштей әлекке түсті. Монах Настураның айтқандары есіне түссе, бүкіл өн бойы шымырлап, тітіркеніп кетеді. Не де болса, бір тылсымның бары рас. Керуен Меккеге жақындаған. Басқа меккеліктер сияқты Хазіреті Хадиша да бір топ әйелмен бірге шатырға шығып, жолаушыларға алыстан қарап отырған. Хазіреті Мұхаммед пен Майсараны ұзақтан жазбай таныды… “Ау, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үстінде ұшып келе жатқандар не?.” Жаңсақ көрдім бе деп, көзін қолымен көлегейлеп тағы қарады. Жоқ, шынымен-ақ ағараңдап ұшқан бір нәрсе бар нақ төбелерінде. Жақындағанда байқады, екі періште Хазіреті Мұхаммедті қалқалап келеді. Әйелдердің де кейбіреуі мұны байқап ішегін тартып үнсіз қалса, енді біреулері: “Қараңыздар, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) басының үстінде екі періште ұшып келеді”, – деп айқайлап үлгерді. Керуен Меккеге келіп кірді. Жайланған соң пайғамбарымыз кіріс-шығысты түгел есептеп, Хазіреті Хадишаға тапсырды. Бір қызығы, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сатқан тауарларынан қыруар пайда түсіп қана қойған жоқ, әкелінген заттар да әп-сәтте сатылып, Хадишаны ұшан-теңіз табысқа кенелтті. Майсара жол бойы Хазіреті Мұхаммедтен (с.ғ.с.) көп нәрсе үйренді.
Оның жайдары мінезі, дос көңілі, шыншылдығымен қатар тазалыққа айрықша мән беруі, саудадағы адалдығы Майсараға таңдай қаққызған. Жол бойы көрген-білгенін, монахтың айтқандарын Майсара еш бүкпесіз Хадишаға баяндады. Хазіреті Хадишаны бұрын да талай сырттай таңдандырып жүрген жиырма бестегі жігіт көз көріп, құлақ естімеген тылсымымен баурай түсті. Хазіреті Хадиша көрген-білгенін, Майсарадан естігендерін немере ағасы Уарақа ибн Нәуфалға әңгімелеуді жөн көрді. Уарақа білімді, салиқалы ақты ақ деп бағалай білетін христиан. Пұтқа табынушылықты жақтамайтын. Не нәрсені де ақылға салып таразылайтын ол Хазіреті Хадишаның айтқандарына ден қоя тыңдаған соң: “Егер осы баяндағаның рас болса, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) осы үмметтің пайғамбары екендігіне шүбәм жоқ. Мен осы үмметтен пайғамбар шығатынын оқып білгенмін. Күтіп те жүр едім, сол сәт таяған сияқты”, – деді. Хазіреті Хадиша көңілін бірлеп үйіне қайтты.
Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды
Ummet.kz