21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Түрмеге түскен Сәдуақас Ғылманиға келген Алланың көмегі

Түрмеге түскен Сәдуақас Ғылманиға келген Алланың көмегі

Ислам жұлдыздары

Қасиетті Құран Кәрімнің алты жүзден астам жерінде білім алудың абзалдығы жөнінде айтылады. "Зүмәр" сүресінің 9-аятында Раббымыз «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» деп білім иелерінің жоғары құрметке ие екенін меңзейді.

Міне, Исламдағы ілімнің маңызын жастайынан түсініп, білім соңына түскен Сәдуақас Ғылмани білгенін өзгеге үйретуді де ұмытпады. 24 жасында ауыл-аймақ ақсақалдарынан бата алып, Аққозы ауылында 3 жыл бала оқытады. 1916 жылғы ел ішіндегі дүрбелең жылдары, Сәкен қалпенің ұстаздық қызметі екі жарым жылдай үзіліп қалады. Рухани ұстазы Ахмет қалпе 1918 жылы Уфа қаласынан білім алып келіп, шәкірті Сәдуақасқа: “Өз заманының ғылымын білмей өлген кісі надан болып өледі” деп діни біліммен қатар дүниетану ғылымдарын да үйренуге үндейді. Ол ұстазының жол сілтеуімен болашақ ғалым тарих, ғылымхал, жағрафия секілді пәндерді оқуға ден қояды.

Кеңес үкіметі орнап, имандылық кетіп, имансыздық жайлаған заман келеді. Орыс солдаттары туған ағасы Мұқанды атып өлтіріп, туған апайы Мәпен аурудан қайтыс болады. 1922 жылдан бастап медресе-мешіттер жабылып, Сәдуақас Ғылмани қуғынға ұшырайды. Қолында қарт әкесі, екі інісі қалып, өмірінің ең ауыр кезеңдері басталады. Ел ішінде қашып-пысып өмір сүреді. 1929 жылы ғалымның өзі мекен еткен Төре ауылындағы мешіт-медресесін жауып, кітаптарын ішіне қойып, отбасын аман алып қалу мақсатымен Ақмоладағы жолдасының үйіне бас сауғалап баруға мәжбүр болады. Үлкен қызы Үкіжан апамыздың естелігінде ол туралы былай делінеді: “Әкемді екінті намазын оқып отырған жерінен үй иесімен қос түрмеге алып кетеді. Атымызды, ішіп-жеп отырған тамағымызды да алып кетті. Өзі аштықтың басталған кезі еді”.

Алла жолында адал қызмет еткен құлдарына Алланың көмегі бірден келетінін Раббымыз Қасиетті Құран Кәрімнің "Әнфәл" сүресінің  45-ші аятында “Әй, мүміндер! Қашан бір топ жаумен қарсылассаңыздар мықты болыңдар да, Алланы көп еске алыңдар, әрине құтыларсыңдар” деген еді. Сәдуақас Ғылмани да тағдырға толық иман келтірушілерден болатын. Түрменің қапас бөлмесінде де бес уақыт намазын, дұғасын үзбеген, сабыр мен көркем мінез танытқан Сәдуақас Ғылманиға түрме күзетшілерінің өзі таңғалып, еріксіз құрмет тұтқан. Түрме күзетшілері нұр жүзді имамды өлімге қимай: “Молдеке, сіз Алла тағалаға шын берілген адам екенсіз, дін Исламға пайдаңыз тисін, біз сізді өліп қалды деп қағаз толтырамыз да, мына адамның құжатын сізге беріп, түрмеден шығарып жібереміз” деп, молданы Мусимов Әбдікәрім деген атпен босатып жібереді. Бұл да болса Алла тағала “қабыл етемін” деп уәде еткеніндей, зұлымдық көрген адамның дұғасына жауап болғанының көрінісі. Сәдуақас Ғылмани түрмеден шыққанынан кейін отбасымен қауышады, Ерейментау маңындағы Еңбек деген жерге қоныстанып, ұста болып қызмет етеді.

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: