25
Дүйсенбі,
Қараша

һижри

9 жылдан кейін келген жеңіс

9 жылдан кейін келген жеңіс

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар ретінде жіберілген тұста Шығыс Рум мен Иран дүние жүзінің алып мемлекеттері саналатын. Пайғамбарлықтың бесінші жылында, яғни б.э. 613 жылдарында бұл екі көрші ел бір-бірімен бәсекелесіп, соңы қанды қырғынға ұласқан. Ол кезде Иран тағында екінші Хұсрау, ал Рум императоры Гераклий еді…

Иран әскерлері румдықтарды теңізге дейін тықсыра қуып, Сириядағы құтты мекендерді қолға түсірген. Б.э. 614 жылында Палестина мен қасиетті Құдыс (Иерусалим) түгелдей ирандықтардың қол астына көшкен. Осы басып алу шайқасы тұсында шіркеулер қиратылып, барлық діни ғимараттар жермен-жексен болған. Ирандықтарға қолдау көрсетіп, қолтықтарына су бүріккен жиырма алты мыңға жуық яһуди алпыс мыңнан астам христианның қанын мойындарына жүктеген-ді. Иран шахының сарайы отыз мыңнан астам адамның бас сүйегімен безендірілген болатын. Шайқас мұнымен де тынбаған. Енді Мысырға қарай баса көктеген ирандықтар б.э 616 жылында бір жағынан Ніл маңын қол астына қаратып, Александрияға дейін енсе, екінші жағынан қазіргі Анадолы территориясына еніп, Шығыс Рум империясының бас қаласы Константинопольге (қазіргі Ыстамбұл) көз тіккен-ді. Осылайша Ирак, Сирия, Палестина, Мысыр және Анадолыда салтанат құрған болатын. Түйіндей келгенде, б.э 616-жылында Шығыс Рум империясы ирандықтардан ойсырай жеңілген болатын. Румдар Алладан түскен Інжілдің қағидаларын ұстанушы христиандар еді. Ирандықтар болса, Алламен ісі жоқ, ақыретке сенбейтін, отқа табынатын. Румдықтардың жеңілісін Меккедегі мүшріктер естіп, малақайларын аспанға атып қуанған. Ал, мұсылмандарды бұл хабар қайғыртқан болатын. Мүшріктер беталды мұсылмандардың мазасын алып: «Сендер христиандар сияқты төбеден түскен кітапқа сенесіңдер. Ал, біз ирандықтармен біргеміз. Біздің ирандық бауырларымыз румдықтарды жеңді. Көрдіңдер ме, шындап кіріссек, біз де сендерді жеңеміз!» - деп мәз болысты. Осы оқиғаға байланысты Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) Алладан муғжиза ретінде «Рум» сүресі түсті. «Румдар жақын жерде жеңіліске ұшырады. Бірақ олар осы жеңілістен соң бірнеше жылдан кейін жеңіс тұғырына көтеріледі. Баста да, соңында да әмір беру ісі – Аллаға тән. Сол күні муминдер Алланың берген жеңісімен қуанышқа бөленеді. Ол қалағанын жеңіске жеткізеді. Өйткені Ол А’зиз (бар нәрседен құдіретті) және рахим (өте рақымды). Бұл Алланың уәдесі. Алла уәдесіне берік. Бірақ адамдардың көбі мұны білмейді» делінген Рум сүресінің 1-6-шы аяттарында.

Осы аяттар түскен тұста Рум империясының халі өте мүшкіл еді. Ішкі шайқастар, қазынаның талан-таражға түсуі, әскердің таралуы император Гераклийді Константинопольді тәрк етуге итермеледі. Ирандықтар басып алған жерлерінде ойран салып, ойларына келгенін жасады. Жеңіске масайраған олар қазынаға қол салып мал-байлықпен қоса Рум әйелдерін де басыбайлы етіп алады. Осының бәрі жетпегендей Иран шахы Хұсрау: «Енді Гераклийді шынжырлап әкеліңдер. Менің көз алдымда от пен күнге табынсын» - деп асылық та жасады. Осыдан соң румдықтарды бірнеше жыл ішінде етек-жеңін жиып, жеңеді деп ойлаудың өзі қисынсыз. Алла Тағала жоғарыдағы аяттарымен Расулына егер өзі қаласа, қисынсыз ойдың да жүзеге асатынын хабарлаған болатын. Хазіреті Әбу Бәкір аталмыш аяттарды Хазіреті Мұхаммедтен (с.ғ.с.) тыңдай салысымен мүшріктердің ортасына шығып баршаға естірте оқыды. Сонан соң мүшріктерге бажайлай қарап: «Көрдіңдер ме, бірнеше жылдан соң румдар ирандықтарды жеңетін болады» - деді. Мүшріктер сенбейтіндіктерін білдірді. Араларынан Үбәй ибн Халаф шығып: «Сен өтірік айтасың. Кел, белгілі бір уақытты белгілейік, егер айтқан сөзің жалған шықса, төлеу төлейсің» - деді. Хазіреті Әбу Бәкір оған келісіп, үш жылға, он түйеге бәстесті. (Бәстесу Исламда харам саналады. Бірақ ол кезде бұл жөнінде Алладан үкім келмеген болатын — Д.Ө.И) Хазіреті Әбу Бәкір болған жайды пайғамбарға баяндап берді. Мұхаммед (с.ғ.с.) оның айтқандарын тыңдаған соң: «Аяттағы бірнеше жыл мерзім үш жылдан тоғыз жылға дейінгі аралықты қамтиды. Сен қайта барып, түйелердің санын арттырып, бәстің уақытын ұзарт» - деді. Хазіреті Әбу Бәкір Үбәймен жолығып келгендегі мақсатын айтты. Үбәй да оған қарсы болмады. Арадан бірнеше жыл өтіп, Хазіреті Әбу Бәкір Меккеден кететін болғанда Үбәй ибн Халаф оған доқ көрсетіп: «Сен Меккеден кететін болсаң, маған біреуді кепілдікке таста. Әйтпесе түйелерді төлемей кетесің бе деп қорқамын» - дейді. Хазіреті Әбу Бәкір ұлы Абдуррахманды кепіл етіп көрсетеді. Үбәй ибн Халаф та кейінірек Ухуд соғысына бара жатып Абдуррахманға өз жақындарынан біреуді кепіл қылады. Шайқаста жараланып, Үбәй қаза болады. Бәстен соң арадан тоғыз жыл өткенде румдықтар кенеттен күшейіп ирандықтармен айқасқа түсіп, жеңіске қол жеткізеді. Бұл жолы мұсылмандар қуанып, мүшріктер қайғырады. Бәсте басым түскен Хазіреті Әбу Бәкір келісілген жүз түйені Үбәйдің мұрагерлерінен алып Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) әкеледі. Алланың Расулы оларды садақа ретінде таратуды жөн көреді.

Болашақтан хабар берген Рум сүресінің ақиқатына көз жеткізген меккелік мүшріктердің бағзылары мұсылмандықты қабылдайды.

Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды.

Ummet.kz

Бөлісу: