21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Руфайда Сағдқызы — Пайғамбарымыз (с.ғ.с) арқа сүйеген әйел

Руфайда Сағдқызы — Пайғамбарымыз (с.ғ.с) арқа сүйеген әйел

Ислам жұлдыздары

Бұл әйел Ислам әскерінің жорықтардағы алғашқы емдеушісі болған.

Руфайда алғашында Бәдір шайқасынан бастаған. Мәдинада мешіт ауласында шағын ғана шатыр құрып, емдеу ісіне қажетті дәрі-дәрмек, дәке сияқты заттарын жинап, сол шатырды кішігірім әскери госпитальға айналдырып, жаралыларды күтіп, олардың жарақаттарын таңып, көмек көрсететін. Ал Ухуд шайқасында Руфайда әскери госпиталін Ухуд тауының етегіне, соғыс алаңына жақынырақ жерге апарып орналастырады. Осы шайқаста Руфайданың шатыры жаралыларға лық толады. Кейіннен оған бұл істе қолғабыс ететін жәрдемші әйелдер де табылады. Шатыр Хандақ шайқасында да құрылған-ды. Ал бейбіт күндерде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мешітінен жай алатын.

Руфайда емдеген ержүрек жауынгер сахабалардың бірі – Сағд ибн Муғаз (Алла оған разы болсын). Сағдтың Хандақ шайқасында иығына садақтың жебесі тиіп, жарақатынан көп қан кетеді. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.а.с.):

«Оны Руфайданың шатырына апарыңдар», – деп айқайлаған еді. Шатырына әкелінген Сағдты Руфайда күтіміне алып, қолынан келген жәрдемін аямайды. Соғыс аяқталғаннан кейін де сахабаның беті бері қарай қоймайды. Сол күндердің бірінде Пайғамбарымыз (с.а.с.) Сағдты зиярат етпек болып, Руфайданың шатырына келеді. Келсе, Сағдтың жарақатының асқынғаны сондай, одан аққан қан шатырдың сыртына шығып жатыр екен. Сағд ибн Муғаз осылайша Исламды қорғау жолында мерт болады. Алла елшісі (с.а.с.) сахабаларға: «Сағд ибн Муғаздың өлімі себепті Рахманның аршы шайқатылды», – деген.

Руфайда тек Сағд қана емес, жарақат алған барша мұсылман жауынгерлерге бәйек болып, олар үшін аяғынан тік тұратын. Шатырының бар шығыны, азық-ауқаты мен қажеттіліктері Руфайданың өз мойнында болатын. Ол Пайғамбарымыз (с.а.с.) арқа сүйеген әйелдердің бірі еді. Міне, бұл – нағыз мұсылман әйелдің өнегесі. Алла оған разы болсын!

материал «Асыл аналар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: