Ол Алла елшісінің (с.а.с.) үйінде бар-жоғы 8 ай тұрып, жарық дүниемен қош айтысқан. Зәйнәб Бәдір соғысында жекпе-жекте шәһид болған Ғұбайда ибн Харис әл-Мутталибидің (Алла оған разы болсын) жесірі еді. Зәйнәб күйеуі шәһид болған кезде жаралыларға көмек көрсетіп, жарақаттарын таңумен шұғылданып жүргенді.
Күйеуінің қазасы оны өз міндетін орындаудан тоқтатқан жоқ. Ол мүшріктермен арадағы алғашқы соғыста Алла тағала мұсылмандарға жеңіс бергенше, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарған. Зәйнәбтің төзімділігін, табандылығын, сабырлылығын көрген Пайғамбарымыз (с.а.с.) күйеуінен айырылған оған сүйеніш таныту мақсатымен өзіне некелеп, оны «мүміндердің анасы» дәрежесіне көтерген.
Толық есімі – Зәйнәб бинт Хузәйма ибн Харис ибн Омар әл-Һиләлия. Анасы – Һинд бинт Ауф ибн Зуһайр ибн Харис әл-Химәрия. Ол жайлы «Арабтарда Һинд Ауфқызындай мәртебелі күйеу балаларымен танымал әйел жоқ» делінетін. Себебі оның қыздары Әбу Бәкір Сыддық, Абдулмутталибтің ұлдары Хамза және Аббас сияқты құрайыштардың беделді де абыройлы адамдарына тұрмысқа шыққан. Сондай-ақ бұл кісі Алла елшісінің (с.а.с.)тағы бір әйелі – Мәймуна Харисқызының, Жағфар ибн ӘбуТалибтің әйелі – Әсмә Умәйсқызының, Хамза ибн Әбу Талибтің әйелі – Сәлмә Умәйсқызының шешесі еді. Һинд Хадишадан (Аллаһ оған разы болсын) кейін Исламды қабылдаған екінші әйел. Сондай-ақ тарихта оның Әбу Ләһәбты ұрғаны жайлы дерек бар. Бұл алғашқы Бәдір шайқасында құрайыштар жеңіліс тапқан кезде орын алған жайт еді.Мұсылмандардың жеңісі жайлы хабар Меккеге жеткенде, Әбу Ләһәб ызадан булығып, аласұрып кетеді. Бұған шыдамаған Һинд Ауфқызы оның басынан таяқпен бір салады. Тиген соққының қаттылығы соншалық, төбе құйқасынан саулап қан ағады. Әбу Ләһәб бұл соққыдан ұзақ уақыт зардап шегіп, ақыры осының салдарынан өледі. Өлер шағында одан әйел, бала-шағасының барлығы теріс айналған-ды, Алланың оған лағынеті болсын!
Зәйнәб Алла елшісі (с.а.с.) үйінің босағасын Хафса Омарқызынан кейін аттаған мүміндердің бесінші анасы еді. Ол өмірімен қош айтысқанда отызға да толмаған-ды. Қысқа ғұмырын кедей-кепшік пен мұқтаждарға қарайласумен өткізген Зәйнәб, өзін материалдық қажеттіліктер мен дүниелік қызықтардан қашық ұстайтын. «Мұқтаждар мен міскіндердің анасы» деген атына заты сай Зәйнәбтің құштар нәрсесі кедейкепшікті азғантай болса да бірдеңемен қуанту болатын. Зәйнәб көз жұмғанда, жаназасын Алла елшісі (с.а.с.)шығарып, денесі Бақиғқа жерленеді. Ол – осы қорымда жерленген мүміндердің алғашқы анасы. Алла оған разы болсын! Сондай-ақ ол – Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көзі тірісінде дүние салған екінші әйелі. Мүміндердің анасы – Зәйнәб Хузәймақызын Алла жарылқасын!
материал «Асыл аналар» кітабынан алынды,
ummet.kz