21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Ардақты елшінің (с.ғ.с) әз серігі – Әбу Бәкір Сыддық (р.а.)

Ислам жұлдыздары

 “Исламға шақырған кезімде, Әбу Бәкірден басқада алғашқыда сәл іркіліс пен күдіктену болды. Бірақ Әбу Бәкірге Исламды түсіндіргенімде, еш күдіктенбестен, кідірместен иман келтірді” (Хадис).

 

  Хазірет Әбу Бәкір Пайғамбарымыздан (с.а.с.) бірнеше жас кіші. Әкесінің аты Осман болғанмен Әбу Кухафа деген атпен танымал еді. Анасының есімі – бүкіл жақсылықтардың анасы дейтін мағынаға саятын Үммул-Хайр, жұбайының есімі – Үмму Румман, одан бұрын Асма бинт Умейске үйленген еді. Әбу Бәкір үш қыз бен үш ұлдың әкесі болды.

Ислам дінінің Пайғамбарымыздан (с.а.с.) кейінгі ең ардақты тұлғасы – Әбу Бәкір (р.а.). Ол Ислам діні жолында жанын да, малын да пида етуімен, туралық, шынайылығымен басқаларға жарқын үлгі болды. Бүкіл ғұмыры биязылық, жомарттық, жанкештілік тәрізді адамдық асыл қасиет өрнектеріне толы.

Хазірет Әбу Бәкір әлемге Ислам шуағы төгілмей тұрып та сол қараңғылық дәуірдің өзінде жан дүниесі нұрға толы еді. Ешқашан жансыз, қимылсыз, ақылсыз, өзге түгіл өзіне де пайдасы не зияны жоқ дәрменсіз, мешеу пұттарға бас иіп табынбаған. Ішімдік пен құмар сияқты жәһилия дәуірінің әдеттеріне мойын бұрмаған, туа біткен асыл рухты болатын.

Ол Меккеде бай әрі беделді, көпшілікке сыйлы кісі еді. Құрайыштың түп шежіресі мен тарихын жетік білетін. Ел дау-дамайға әділдік іздегенде соның төрелігіне жүгінетін. Әбу Бәкір Сыддық саудамен айналысатын, сауда-саттықта еш қулық жасамайтын. Айтқан сөзіне берік, кедей-кепшікке жәрдем етуді жақсы көретін. Сауда барысында көптеген елді-мекендерді көрген, ішкі мәдениеті жоғары, қырағы қырандай байқағыш ол өз дәуірінің адамдық құндылықтардан жұрдай болып рухани тығырыққа тірелгенін айқын сезе білді.

Адамзатты бұл қорқынышты қараңғылықтан жарыққа алып шығар бір құтқарушының келуін зарыға күтті. Әрине, ол тұста Әбу Бәкір сияқты зерде көзі ашық, көкірегі ояу хазірет Ибраһимнен (а.с.) қалған Тәухид дініне сенген ханифтер де бұл нұрға ынтызар болатын.

Көңілі тыншымай сан-саққа кетіп ізденіс үстінде жүрген Әбу Бәкірдің мұсылман болуына мына жағдайлар себепші болды:

  1. Сол дәуірдің атақты шайыры Қус ибн Сайда үнемі Указ алаңында хұтба жасап, Хақ Пайғамбардың келуінің жақын екендігін ескертетін.
  2. Сирия сапарында Пайғамбарымыздың (с.а.с.) поп Бахирамен кездесуіне куәлік етуі, Йемендегі поп Настураның жақында бір пайғамбардың келетінін хабарлауы, өзінің көрген түсі: түсінде Меккеге толықсыған айдың шуағын төгіп, сәулесінің үйіне енгенін көріп, Тәурат пен Інжілді жақсы білетін дін адамдарына жорытады. Олар соңғы Пайғамбардың (с.а.с.) Меккеден шығатынын және Әбу Бәкірдің Соған еретінін айтады.
  3. Адамзаттың асылымен (с.а.с.) бала кезден дос болып, оны жақсы тануының да айрықша маңызы бар.

Әбу Бәкір сауда сапарымен Йеменде жүргенде, Мекке халқы Мұхаммедке (с.а.с.) пайғамбарлықтың келгендігі туралы хабарды естіп, толқу үстінде болатын. Өз кітаптарынан жаңа пайғамбардың келетінін оқыса да, кейбір яһудилер мен христиандардың өздеріне де бұл хабар тосын естіліп аң-таң болып жатса, мүшріктер:

”Ішіміздегі ешкімі жоқ жетімекке пайғамбарлық қалай келмек? Пайғамбарлық келер болса руымыздың ішіндегі беделді біреуге келуі керек емес пе еді?”– деп бұлқан-талқан боп, алатайдай бүлінеді. Олар, әсіресе, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өздері “тәңір” деп табынған пұттарының еш дәрменсіз екендігін айтқанын көңілдеріне қондыра алмай, оған наразылық танытып, қарсылық көрсетумен болды.

Йеменде жүрген Әбу Бәкір бұл соңғы жаңалықтан мүлдем хабарсыз еді. Меккеге оралған кезде, оны Әбу Жәһил, Ұтба ибн Муайт сияқты қаланың бетке ұстарлары ортаға алады. Олар Әбу Бәкірдің Мұхаммедке (с.а.с.) жақын дос екенін жақсы білетін. Әбу Бәкір болмағанда, олар Пайғамбарымыздың әрекетіне (с.а.с.) әлдеқашан тосқауыл қоймақшы еді. Әбу Бәкір оларға:

 – Жайшылық па? Жаңалық бар ма? Мен жоқ кезде әлде бір нәрсе болды ма? – деді.

 – Иә, маңызды жаңалық бар. Ел ішінде үлкен бүлік шықты. Әбу Тәліптің жетімегі аталарымыздың дініне тіл тигізіп, өзіне пайғамбарлық келгенін айтуда, – деп тегіс жамырасты.

 – Бұны өзі айтты ма?

 – Иә, өзі айтуда және біздің табынатын пұттарымызға үнемі тіл тигізуде.

 – Егер бұны өзі айтқан болса, онда оныкі – рас!

Әбу Бәкір бұл хабарды оның өз аузынан естігісі келіп, сол бетте Пайғамбарымыздың үйіне бет алды. Өйткені, жақын досы Мұхаммедтің (с.а.с.) жалған сөйлемейтінін ол жақсы білетін. Осы қасиеті үшін де оған дүйім жұрт: “Мухаммадүл-әмин”, яғни “сенімді Мұхаммед” деген жоқ па еді?!

Әбу Бәкірдің жүрегі қуаныштан аттай тулап, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қасынан бір-ақ табылады. Пайғамбарымыз оны нұр тұнған көздерімен күлім қағып қарсы алады. Өйткені, Әбу Бәкірдің өзін қолдайтындығына толық сенетін.

 – Уа, Әбу Қасым, пайғамбарлығыңды жария еткенің рас па? – дейді оған Әбу Бәкір келген бойда сұрақты төтесінен қойып.

 – Иә, Әбу Бәкір. Мен – саған және күллі адамзатқа Әлемдердің Раббысының жіберген елшісімін. Халықты бір Аллаға ғана иман етуге, пұттарға табынудан бас тартуға шақырамын. Әбу Бәкір бұл шақыруға еш кідірместен:

 – Мен куәлік етемін, ей, Мұхаммед, сен Алланың елшісісің! – деп алғаш иман еткендердің қатарына қосылу бақытына ие болды.

Әбу Бәкірдей бір қауым елге сөзі өтімді беделді кісінің мұсылманшылықты қабылдауы, хазірет Айша (р.а.) анамыздың айтуынша, Пайғамбарымызды (с.а.с.) ең қатты қуантқан оқиғалардың бірі болды. Бұл жайлы Пайғамбарымыз бір хадисінде:

 – Исламға шақырған кезімде, Әбу Бәкірден басқа да сәл тосырқау мен күмән болды. Бірақ Әбу Бәкірге Исламды түсіндіргенімде еш күдіктенбестен, кідірместен иман келтірді, – деп оның осы жақсы қасиетін айтқан (Ибн Кәсир, ал-Бидаия уән-нихая; Ибн Хишам, Сиратун-нәби)

Көптен бері нұрды аңсап, асыға күткен Әбу Бәкір онсыз да кемеріне келген көңілі мен жүрек сарайын Исламға айқара ашып, иләһи мейірімнің шуағына бөленіп, өзін басы бүтін осы ақиқат жолына арнап, үнемі Расулулланың (с.а.с.) қасынан табылып, көктен түсіп жатқан иләһи уаһиларды жүрегіне нақыштап, халыққа жеткізуде сөзі өтімді жаршыға айналды. Бүкіл адамдардың бұл бақыт нұрынан мақрұм қалмауы үшін жүрек жалыны оттай лаулап, бір орнында байыз таппады.

Хазірет Әбу Бәкір шынайылығымен қоса мәрт мінезді, көңілі жайсаң жан болатын. Мұсылман болған кезде оның қырық мың дирхамы бар еді. Мұның барлығын да Ислам жолында жұмсау үшін Пайғамбарымызға (с.а.с.) әкеліп табыс етті. Ол бір жағынан, ақылы мен шешендік қабілетіне сүйеніп, Исламды үнемі уағыздаумен болса, екінші жағынан, кедей мұсылмандарға үнемі материалдық көмек көрсетіп отырды. Өміріне қауіп төніп тұрса да, жан-тәнімен қабылдаған ақиқат дінін уағыздауға құлшына кірісті. Меккенің көптеген бетке ұстар азаматтарының Исламды қабылдауына себепкер болды. Олардың арасында көзі тіріcінде Жәннатпен сүйіншіленген он кісінің алтауы: хазірет Осман, Талха ибн Ұбайдұллаһ, Сағд ибн Әби Уаққас, Әбу Ұбайда ибн Жәррах, Зүбәйр ибн Әууәм, Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) бар еді. Бұлармен қатар Осман ибн Маз‘ұн, Әбу Сәламә және Әрқам ибн Әбу Әрқам (р.а.) Әбу Бәкірдің себепкерлігімен Исламды қабылдаған еді. Оның себепкерлігімен мұсылман болғандардың саны 38-ге жетті.

Оның күш-жігері мен қайратының арқасында Исламның шапағат нұрына бөленгендердің қатары күн санап өсіп жатты. Алайда мүшріктер де қол қусырып қарап қалмады. Исламды енді ғана қабылдап жатқандарды жаңа сенімнен бас тартқызу үшін қолдарынан келген жамандығын барынша істеп бақты. Сөзбен түйреулерін тоқтатып, күш қолдана бастады. Мұсылмандарды кезіктірген жерлерінде соққыға жығып, зәбір көрсетті.

Алғашқы кезде мұсылмандар құлшылықтарын еркін орындау үшін хазірет Әрқамның үйіне құпия жиналатын. Оның үйі кіріп-шығуға қолайлы, көзден таса, әрі сырттан келген-кеткендерді бақылауға оңтайлы еді. Күндердің бірінде осы үйге жиналған сахабалар Алланың бірлігін мүшріктерге ашық түрде жария ету үшін Пайғамбарымыздан (с.а.с.) рұқсат сұрайды. Араларында Әбу Бәкір де бар. Алайда Пайғамбарымыз оның уақыты әлі келмегендігін, ол үшін мұсылмандардың әлі аз екендігін айтып алғашында рұқсат бермегенді, бірақ Әбу Бәкірдің табандылық танытуынан кейін олардың айтқандарына көнеді. Барлығы жұптарын жазбай Қағбаға барады. Әбу Бәкір мүшріктерге қарап:

 – Хақ һәм жалғыз Аллаға мадақ! Мәңгі бақыт – Аллаға иман ету. Оны мойындамай пұтқа табыну – өте жаман ғадет. Мағынасы жоқ жәһилия әдеттерін тастап, Алла елшісінің шақыруына мойынсұныңыздар, – деді.

 Мүшріктер алғашында толқыса да, тез арада естерін жинап, мұсылмандарға қарсы майдан ашты. Әбу Бәкірді жерге жатқызып алып, қолдарына түскен нәрсемен ұрып-соға бастады. Қаныпезер мүшрік Ұтба ибн Рәбиә табанында шегесі бар аяқ киімімен тепкілеп, оның нәзік бетін қан жоса қылды. Сол арада Әбу Бәкірдің туыстары көмекке келіп, оны өлім аузынын әзер алып қалды.

Өлімші халден есін жиған Әбу Бәкірдің ең алғашқы сұрағы: “Расулулладан хабар бар ма?”, – болды. Есінің кіресілі-шығасылы жатқанын елемей, Пайғамбарымызды (с.а.с.) уайымдап, “Оған не болды?”, – деп сұрай берді. Анасының: “Балам, бір нәрсе ішіп-жейсің бе?”, – деген сұрағына: “Алланың Елшісі қайда? Оның жағдайы нешік?”, – деп көңілі жай таппады. Анасы хабары жоқтығын айтқан кезде,: “Анашым, Хаттабқызы Үмму Жамилге барып, Расулулланың жағдайының қандай екенін сұратыңызшы”, – деді. Расулулланың жағдайының жақсы екендігін айтып келген хабарға да көңілі толмай, оның жағдайын өз көзімен көргісі келіп тағаты таусылды. Айнала біраз тынышталғаннан кейін қасындағылар Әбу Бәкірді қолтықтап, Әрқамның үйіне алып барады. Пайғамбарымызды (с.а.с.) өз көзімен көрген кезде: “Әке-шешем сенің жолыңда құрбан болсын, ей, Расулулла!”,– деп ебіл-дебілі шығады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оны құшақтады. Оның бұл халі Алла елшісіне (с.а.с.) әсер етіп, көздерінен мөлдір жас моншақтай төгілді.

 Адамзаттың ардақтысы (с.а.с.) бір түні Жәбрейілмен бірге Меккеден Ақса мешітіне, ол жерден Алланың құдіретімен басқа ұлы әлемдерге көтеріліп миғражға шықты және сол түні қайта оралды. Ертеңінде бұл мұғжизаны айтып мүшріктерге хабар берді. Мүшріктер бұған сенбеді. Тіпті, кейбір мұсылмандардың өзіне де бұл мұғжизаны мойындау ауыр соқты. Олар Әбу Бәкірден:

 – Ең жақын досыңның не айтқанын білесің бе? Бұл түні ол Ақса мешітіне барып сол жерде намаз оқығанын, ол жерде бұрынғы пайғамбарлармен жүздесіп көкке көтерілгенін және сол түні қайта оралғандығын айтуда, – деді.

Әбу Бәкір бір нәрсені айқындап алғысы келіп:

 – Сіздер мұны оның өз аузынан естідіңіздер ме? – деді.

 – Иә, өз аузынан естідік.

 Хазірет Әбу Бәкір Пайғамбарымыздың көкке көтерілгеніне шүбәсіз иланып:

 – Ол айтса, бұл – шындық. Мен Мұхаммедке (с.а.с.) және Алла Тағаладан әкелген барлық нәрсеге кәміл сенемін,– деді.

 Кейін бұл миғраж мұғжизасын Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өз аузынан естіп білгенде Әбу Бәкір:

 – Сенің тура сөйлегеніңе ант етемін. Сен Алланың Хақ елшісісің. Мен бұған тағы да куәлік етемін,– деді.

 Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған ілтипат білдіріп:

 – Ей, Әбу Бәкір, сен онсыз да сыддықсың (турашыл, шынайы),– деді.

 Содан бері бұл сипат қияметке дейін құрметті атау ретінде үнемі Әбу Бәкірдің атымен қатар (Әбу Бәкір Сыддық) атала бастады.

 Әбу Бәкір Сыддық Пайғамбарымызға (с.а.с.) деген адалдығы, берілгендігі мен жанкештілігінің арқасында оның жанына жақын тұтар ең жақсы көретін адамы болды. Алла елшісі (с.а.с.) Исламды халыққа кеңінен насихаттау жөнінде және басқа да істерінде онымен жиі ақылдасып тұратын. Бұл жақын қатынас Пайғамбарымыз (с.а.с.) қайтыс болғанға дейін еш үзілмеді. Соғыс алаңдарында, һижретте де үнемі бірге жүрді. Қызы хазірет Айшаны (р.а.) Пайғамбарымызға (с.а.с.) некелестіру арқылы жақындық байланыстары туыстыққа ұласып, күшейе түсті.

 Күн озған сайын Меккеде мұсылмандардың қатары көбейіп жатты. Мүшріктердің оларға жапа көрсетулері де күннен-күнге арта түсті. Өмірлері мен діндерін сақтап қалу үшін мұсылмандардың ішінен бір топ Эфиопияға һижретке Пайғамбарымыздан (с.а.с.) рұқсат алды. Қалғандары иләһи әмір келгеннен кейін Мәдинаға һижрет етті. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) һижрет етуіне әлі рұқсат келмеген-ді. Қасынан бір елі айрылмаған шынайы дос Әбу Бәкір өзі жайлы сұраған кезде Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған: “Уа, Әбу Бәкір, асықпа. Бәлкім Алла саған да бір һижрет серігін нәсіп етер”, – деді. Әбу Бәкір һижретте Пайғамбарымызбен (с.а.с.) бірге болатынын түсінді. Өйткені Меккеде Әли, Әбу Бәкір және Пайғамбарымыздан (с.а.с.) басқа ешкім қалмаған еді.

 Алайда мүшріктер мұсылмандардың һижрет еткендерін де көре алмады. Олар Пайғамбарымызды (с.а.с.) уыстан шығарып алғысы келмей, бірден жина- лып, Алла елшісін (с.а.с.) өлтіруді ұйғарды.

Бірақ, Алла Сүйіктісіне (с.а.с.) Жәбрейіл арқылы хабар беріп, сол түні һижрет етуіне әмір берді. Сол түні һижреттегі жан серігі Әбу Бәкір болды. Ол Пайғамбарлар падишасымен (с.а.с.) бірге һижрет ететінін естігенде, қуаныштан көз жасын төкті. Өліммен ұласуы мүмкін қатерлі сапарға шығатынын естігенде, қуаныштан көз жасын төгу не деген жанкештілік десеңізші! Шыбын жанының кеудесінен ұшып кетуінен үрейленетін қорқақ адамдардың мұны түсінуі, әрине, оңай емес.

 Ардақты елші (с.а.с.) сол түні өзінің төсегінде Әлиді қалдырып, Әбу Бәкір екеуі ел көзінен жасырынып жолға шықты. Олар Сәур тауына қарай бет алды. Әбу Бәкірдің көңілі толқып Адамзаттың ардақтысына (с.а.с.) зиян келмесін деп қобалжыды. Мүшріктердің оларды байқап іздеріне түсуі мүмкін еді. Ол өзін мүлдем ұмытып, тек қана Пайғамбарымызды (с.а.с.) ойлаумен болды. Ардақты елшінің алдын орағытып, артынан түсіп, оңына бір, солына бір шығып, кенеттен келуі мүмкін қатерге қарсы қорған болуға тырысты.

Олар түннің бір уақытында Сәур тауындағы ішіне адам кірмеген үңгірге келіп жетті. Оның іші құрт-құмырсқа, жылан мен шаянға толы еді. Үңгірге бірінші Әбу Бәкір кіріп, айналаны тексеріп, киімінің құрақтарымен тесіктерді бітеп шықты. Құрақ жетпегендіктен бір тесікті аяғымен бітеді. Алланың елшісі келіп оның қасына отырды. Ардақты елші (с.а.с.) көз шырымын алмақшы болып, оның тізесіне басын қойып, мызғып кетті. Қас қылғандай Әбу Бәкірдің тесікті бітеген аяғы жанын көзіне көрсетіп удай ашиды. Ауру жанына батса да Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ұйқысын бұзып алудан қорқып, орнынан тырп етпеді. Бірақ, дызылдаған аяғы шыдатпай, еріксіз көзінен жас ыршып кетті. Нұрлы жүзіне тамған ыстық көз жасынан оянып кеткен Алланың Ардақты елшісі (с.а.с.):

 – Саған не болды, ей, Әбу Бәкір? – деді.

 – Әке-шешем сенің жолыңда құрбан болсын, ей, Расулулла! Аяғымды бір нәрсе шақты, – деді даусы қынжыла шығып.

Адамзат баласының бақыты үшін жіберілген Сүйікті пайғамбарымыз (с.а.с.) мүбәрәк түкірігінен жаққан кезде хазірет Әбу Бәкірдің аяғының ашыған жері бірден тоқтады. Досының бұл жанкешті әрекетіне тебіренген Пайғамбарымыз (с.а.с.):

 – Ей, Аллам, қиямет күнінде Әбу Бәкірдің дәрежесін менімен бірдей қыл!– деді.

Алла Тағала осы үңгірде жасырынған екі мүбәрәк тұлғаны жаудың қолынан құтқару үшін өрмекші мен көгершінді пайдаланды. Алланың әмірімен өрмекші үңгірдің аузына тор тоқып, көгершін ұя жасады.

 Мүшріктер Пайғамбарымыздың орнын сипап қалды. Оны табу үшін ең мықты ізкесушілерді жалдап жолға шықты. Ізкесушілердің бастап жүруімен олар Пайғамбарымыздың тығылған үңгірінің аузына дейін келді. Үңгірдің аузындағы өрмекшінің ауы мен көгершіннің ұясын көріп алданған мүшріктер ол жерге адам кіруінің мүмкін еместігін ойлап кері қайтты. Міне, құдіреті күшті Алла дүниеде ең әлсіз өрмекшінің торы мен көгершіннің ұясы арқылы Елшісін осылайша қорғап қалды.

 Сол кезде Әбу Бәкір Пайғамбарымызға (с.а.с.): “Аллаға ант етейін, өзім үшін қорықпаймын. Бірақ, көңілім қаламаған нәрсені сенің басыңа келе ме деп қорқып, сол үшін қапаланамын”, – дейді. Сенімділік Пайғамбары (с.а.с.) болса оған: “Үшіншісі Алла болған екі кісі үшін неге мұншалықты абыржисың. Уайымдама, Алла бізбен бірге”, – деп, өзі үшін уайымдаған досының көңілін жұбатты.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) шынайылық пен жанкештіліктің өшпес үлгісі Әбу Бәкірмен бірге дұшпандарының қолына түспеу үшін үш күн осы үңгірді паналады.

Үш күн өткеннен кейін олар үңгірден шығып, Мәдинаға қарай бет алды. Мәдинаға һижрет Ислам тарихында жаңа дәуірдің басталуына арқау болды. Қатерлі де қиын жолаушылықтан кейін олар Мәдинаға келіп жетті. Олардан бұрын Мәдинаға һижрет еткен мұсылмандар мен жергілікті халық көшеге сыймай қадірлі қонақтарын құрақ ұшып, құшақ жая қарсы алды.

 Шынайылық – жақсы көргеніне ұқсау, барын да, жоғын да соның жолына атау, өз болмысын сүйгенінің болмысында жоқ ету. Міне, хазірет Әбу Бәкірді жоғары мәртебеге жеткізген осы қасиет. Оған шынайы, турашыл мағынасында “сыддық” дегізген сипаты Пайғамбарлар падишасына (с.а.с.) деген шынайылығы мен берілгендігінен келді. Ол Алла елшісінің айтқандарына еш қалтқысыз сенетін. Өйткені оның досы – достың да, дұшпанның да бірауыздан “Мухаммадүл-Әмин” (сенімді Мұхаммед) деп қабылдаған асыл жан еді.

 Әбу Бәкір Сыддықтың Ардақты елшіге (с.а.с.) қылаусыз сенімі мен парасаттылығын Худайбия келісімі кезіндегі әрекетінен аңғаруға болады. Алла елшісінің (с.а.с.) мүшріктердің ұсынған қиын шарттарын қабыл етіп, бейбіт келісімге баруын сахабалардың көпшілігі алғашында түсіне алмай қарсы шықты. Омар сияқты ақылды сахабаның өзі бұл келісімнің астарындағы сырды ұғына алмай әбігерге түссе, Әбу Бәкір өзіне келген адамдардың бәрін “Алла елшісі бұлай жасаған болса, демек білген бір ақиқаты бар” деп сабырға шақырды. Әбу Бәкір бұл жайлы былай дейді:

 “Ислам үшін Худайбиядан асқан ұлы жеңіс болған емес. Бірақ адамдар ол күні Мұхаммед пен оның Раббысы арасындағы сырды түсіне алмай асығыстық жасады”.

 Худайбия келісімі сырт көзге жеңіліс сияқты көрінгенімен, ақиқатында Құранда „Фатх” сүресінде баян етілгендей “айқын жеңіс” болды. Худайбия келісімінің нәтижесінде кескілескен екі жақтың арасында тыныштық орнады. Мұсылмандар өз діндерін қорықпай уағыздай алатын болды. Мүшріктер болса мұсылмандарды жақыннан тану мүмкіндігіне ие болды. Мұсылмандармен қоян-қолтық араласып, оларды таныған сайын, бойларындағы адалдық, шынайылық пен адамгершіліктің керемет үлгісін көріп, жаңа дінге деген қызығушылықтары арта түсті. Көптеген адам Исламды қабылдаса, бірқатары дұшпандықтан бас тартты. Худайбия келісімінен кейін мүшріктердің ең жаужүрек, жеңілмес қолбасшысы Халид ибн Уәлид пен айлалы саясаткер Амр ибн Ас т.б. сияқты ірі тұлғалары мұсылмандықты қабылдады.

 Худайбия келісімі мен Меккенің алынуына дейінгі екі жылдық қысқа уақыт аралығында мұсылман болғандардың саны Алла елшісіне (с.а.с.) пайғамбарлық келген кезден бастап, өткен жиырма жылда иман келтіргендерден ондаған есе артық. Демек, бұл бейбіт келісім – жеңіліс емес, Исламның ұлы жеңісі.

 Пайғамбарымыз төсек тартып жатқанда сахабалар жағдайын сұрап, жиі-жиі үйіне барып тұратын. Араларында Әбу Бәкір де болған сондай зияраттардың бірінде Пайғамбарымыз (с.а.с.) оларға:

 – Алла дүние мен ақыретті таңдау мәселесін құлының еркіне берді. Алайда құл ақыретті таңдады,– деді. Бұл сөздің астарлы мағынасын алғашында ешкім түсіне қоймады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) ишарат сөзбен өзінің өлімін меңзегенін түсініп, жалғыз Әбу Бәкір ғана көз жасын төгіп былай деді:

 – Әкеміз, анамыз, бала-шағамыз, дүниеміз бен жанымыз сенің жолыңда құрбан болсын, ей, Алланың елшісі!

 Пайғамбарымыз (с.а.с.) оның бұл парасаты мен сезімталдығына толқып:

 – Әбу Бәкір, көңілің босамасын. Егер Алладан басқа бір дос таңдар болсам, тек сені таңдар едім. Алайда арамызда Ислам бауырластығы мен сүйіспеншілігі бар (бұл бәрінен де қымбат), – дегеннен кейін, – Әбу Бәкір үшін ашылған есіктен өзге мешіттегі барлық есіктер жабылсын, – деді.

 Бұл оқиғадан бірнеше күн өткен соң Пайғамбарымыздың (с.а.с.) денсаулығы жамағатқа намаз оқыта алмастай дәрежеде нашарлап кетті. Пайғамбарымыздан намазды кімнің оқытатыны сұралғанда:

 – Әбу Бәкірге айтыңыздар, намазда имам болсын! – деді.

 Пайғамбарымыздың Әбу Бәкірге жамағатқа намаз оқытуды тапсыруы мұсылмандар үшін Пайғамбарымыздан кейін халифа болатынына ишарат еді. Бұдан кейін ол мұсылмандарға имам болып, он жеті рет намаз оқытты. Тіпті бір таң намазында Пайғамбарымызға (с.а.с.) имамдық ету бақытына да ие болды.

(Жалғасы келесі мақалада)

(Материал «Саңлақ сахабалар» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: