29
Жұма,
Наурыз

һижри

Құранды ағылшын тіліне үздік аударған мұсылман ғалымы

Құранды ағылшын тіліне үздік аударған мұсылман ғалымы

Ислам жұлдыздары

Пайғамбарымыз (с.а.у.) заманында ақиқатты ақылымен ұққан кейбір яһудилердің Ислам дінін қабылдағанын білеміз. Ал кейінгі еврейлер мұсылмандармен бітіспес жауға айналды. Десек те, олардың арасында біздің бүгінгі кейіпкеріміз Мұхаммед Асад секілді Ислам дінін қабылдап қана қоймай, оның мәртебесін әлемде биікке көтерген еврей-мұсылмандар да аз емес. Мұхаммед Асад – қызметтік мансабын журналистикадан бастап, жазушы, дипломат, саясаткер, реформатор, БҰҰ-дағы Пәкістан елшілігімен жалғастырған “Меккеге жол” кітабының авторы әрі Құранды ағылшын тіліне аударған мұсылман ғалымы.

Мұхаммед Асад Исламды сөзбен қабылдай салған жоқ, өмір салтына айналдырды. Оны кей мұсылмандардың мұсылман бола тұра Ислам шарттарын орындамайтыны таңғалдыратын. Асад Ислам діні туралы: “Ислам мен үшін архитектура өнерінің ғажап бір туындысы секілді. Оның барлық негіздері керемет үйлесімділікпен орналасқаны сондай, бірін-бірі толықтырып отырады, кемшілік таппайсың”, - дейді.

Мұхаммед Асад Исламды қабылдай сала, қасиетті мекен – Меккені көруге асықты. Ол 1927 жылдың қаңтар айында жұмысын, үй-жайын тастап, жанына өзімен бірге Исламды қабылдаған суретші әйелі Эльзаны ертіп, қажылыққа аттанады. Бірақ өзінен 15 жас үлкен әйелі Меккеге барған соң аяқ астынан ауырып қайтыс болып, Асад Меккеде тұрақтап қалады. Енді ол Құранды зерттеуге кіріседі. Және тұрмысына қажетті қаржыны неміс газеттеріне Таяу Шығыс туралы жазып, табады.

Бірде, Мұхаммед Асад Меккенің үлкен мешітінің кітапханасында Файсал ханзаданы жолықтырып қалады. Ол Еуропадан келген қонақты әкесі, Сауд Арабиясының негізін қалаушы король Абдуләзиз ибн Саудпен таныстырады. Асадтың тегін адам еместігін бірден байқаған король оны сарайына күнде шақыртып жүреді. Уақыт өте ол корольдің досына әрі кеңесшісіне айналады. Тіпті ең құпия істерін де король Асадқа сеніп тапсырған деседі. Ол туралы өзінің естелігінде Асад: “Ол – король, мен –қарапайым журналист, екеуміздің дәрежеміз тең болмаса да, ол мені дос тұтады, өзінің ең құнды ойларын менімен бөліседі. Соған орай мен де “біз достармыз” деп ашық айта аламын”, – деп жазды.

Асад қасиетті қалалар – Мекке мен Мәдинаны алты жылға жуық мекен етіп, Құран мен хадисті, араб тілі мен Ислам тарихын терең меңгерді. Өз жазбаларында айтқандай, Исламның адамзатқа берілген ең үлкен сый екенін түсінді. Егер кем-кетік тұстары болып жатса, оның адамдардың ықпалынан екенін де байқады.     

Muhammad-Asad-Die-Botschaft-des-Koran4.jpg

Арабияны қатты ұнатып қалғаны сондай, Асад ол туралы: “Бұл махаббат еуропалықтарға тән болмаса да, мен Арабияны қатты жақсы көремін. Араб өмірінің әдемілігі сондай, қай-қайсымызды болса да тартпай тұрмайды. Ал егер ол елде тұрып көрген болсаң, оны жүрегіңнен ешқашан суырып тастай алмайсың. Тіпті адам ол жерден кетсе де өзімен бірге араб жазирасының ғажап атмосферасының бір бөлігін бірге алып кетеді әрі өмірбойы сол өлкені сағынып өтеді”, – деп жазды. Әрине, Асадтың бұл сағынуын – кезіндегі Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен сахабалардың ізі қалған топырақты сағынуы деп түсінемін. Қазірдің өзінде Меккеге бір барып қайтқан қажылар сол жаққа қайта барғысы келіп тұратынын айтады. Асад та сол бір арман-мекенді өмірбойы сағынып өткен секілді.

Кітабы жарық көргеннен кейін Мұхаммед Асад Америкадан Мороккоға қоныс аударады. Ол 19 жыл осындағы Танжер атты қалада коңырқай тіршілік кешті. Ендігі өмірінде Құранды ағылшын тіліне аударуға ден қойды. Бұл 17 жылдық еңбегі тек 1980 жылы «Құран сырлары» деген атпен жарық көрді. Оның кіріспесінде «Бұл кітабымды ақыл иелеріне арнаймын» деген сөз бар еді. Бұл кітап Құранның аудармасынан гөрі тәпсірі, түсіндірмесіне жақын. Мұхаммед Асад Исламның білгірі саналса да, бұл еңбегіне сын айтушылар көп болды. Кітапта модернистік көзқарастар көбірек делінді. Олардың айыптауы заңды да еді. Өйткені, күннен күнге түрлі қақтығыстар, төңкерістер орын алып жатқан Араб мемлекеттерінің кейінгі әрекеттерін Мұхаммед Асад қолдамауға көшкен болатын. Керісінше, ол халықты фанатизмнен аулақ болуға, ислам әдептерін сақтауға шақырды. Қалай айтылса да, күні бүгінге дейін ағылшын тілінде Мұхаммед Асадтың Құран аудармасына тең келер басқа аударма жоқ.

Мароккода оның «Ислам мемлекетінің қағидалары», «Сахих әл-Бұхари: исламның алғашқы жылдары» атты кітаптары да жарық көрді. Асад дәл осында жүріп, Ирак пен Иранның арасындағы соғыс туралы естіп, қатты налыды. Солай Лиссабонға қоныс аударады. Оның ғұмырнамасын жазушылар «Бұл Мұхаммед Асадтың мұсылман елдерінен қашқандығы емес, көңілінің қалғандығы. Әйтпесе ол өмірінің соңына дейін мұсылман болып қалды, өзі ерекше сүйген мұсылман әлемі оның жүрегінде болды», – деп жазды. Лиссабоннан кейін Мұхаммед Асад испанның Михас қаласына жақын Марбелла атты жерге келеді. Мұнда кезіндегі Ислам өркениетінің естеліктері ғана емес, мұсылмандар да, мешіт те бар еді. Асад кезінде өзі тығыз қарым-қатынас орнатқан ортадан алыстап кетсе де, оның жағдайын сұрап келіп тұрушылар да, хат жазушылар да көп болды. Әсіресе, Сауд Арабия шейхы, мұнай өндірісінің министрі шейх Ямани жиі келетін. Ал Эр-Риядтың губернаторы, Салман әмір де хат жазып, оны Арабияға шақырумен болды. Бірақ Асад онда қайта барғысы келмеді. Өзі кезінде көргендей емес, мемлекет саясатының өзгеріп бара жатқаны Асадқа ұнамайтын еді. Реті келгенде Сауд Арабиясы мен Ирандағы билікке қатысты сыни пікірлерін де іркіп қалмады. Өмірінің соңына қарай, Асад автобиографиясының “Жүректің оралуы” атты екінші бөлігін жазып жатқан болатын. Бірақ оны аяқтау жазушыға бұйырмапты. 

Өзі таныған Исламды Еуропаға, әлемге танытуға барын салған Мұхаммед Асад 1992 жылы, 92 жасында дүниеден озды. Сүйегі Марбелдегі шағын мұсылман қабірінде жатыр. Оның өлімі туралы некрологтар әлемнің көптеген газеттерінде жарияланды, оның жаназасына талай ислам ғалымдары қатысты. 

Мұхаммед Асадты көптеген ғалымдар Еуропадан шыққан, ХХ ғасырдың ұлы мұсылман ойшылы санайды. Ол – Еуропа мен Ислам әлемінің алтын көпірі. Мұсылмандар Асадты Еуропаның өздеріне жасаған сыйлығы деп қабылдаса, еуропалықтар үшін оның еңбектері мұсылмандарды тану жолындағы қайнар көзге айналды.

материал «Әлем таныған мұсылмандар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: