16
Сәрсенбі,
Қазан

һижри

Имам Шәмілдің Мәдинада жерленгенін білесіз бе?

Имам Шәмілдің Мәдинада жерленгенін білесіз бе?

Ислам жұлдыздары

Имам Шәміл Мәдинада тұрған кездері Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қабірін жиі зиярат етіпті. Бірақ сахараның ыстығы тау ұлына кері әсер етті. Шәмілдің денсаулығы күн өткен сайын төмендей берді.

Мәдинада екі қызы өмірден өтті. Шәміл енді Ресейде қалған ұлдарын бір көруді армандайды. Олар үшін дұға еткенде етегі жасқа толатын еді дейді. Ресейден шығуға рұқсат тек Ғази-Мұхаммед атты ұлына беріледі. Ол ұзақ жүріп, Араб жеріне іліккенде Мәдинаға баратын жолдың керуенмен жабық екенін естиді. Сосын Меккеге келіп, қажылық жасап жүргенінде әкесінің қазасы туралы хабар жетеді. Солай атақты Кавказ батыры, дін ғұламасы құрбан айт күні, яғни 1871 жылдың 4 ақпанында шейх Сағид Хұсейіннің тізесіне басын сүйеген күйі дүниеден өтіпті.Шәмілді ақтық сапарға шығарып салуға, жаназасына қатысуға бүкіл Мәдина халқы жиналыпты. Шәміл солай өзі армандаған, Құдайдан жалбарынып сұраған ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) жерленген әл-Бақи зиратына Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қызы Фатима мен ағасы Аббастың жанына жақын жерге жерленді. Сол заманның атақты ғалымы шейх Ахмет Рифаи Шәмілдің басындағы тасқа: «Бұл Алланың сүйікті құлы, 25 жыл Алланың жолында күрес жүргізген, үлкен ғалым, мүміндердің әміршісі, дағыстандық Шейх Шәміл Афандидің қабірі. Алла Тағала оның ізгі істерін көбейтсін!» - деп өз қолымен жаздырды. Оны ұнатпаған көптеген адамдар Шәмілге топырақ Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жанынан бұйырғанын естігенде, тәубесіне келген деседі. Ал Имам да, оның айналасындағылар да Шәмілдің мәңгілік тұрақ табатын мекені Мәдина болатынын білсе керек.

Кавказда соғыс өрті жалындап тұрған сәттің бірінде Ғази-Мұхаммед пен Шәмілдің арасында аз-маз түсініспеушілік орнап қалыпты. Сонда батырды ұнатпайтын адамдар Ғази-Мұхаммедті азғырып: «Шәмілдің бұл қылығына, тәкаппарлығына қашанғы шыдаймыз? Одан да өлтірейік», – деп келгенде, ақылды имам: «Шәмілді өлтіруін өлтірерміз, ал денесін Мәдинаға қалай жеткіземіз?» – деген көрінеді...

Ең қасиетті мекеннен, адамдардың ең абзалының жанынан орын бұйырған, Алла Тағала дұғаларын қабыл еткен Имам Шәміл қандай бақытты! Біз де адамдарға ізгіліктің үлгісін көрсеткен бұл даңқты батырға Жәннаттағы орын Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жанынан нәсіп болуын тілеп дұға етеміз.

материал «Әлем таныған мұсылмандар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: