25
Дүйсенбі,
Қараша

һижри

Қырқыншы мұсылман

Қырқыншы мұсылман

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Хазіреті Мұхаммедтің пайғамбарлығының алтыншы жылы… Біздің эрамыздың 616 жылы. Ерлігімен елге мәлім болған Хамза батырдың мұсылмандықты қабылдауы, артынша бір топ мұсылманның Хабашстанға көшуі құрайыш мүшріктеріне үлкен соққы болды.

Күн сайын үрейлері ұшып, ертеңгі күндерін ойлап, қобалжыды. Бәрінің ойы біреу-ақ болатын – Әбу Тәліптің асыранды ұлы Мұхаммедтің көзін құртпай тірліктің мәні жоқ. Осы мәселені талқылау үшін қара пиғылды құрайыштар жиналып, ұзақ тартысты. Ақыры ақылдаса келе, Әбу Жәһилдің ұсынысы қабылданды, яғни Мұхаммедті өлтіруге сөз байласты. Шешім қабылданды, ал енді оны жүзеге асыруды кім мойнына алмақ? Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қорғаушылары – хашим руының жігіттері де қарап қалмас, соңы қан дауына ұласып кетуі де ғажап емес. Мүшріктердің үлкендер жағы өзара даурығысып отырғанда олардың сөзін бөлген тағы да Әбу Жәһилдің даусы болды:

«Мұхаммедті өлтірген адамға мен жүз қызыл және қара түйе, мынанша алтын, мынанша күміс, т.с.с. беремін», - деді ынталандыру мақсатымен. Жастар жағы бір сәт үнсіз қалды. Мұндай маңызды іске батылы барып, көп ішінен суырылып шығу оңай емес, әлбетте. Аз-кем үнсіздіктен соң «Мен дайынмын!» деп біреу саңқ етті. Жұрт дауыс шыққан жаққа жалт қарады. Мұны айтқан ұзын бойлы, еңгезердей ірі денелі, анаумынауға дес бермейтін күштінің нақ өзі – Хаттаб ұлы Омар еді… Омардың талай қаһармандығына куә болған жерлестері қомпаңдап, қуанып қалды: «Ә, бәсе, жігіт болсаң, Омардай бол. Дұрыс, дұрыс сен лайықсың осыған. Бүйтпесе Омар бола ма?» - десті. Омардың ойы - әңгімені ұзата бермей тікелей Мұхаммедті табу, сөйтіп шешімді орындау. Ол айналасындағыларды қабағының астымен қанталаған көздерімен қатал шолып шықты да, Қағбаға бет түзеді. Қалыптасқан үрдіс бойынша қара тасты бір айналып тауап еткен соң Сафа төбесін бетке алып, ДарулӘркам қайдасың деп жүріп кетті. Сыртынан көрген адам оның жүрісінен-ақ маңызды шаруаға асыққанын аңдар еді. Осылайша нық басып келе жатып, жолай туысы Ну’айм ибн Абдуллаһты кездестірді. Ну’айм мұсылмандықты қабылдаған, бірақ онысын жұрттан жасыратын. «Жол болсын, бауырым, қабағың қату, жүзің түтігіп кетіпті. Сонша қайда асығып барасың?» - деп сұрады Ну’айм. Омар ашықтан-ашық: «Әлгі құрайыштың арасына іріткі салып, дінінен безген бейбақтың көзін жоймақшымын» - деді. Омардың сөзінен сескеніп, өн бойы тітіркеніп кеткен Ну’айм: «Уаллаһи-билләһи, қиын істі ойға алыпсың. Мұхаммедтің асхабы[1] оның қасынан бір елі шықпайды. Оңайлықпен сені жолата қоймас. Ал өлтірдің делік. Сені жайыңа қоя берер деймісің? Қалған өміріңе қауіп төнеді емес пе? Қолыңды былғап қайтесің?”- деді. Ну’аймның айтқандарына ашу шақырған Омар: «Сен де соларға болысып кеткеннен саумысың? Не мәймөңкелеп тұрсың?» - деді. «Ей, Омар, сен мені қайтесің, мықты болсаң, өз жақындарыңды тыйып-жиып алсаңшы. Күйеу балаң, әрі немере інің Саид ибн Зәйд пен қарындасың мұсылмандықты қабылдап, Мұхаммедтің дініне кірді. Алдымен соларды жөнге салып алмайсың ба?» - деген күтпеген жауапты естіген Омар, сенерін де сенбесін де білмей тұрып қалды… Сонан соң «Жұрт не демейді» деген кісіше қолын сілтеп кете барды. Бірақ әлгінде ғана естігендері құлағының түбінен жаңғырып, ішін кемірген күдікті жеңе алмаған күйі Омар оқыс бұрылып, қарындасы Фатиманың үйіне келеді. Ол келген кезде иман жолында жанкештілік танытып жүрген майталман сахаба Хаббаб ибн Әрат Хазіреті Саид ибн Зәйдтің үйінде жуырда ғана түскен «Та-ха» сүресін оқып, мәнісін түсіндіріп отырған. Омар үйдің жанына келгенде іштегі дауысты естіп, құлақ түрді. Ештеңе ұқпаған соң, есікті тарсылдата бастады. Ешкім аша қоймаған соң барынша күш салып, иығымен есікті итере-митере кіріп барды. Көзі қанталап, ашуға булыққан оны көргенде күйеу баласы мен қарындасы үрпиісіп орындарынан тұрды.

Үй иесі Фатима есік тарсылдағанда-ақ келген кісінің бауыры Омар екенін сезген-ді. Апыл-ғұпыл оқып отырған Құран парақтарын жасырып үлгерген. Хаббаб та бір бұрышқа тығылып қалған… Омар қалшылдаған күйі: «Не оқып отыр едіңдер, ә?» - деп айқайлады. Күйеу баласы: «Ештеңе де оқыған жоқпыз, жай әңгімелесіп отырғанбыз» - дегенде Омар мүлдем қаны қайнап, бейкүнә Саидтің жағасына жармасты. «Ә-ә, естігенім рас болды ғой, сендер де Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дініне мойынсұндыңдар, солай ма?» - деп күйеу баласын жерге жалпасынан түсірді. Фатима жолдасына араша түсейін деп ұмтылғанда мұрттай ұшты. Нанымын жасырудың еш мәні қалмағанын ұққан Хазіреті Фатима атып тұрып: «Не істесең де өз еркің, ей Омар! Біз ерлі-зайыпты екеуміз мұсылманбыз. Аллаhқа, оның Расулына иман еттік» - деп айқайлады. Іле-шала куәлік кәлимасын айтып, айтқандарын айғақтай түсті. Оқиға аңдай білгенге ғибратқа толы. «Раббым – Алла» дегені үшін туған қарындасына қол көтеру неткен сұмдық? Таяқ жеп, аузы-мұрны дала-дала болғанына қарамастан «Алла бір, Мұхаммед оның елшісі» деп, дініне беріктігін айғақтау кез-келгеннің қолынан келер ме еді?! Қарындасына қарап тұрып Омардың жаны ашып кетті. Өзінен-өзі жүрегі жылып, мейірімділігі оянды.Тізесінен дәрмен кетіп, тұрған жерінде отыра кетті. Біраздан соң өзөзіне келіп: «Әкеліңдерші, Мұхаммедке (с.ғ.с.) түскен ғажайыпты мен де көрейін…» деді. Хазіреті Фатима алғашқыда сасып қалды, бауыры Құранды жыртып, немесе таптап тастаса ше?

Мұны аңдаған Омар: «Қорықпа, әкел, ештеңе істемеймін» - деді. Құран жазылған қағазды тек іші-сырты таза адамдар ғана ұстауға тиіс. Ал Омардың мүшрік екені әмбеге аян. Сондықтан ол таза саналмас еді. Хазіреті Фатима ағасына: «Сен Аллаға ортақ қосқандардансың. Құранды тек таза адамдар ғана ұстай алады. Ең болмаса бой дәретін алсаң» - деді. Омар қарындасының дегенін орындады. Жуынып келген соң Хазіреті Фатима Құран беттерін асқан мұқияттылықпен алып, Омарға ұстатты. Хазіреті Омар есін білгелі хатшы болатын, оқужазудан хабары мол, сауатты адам еді. Қолындағы қағазды мүдірместен оқи бастады: «Та-ха. (Ей, Расулым!) Біз саған Құранды азап көріп, бақытсыз болсын деп түсірген жоқпыз. Құранды жер мен көкті Жаратқан тарапынан тек Аллаhтан қорқатындарға үгіт ретінде біртіндеп-біртіндеп түсірдік» (Та-ха сүресі, 1-4 аяттар) Омар оқып отырып терең ойға шомды. Құдды басқа бір бейтаныс әлемге енгендей күй кешті. Құранның әдеби әуені мен мәңгілік әуезі оны баурап алған-ды. Бір сағат бұрын қылышын жалаңдатып, Мұхаммедті (с.ғ.с.) өлтіруге асыққан ол емес сияқты. Жүрегіндегі кек, жүзіндегі өкпе біржола жойылып, қанталаған көздері нұрға толып, жайнап сала берді. Жүзі күлімсіреп, жаны рахат тапты. «Еш күмәнсіз мен – шынайы Алламын, менен басқа тәңір жоқ. Сондықтан маған ғибадат ет, мені еске алу үшін намаз оқы» (Та-ха сүресі 14-аят) деген аятты оқығанда ол орнынан тұрып кетті. «Неткен тамаша сөздер, не деген үйлесімділік! Бұдан артық, бұдан әсем әуен болуы мүмкін емес!» - деп, бір тұрып, бір отырды. Омардың бұл лебізі жүрегінің иманға қауышуының ишарасы еді. Хазіреті Омардың айтқандарын естіп отырған Құран үйретуші ұстаз Хазіреті Хаббаб ибн Әрат жасырынған жерінен шығып: «Сүйінші, сүйінші! Ей, Омар, Расулулланың сен үшін жасаған батасы орындалсын деп тілеймін. Кеше түнде пайғамбарымыз: «Ей, Құдіреті күшті Алла Тағалам! Исламиятқа Әбу Жәһил арқылы немесе Омар ибн Хаттаб арқылы қуат бер» - деген еді», - деді. Омар ибн Хаттаб және әйгілі Әбу Жәһил… Біреуі – екі жиһан сұлтаны – Расул Әкрамды өлтіруге ұсыныс айтушы, екіншісі – сол ұсынысты іске асыруға келісім беруші. Омардың ойы түгелдей аяқ астынан өзгеріп шыға келді. Ол тезірек Расулулламен жүздесіп, кәлимаға тілін келтіріп мәңгілік нұрға қауышуға асықты. Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Сафаның баурайындағы Дарул-Әркамда екенін білетін ол, Хаббабты қасына алып, соған қарай бет түзеді.

Дарул-Әркамның күзетшісі алыстан Омардың қаруын сайлап келе жатқанын хабарлайды. Іштегілердің бәрі жағымсыз жаңалықты естіп, қобалжи бастағанда Хазіреті Хамза тұрып: «Келсін, қорқатын ештеңе де жоқ. Егер қайырлы мақсатпен келсе, қонақ етіп сыйлап күтерміз. Егер пиғылы теріс болса, өз қылышымен өзін өлтірерміз» - деді нық сеніммен. Пайғамбарлар сардарының жүзі нұрланып, күлімсіреді. Өйткені оған Омардың тура жолды таңдағаны сездірілгентін. «Келсін, келсін. Қобалжымай-ақ қойыңдар. Егер Алла тілесе, оны да дұрыс жолға салар» - деді байыппен. Есік ашылып, Омар ішке кірді. Сақадай сай қаруланған. Өңі бал-бұл жанып, айналасындағыларға сүйіспеншілікпен көз тастады. Расулулламен көздері түйіскенде Хазіреті Мұхаммедтің рухани қуатынан есеңгіреп қала жаздады. Сол сәтте бар дүниені ұмытып, тәтті сезімге бөленді. Мүлгіген тыныштықты Алла Расулының сөздері бөлді: «Хош келдің, ей, Хаттаб ұлы Омар» - деді… Сонан соң Омардың қылышының ұшынан ұстап тұрып: «Аллам! Мынау – Хаттаб ұлы Омар. Ислам дініне Омар арқылы қуат бер» - деп, дұға жасады. Хазіреті Омар руханиат әлемінде қанаттанып: «Мен Аллаға, оның Расулына иланып, иманымды жария етуге келдім» - деп, куәлік сөзін айтты. Ұлы Нәби мен оның асхабының қуанышында шек жоқ. Бәрі бір ауыздан «Аллаhу Акбар! Аллаhу Акбар!» деп тәкбір айтып, бүкіл Меккені дүр сілкіндіреді. Хазіреті Омар осылайша мұсылман болды, қырқыншы мұсылман. Ендігі жерде батылдығын, күш-қуатын азғындық үшін емес, Ислам дінін әспеттеу үшін қолданатын болады. Құрайыш мүшріктерінің келісімімен екі дүние сұлтанының жанын алуға асыққан Омар бірнеше сағаттың ішінде иман ләззатына елтіп, пәруана сынды Хазіреті Мұхаммедке байланып, оның дініне қалай ұмтылғанын өзі де байқамады. Ерлігіне иман мен күш қосқан Хазіреті Омар мұнан былай Алла жолында, Расулулланың діні үшін басын бәйгеге тігуге әзір еді. Мұхаммедтен (с.ғ.с.) дәріс алып, бойына рухани асыл қасиеттерді дарытқан Хазіреті Омар дүние тарихында қара қылды қақ жарған әділеттілігімен дәріптеліп, «Әділ Омар» аталмақшы.

Қағбаға қарай сап түзеу Батылдықтың бастауы – иман. Осы қасиетті қайнардан нәр алған Хазіреті Омар дін жолында дамыл таппайды. Бір күні Пайғамбарымыздан : «Уа, Расулулла, біз өлсек те, қалсақ та хақ жолында емеспіз бе?» - деп сұрады. Пайғамбарлар пайғамбары: Иә, дәл солай, сендер өле-өлгенше, онан кейін де хақ дін жолындасыңдар. Алланың атымен ант етемін» - деп жауап берді. «Олай болса, бұл тұрысымыз не тұрыс? Қашанғы жасырынамыз? Саған хақ дінді жіберген Аллаға серт беремін, қорықпастан, тартынбастан бар күшімді мүшріктерге Исламды түсіндіруге жұмсаймын» - деді Омар. Осы әңгімеден соң Алла Елшісі – алда, оң жағында – Хазіреті Омар, сол жағында – Хазіреті Хамза, қалған сахабалар соңдарынан сап түзеп, Қағбаға қарай бет алды… Нық қадамдап Харам мешітіне келіп кірді… Хазіреті Расулулланың өлтірілгені жайында «қуанышты» хабарды естиміз деп, құлақ түріп, алаңдап отырған мүшріктер мына көрініске түсінбей, дағдарып қалды. Қорыққандарынан біресе Хазіреті Омарға, біресе Хазіреті Хамзаға жалтақтай берді. Араларынан біреуі батылданып: «Ей, Омар, не тындырып келдің?» – деп сұрады. Хазіреті Омар: «Лә иләһа иллаллаh, Мұхаммедур-расулулланы» айта келдім. Отырған орындарыңнан қимылдаушы болмаңдар, әйтпесе бастарың кетеді» - деп қойып қалды. Мүшріктердің ауыздарына құм құйылғандай дымдары шықпады. Ардақты Пайғамбарымыз емін-еркін Қағбаны тауап етіп, намаз оқыды. Өзге мұсылмандар да сол жерде ашықтан-ашық намаздарын оқыды. Хазіреті Омардың айтуынша сол заматта Алла Расулы хақ пен нахақтың[2] ара жігін ашқаны үшін Омарды «Фаруқ», яғни дұрыс пен бұрысты айырушы деп атай бастаған. Хазіреті Хамза мен Хазіреті Омардың бірінен соң бірі мұсылмандықты қабылдап, Исламды ашық жария етуі мүшріктерге күтпеген соққы болса, мұсылмандарға ерекше қуаныш сыйлады. Мұсылмандар осы кезден бастап еркін ғибадат жасауға қол жеткізді. Әсіресе Хазіреті Омардың муминдер қатарына қосылуы Ислам тарихындағы ең маңызды оқиғалардың бірінен саналады. Бұл мәселені Абдуллаһ ибн Масғұд есімді сахаба былайша түсіндіреді: «Омардың мұсылмандықты қабылдауы – Исламның жеңісі, мұсылмандар үшін үлкен құрмет, ал Мәдинаға көшуі болса – көмек, халифалығы – берекет болды. Омар иманға келгенге дейін біз Қағбаның ауласында ашықтан-ашық ғибадат етпек түгілі, емін-еркін жүре алмайтынбыз».

Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Сахабалары, Хазіреті Мұхаммедті көрген, оған иман еткендер.

[2] Ақиқатқа қайшы.

Бөлісу: