20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Билқис – әйелдерге де, ерлерге де үлгілі жан

Билқис – әйелдерге де, ерлерге де үлгілі жан

Ислам жұлдыздары

«Оған әрбір нәрседен несібе берілген»

Бұл әйел жайлы әңгімеміз шым-шытырық хикаялар мен таңғажайып кереметтерге толы Сүлеймен пайғамбардың (аләйһис-сәләм) қиссасымен тығыз байланысты. Бұл қисса «Нәмл» сүресінде баяндалады.

Күндердің күнінде Сүлеймен адамдардан ғана емес, жын-перілер мен аң-құстардан құралған бүкіл әскерінің жиналуына бұйрық береді. Жиылысқа һудһуд (көкек) келмей, Сүлеймен құстарды түгендеді де: «Һудһудты неге көрмеймін, әлде ол жоғалып кетті ме?» – деді. Кешіккен соң, оған іздеу салып: «Расында, мен оған ауыр азап көрсетемін, не оны бауыздаймын немесе маған бір анық дәлел келтірсін», – дейді. Бір кезде көп күттірген Һудһуд келіп, Сүлейменге:

«Мен сен білмеген бір нәрсені білдім және саған Сәбәдан анық бір хабар алып келдім», – дейді. Ол әңгімесін жалғап:

«Мен оларға патшалық етіп отырған бір әйелді көрдім. Оған әрбір нәрседен несібе берілген және оның орасан зор тағы бар. Оның және елінің Аллаға емес, күнге табынатындарын көрдім. Шайтан оларға амалдарын әдемі көрсетіп, жолдан қайтарған. Сондықтан олар тура жол таба алмай жүр. Олар аспандар мен жердегі жасырылғанды сыртқа шығаратын және сендердің жасыратындарың мен жариялайтындарыңды білетін Аллаға сәжде етпейді ме? Ұлы Аршының Раббысы – Алла Тағала. Одан басқа ешбір құдай жоқ», – деді.

Бұл заты әйел болғанына қарамастан, Құранда айтылғандай, ұлы патшалық құруға қол жеткізіп, өте мықты өркениет қалыптастырған, ұлы тұлғалы Билқис деген нәзік жан еді. «Оған әрбір нәрседен несібе берілген».

Билқис ғылым-білім, өнерге, атақ-даңқ, абыройға, көрік-сымбат, сұлулыққа, күш-қайрат, құдіретке, ақыл-ой мен парасатқа ие болатын, сондай-ақ қарақұрым қалың әскердің тізгінін қолында ұстаған. Оның ұлылығының айқын сипатын көрсететін астында ғажайып тағы болатын.

Һудһудтың сөзін естіген Сүлеймен: «Рас айтасың ба, жоқ өтірік айтасың ба, оны көрерміз, (әуелі) менің мына хатымды оларға алып барып таста да, бұрылып күтіп тұр. Сөйт те, (мұны) қалай қабылдайды (соны) бақыла», – деп жат елге сәлемін жолдайды. Әміршісінің хатын алып ұшқан Һудһуд Билқис сарайына жетіп, хатты сарайдың төбесінен тастайды. Көктен түскен хатқа таңырқаған Билқис хатты ашып қарап:

«Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим. Маған астам-шылық көрсетпеңдер. Алдыма бойсұнған күйде келіңдер», – деген жазуды оқып, Сүлейменнің мөрін көреді.

Арасы алшақ екі елде (Билқис – Йеменде, Сүлеймен – Палестинада) сұлтандық құрған екі патша ешқашан кездеспеген-ді. Сүлейменнен келген бұл хаттың мәселесін шешуге Билқистің ақыл-парасаты, пайымы жетсе де, елінің жақсы-жайсаңдары мен көреген-көсемдерін жинап, ақылдасуды жөн көреді.

«Ей, ақсақалдар! Маған бір ардақты хат келді, ол Сүлейменнен... Менің бұл ісіме қатысты ақыл-кеңес беріңдер», – дейді. Ал кеңесшілері Билқисқа: «Біз – қарулы әскері бар күшті елміз, қалай шешуді өзің ойлап көр», – деп істің шешімін өзіне қалдырады.

Елінің мен деген ер-азаматтары бұл әйелдің алдында ешқандай шешім қабылдай алмай, істі өзіне қалдырып отырғаны Билқистің беделінің қаншалықты биіктігі мен ақыл-парасатының кеңдігін тағы да дәлелдеп тұрғандай. Ауыз тұшырлық, көңіл қанағаттанарлық ештеңе ести алмаған Билқис:

«Егер патшалар бір елге кірсе, оны қиратады, қадірлілерін қор етеді». Мен бұл кісінің бізді аяққа таптауынан қауіптенемін. Алдымен мен оған сыйлық, тарту-таралғылар жіберіп, тамырын басып көрейін. Елшілер қандай хабар алып келер екен, оны да байқайық. Егер күш-қуаты мықты, әскері көп патша болса, қарсы келмейміз, егер әлсіз болса, қарсы шығып соғысамыз, ал егер ақыл-парасатты, әділетті патша болса, бір ымыраға келерміз», – деп ой түйеді.

Мұнда Билқистің патшалық билік саясатындағы айла-тәсілді қолдануының шеберлігі көрінеді. Саяси шешім қабылдау үшін оған алдымен мәлімет қажет болады да, оны тарту-таралғылар жіберу арқылы алуды көздеп, Сүлейменге қисапсыз мал-мүлік, асыл тастар тарту ету үшін елшілерін аттандырады.

Ол елге патшайым сыйлаған тартуларды жеткізген елшілер жер-жаһанда теңдесі жоқ, ұлы патшалықтың иесі, ешкім бағындыра алмайтын нәрселерді бағындырған, ешкім құра алмаған өркениеттің төрінде отырған патшаны көреді. Елшілер ханшайымдарының беріп жіберген сәлемдемесін Сүлейменнің алдына тартқанда, ол:

«Сендер маған дүниемен көмек бермексіңдер ме? Алланың маған бергені сендердің ұсынғандарыңнан жақсы. Негізінде, сендер сыйлықтарыңа мәз болып жүрсіңдер. Оларға қайтып бар. Мен оларға өздері төтеп бере алмайтын әскермен барамын да, оларды ол жерден кішірейіп қорланған күйлерінде (қуып) шығарамын», – деп қайтарады.

Еліне жеткен елшілер көрген-білгендерін, Сүлейменнің қайтарған жауабын айтқан соң, Билқис Сүлейменнің мемлекетіне бағынуға шешім қабылдап, өзінің басшылығымен өкілдерін алып баратындығын айтады. Олардың келе жатқанын естіген Сүлеймен қол астындағы үлкен жындарын жинап:

«Ей, жамиғат! Олар маған бойсұнып келуден бұрын оның тағын маған қайсыларың алып келе аласыңдар?» – деді. Жындардан бір мықты: «Мен саған оны орныңнан тұрғаныңа дейін әкелемін. Менің бұған күшім жетеді әрі сенуге болатын жанмын», – деді. Өзінде кітаптан білім болған біреу: «Мен саған оны (көзің жететін шекке қарап) жанарың өзіңе қайтқанша әкелемін», – деді. (Сүлеймен) оның (тақтың) алдында тұрғанын көргенде: «Бұл Раббымның мен шүкірлік етемін бе әлде оны мойындамаймын ба – (осыны) сынау үшін берген кеңшілігі. Кім игіліктерге алғыс білдірсе, өзі үшін алғыс білдіреді. Ал кім оны мойындамаса, ақиқатында, Раббым – Бай (яғни ешкімге мұқтаж емес), өте Жомарт», – деп шүкіршілік білдіреді. Бұл тақ әкелінген соң, Сүлеймен оны өзгертуге әмір беріп, қызметкерлері оны жеңіл-желпі өзгеріске енгізеді.

Көп кешікпей патша сарайына Билқис та келіп түседі. Ішке енген патшайым мен жанындағы өкілдері төрдегі тақтан көздерін алмай таңырқап қалады. Таңданыстарын аңғарған Сүлеймен Билқисқа:

– Сенің тағың осындай ма? – дейді. Билқис болса:

– Дәл өзі сияқты, – деп жауап береді.

Сүлеймен келген қонақтарға өзіне Алла Тағаланың тарту еткен күш-құдіретін көрсеткісі келіп, оларды түгелдей мөлдір шыныдан құрылған, тіпті еденінің астынан су ағызылып қойылған бір сарайға кіргізеді. Бұл сарайдың шеберлікпен жасалғаны сондай, су шынының үстінен ағып жатыр екен деп ойлаған Билқис кіре бере көйлегінің етегін түреді. Алланың бұл кереметін көрген Билқис ханшайым бұл адам қолынан келмес ғажайып іс екенін түсініп, ғаламат күштің өкілі ретінде Сүлеймен шақырып тұрған бұл діннің шынайылығына көзі жетіп, сол жерде: «Негізінде, мен өзіме әділетсіздік етіппін, енді Сүлейменмен бірге әлемдердің Раббысына бойсұндым», – деп иман келтіреді. Бір риуаяттарда Билқистің Сүлейменге тұрмысқа шыққаны жайлы айтылады.

материал «Асыл аналар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: