25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Әбу Бәкір Сыддық (р.а.) – мұсылмандардың әуелгі халифасы

Ислам жұлдыздары

Пайғамбарымыз Жаратушысына жанын тәсілім еткен кезде, Әбу Бәкір басқа жерде болатын. Халық қара жамылып, аза тұтып жатты.

Әбу Бәкір хабар жете салысымен, ешкімге тіл қатпастан құстай ұшып, бірден Расулулланың бөлмесіне кірді. Бетінде жабылған матаны көтеріп, Пайғамбардың маңдайынан сүйді. Содан кейін нар тәуекелге бел буып, тағдырдың жазғанына мойынсұнып былай деді:

 – Біз бәріміз Алланың құлдарымыз және Оған ораламыз. Әке-шешем сенің жолыңда құрбан болсын. Сен тірі кезде әдемі едің, жаның кеудеңнен ұшып кетсе де, ажарың атқан таңдай арайланып қала беріпті. Алла Тағала саған өлім ауыртпалығынан басқа бір қайғы бермейді. Бұл белесті де артқа тастадың.

 Мұнафықтар Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көз жұмған сәтін қапы жібермей, аярлыққа басып, тағы бір лаң шығарып, бүлік бастады:

 – Мұхаммед егер пайғамбар болса, өлмес еді, – деп мұнафықтар мұсылмандардың жан күйзелісін пайдаланып, рухтарын түсіруге тырысып бақты.

 Айтылған бұл ауыр сөздерге одан әрі төзе алмаған асыл ер хазірет Омар (р.а.) қылышын қынынан суырып:

 – Расулулла өлген жоқ. Кімде-кім оны өлді десе, мына қылышыммен басын кеудесінен ұшырамын,– деді.

 Осы кезде Әбу Бәкір салқынқандылық танытып, сахабалардың Пайғамбарымызға деген сүйіспеншіліктерінен туындаған рухтары мен көңілдеріндегі терең тебіреністі басқа оқиғалар арқауына желі боларын ой- лап, бұған дер кезінде тосқауыл қоя білді. Ол:

 – Кімде-кім Мұхамедке құлшылық еткен болса, біліп қойсын, ол өлді. Кім Аллаға құлшылық еткен болса, Ол Бақи (Өлімсіз) және өлмейді. Алла Тағала Құранда: «Мұхаммед тек пайғамбар ғана. Одан бұрын да қаншама пайғамбар келген. Егер ол өлтірілсе немесе өлсе, сіздер қайтып ескі күйлеріңізге қайта ораласыздар ма? Кімде-кім кері оралар болса, Аллаға зиян келтіре алмайды. Алла шүкір еткендерге оның сауабын береді» (Әли-Имран, 144) деген аятты оқыды да:

 – Алланың діні өмір сүре береді. Алла дінін кемеліне жеткізеді. Алла өзінің дініне жәрдем етіп, оның туын жоғары желбіретер адамның көмекшісі болады. Қолыңызда Алланың кітабы бар. Ол – нұр әрі шипа. Алланың адал қылғаны мен харам қылғаны сонда мәлім етілген, – деп, жиналған жұртқа басу айтып, Расулулланың бұл дүниеден өтуімен оның қызметінің тоқтап қалмайтындығын білдірді. Жұртшылық абдырап қалған сын сағатта Әбу Бәкір салқынқандылығымен, парасатымен адамдардың мұңды көңілдеріне дем беріп, қайғыға бел алдырмауы үшін қам жасады.

 Әбу Бәкір беделді сахабалардың келісімімен бірауыздан халифа болып тағайындалды. Өйткені сахабалардың барлығы Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көңіліндегі адам Әбу Бәкір екенін жақсы білетін. Әбу Бәкір халифа болып тағайындалған күннің ертесінде мешіттегі мінберге шығып, халыққа былай деді:

– Ей, әлеумет! Мен араларыңыздағы ең жақсы кісі болмасам да, сіздерге басшы болып сайландым. Құран мен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннеті бізге үйретілді. Біз не нәрсе білсек те, соның арқасы… Шамам келмейтін жауапкершілігі ауыр істі еріксіз мойныма алдым. Бұл міндетті абыроймен алып жүре алатын біреудің сайлануын қалар едім. Сіздерге Алладан қорқыңдар деймін.

 Аз-кем үнсіздіктен кейін Әбу Бәкір жаңа тыныспен қайта үн қатты:

 – Уа, халайық! Міндетімді өз деңгейінде дұрыс орындасын десеңіздер маған қалтқысыз бағынып, жәрдем етіңіздер. Егер жаман жолға бет алсам, тура жолға түсіріңіздер. Туралық – бір аманат, жалған – бір қиянат. Иншалла, араңыздағы ең әлсізі менің қасымда ақысын алғанша – ең күштіңіз, араңыздағы ең күштіңіз де – мойнында біреудің ақысы бар кезде оны иесіне алып бергенге дейін ең әлсізі болады. Мен Алла пен Расулының жолынан ауытқымасам, сіздер де маған бағыныңыздар. Алла пен елшісінің әмірлеріне қарсы келсем, маған бағынбасаңыздар да болады. Өзім және сіздер үшін Алладан кешірім тілеймін.

 Әбу Бәкір Сыддық (р.а.) халифа болған соң Пайғамбарымызға (с.а.с.) деген ыстық ықыласын суытпай, мойнына жүктелген қызметті атқаруға кірісіп кетті. Ең алғашқы ісі – Пайғамбарымыздың (с.а.с.) аяқтай алмаған ісі – Усаманың басшылығындағы әскерді Сирияға аттандыру болды. Сахабалардың кейбіреулері сол кездері пайда болып келе жатқан “жалған пайғамбарлар” мәселесін алға тартып, әскердің жорыққа аттануын кейінге қалдыруды ұсынды. Бұған халифа Әбу Бәкір:

 – Аллаға ант етемін, егер жолбарыстар мен қасқырлар Мәдинаға келіп қауіп төндірсе де, Алла расулының бұйрығын орындаймын. Өйткені, ол: “Усаманың әскерін міндетті түрде аттандырыңдар” деп кетті, – деп жауап берді.

Хазірет Омар Усаманың әлі жас екендігін ескертіп, одан үлкенірек біреудің қолбасшы етіп тағайындалуын ұсынғанда:

 – Ей, Хаттабұлы! Усаманы Алла елшісінің өзі қолбасшы етіп тағайындағанын біле тұра бұл әмірді қалай өзгерте аламын? – деп, Алла расулына шынайы берілгендігін көрсетті.

 Әскерді аттандырмас бұрын Әбу Бәкір Усамаға Исламның соғыс құқығына байланысты мына маңызды қағидаларын қатаң ұстануын бұйырды:

 “Шектен шығып, қиянат жасамаңдар. Уәделеріңді бұзбаңдар. Өлтірілгендердің ағзаларын кеспеңдер. Балаларды, қарттарды және әйелдерді өлтірмеңдер. Құрма ағаштарын кесіп өртемеңдер. Жеміс беретін ешбір ағашты кеспеңдер. Қой, сиыр немесе түйелерді қажеттіліктен тыс соймаңдар. Жолда шіркеулерде құлшылық жасаушыларға тиіспеңдер!”

 Усаманың басшылығындағы әскер Әбу Бәкірдің берген нұсқауы бойынша жүріп кетті. Гректерге кезікпеді. Бірақ кері қайтар жолда діннен шыққан Хуза‘алықтардың бір тобын ойсыратты. Осылайша әрі Алла елшісінің (с.а.с.) әмірі орындалды, әрі бас көтеріп келе жатқан үлкен бір бәлекеттен мұсылмандар аман қалды.

 Бұл жауапкершілігі мол халифалық істің қиындығы жайлы Әбу Бәкірдің қызы – Айша анамыз (р.а.) былай дейді: “Бұл міндет – тауға жүктелер болса, оны тас-талқан етерліктей ауыр міндет. Бірақ Әбу Бәкір бұл міндетті Алланың қолдауы мен мұсылмандардың жәрдемінің арқасында ең жақсы түрде атқарды. Халифа болып тұрған кезеңінде Құран мен хадисте ашық бір дәлел табылмаған мәселелерді сахабалармен кеңесіп, келісіп шешетін”.

Хазірет Әбу Бәкір біреуге жауапкершілігі мол істі жүктеген кезде, сол адамның қабілетіне қарап лайықтыларын қапысыз таңдап тағайындай алатын кемеңгер басшы еді. Мысалы, оның қаржы істеріне Пайғамбарымыздың (с.а.с.) “Үмбеттің сенімдісі” деп атаған Әбу Ұбайда ибн Жаррахты, құқық істеріне әділеттің үлгісі – Омар Фаруқты, жазу және тіркеу істеріне уахиді жазып алушылардан Зәйд ибн Сәбитті тағайындауы бұған айғақ бола алады.

 Ол әкімдер мен әскер басшыларына үнемі жазбаша түрде кеңес беріп тұратын. Осындай кеңестерінің бірі Икримаға (р.а.) жіберген мына хатында көрініс тапқан:

“Істеймін деп уәде берген ісіңді істе. Сөз берсең, оны орында. Ескерту жасаудан қорықпа. Бірақ бұны істегенде нені айтып, нені айтпау керектігін абайла. Кінәліге кінәсінен артық жаза берме. Жазаға лайық болған адамның жазасын беруді кешіктірме”.

Әбу Бәкірдің қарапайымдылығы, кішіпейілдігі мен әділдігі халифа болып тағайындалғаннан кейін де бір мысқал өзгермеді. Ол өз күнін өзі көріп, отбасының нәпақасын өз маңдай терімен табудың жолдарын ойлап, соған ұмтылды, мемлекет қазынасынан ақша алу үш ұйықтаса түсіне кірмейтін. Ол саудамен айналысқысы келді. Сондай күндердің бірінде базарға беттеген оның алдынан хазірет Омар шығып, оған халифа болғандығы үшін “байтул-малдан” (мемлекет қазынасынан) айлық тағайындалуын ұсынды. Хазірет Әбу Бәкір: “Алған бұл айлығымды кері өтей алмаймын ба деп қорқамын”, – деген еді. Бірақ Омар оған уақытының тек мемлекет істеріне ғана жетерін, сауда жасауға уақыт қалмайтынын айтып, ақырында қазынадан күн көруіне жетерлік айлық алуға көндірді. Бірақ ол қайтыс боларда алған айлығының өзінің мирасынан есептелініп, өзінен кейін келетін халифаға берілуін өсиет етіп жазып кеткен.

 Әбу Бәкірдің (р.а.) халифа болып тұрған кезіндегі жасаған қызметтеріне қысқаша тоқтала кеткен жөн. Пайғамбарымыз (с.а.с.) қайтыс болмай тұрып-ақ Ямама, Йемен және басқа да жерлерде жалған пайғамбарлар шыға бастаған еді. Олар тайпаларын өздерінің ырқына бағындырғысы келіп, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көз жұмуын пайдаланып, әрекетке көшті. Әбу Бәкір (р.а.) оларға әскер жіберіп, жаңадан бой көтеріп келе жатқан бүлікті басып тастады.

 Пайғамбарымыз (с.а.с.) қайтыс болғаннан кейін кейбір араб тайпалары діннен шыға бастады. Яһудилер мен христиандар да қарап жатпады. Бұл мұсылмандардың жағдайын қиындатты. Әбу Һурәйраның айтқанындай, “егер Әбу Бәкір болмағанда, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дүние салуынан кейін мұсылмандар күйреуге ұшырар еді”. Бұл жайлы кезінде қаталдығымен танылған Омар ибн Хаттаб:

”Діннен шығушыларға қарсы жасалған соғыста Әбу Бәкірдің менен де қатал және өте ынталы екенін көрдім. Ол халифа болып тұрған кезінде халықты Ислам әдептеріне керемет баулығаны соншалық, мен билікті қолыма алған кезімде оларды басқаруда еш қиындық көрмедім”, – деп болмысынан жұмсақ мінезді Әбу Бәкірдің ақиқатты қорғауға келгенде босаңдық танытпай, үлкен жаупкершілікпен қарағандығын атап көрсеткен. Әбу Бәкір Алланың көмегі мен өзінің басшылық қабілетінің арқасында мұсылмандарды бұл қорқынышты апаттан құтқарып, Ислам бірлігін сақтап қалды.

 Оның Ислам үшін атқарған ең маңызды ісінің бірі – Құранды жинатуы. Ямама соғысында көптеген хафыздардың шейіт болуы, сонымен бірге әр түрлі материалдарға жазылған Құран аяттарының жоғалып кету қаупін туғызды. Хазірет Омардың жасаған ұсынысына Әбу Бәкір алғашында: “Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көзі тірі кезінде жасамағанын мен қалай жасай- мын?” деп тартыншақтаса да, бұл істің маңыздылығын сезінгеннен кейін Құранды жинастыруды бұйырды.

 Құранның жинастырылуы үшін арнайы алқа құрылып, жетекшілігіне Құранды ең жақсы оқып-білетін жас Зәйд ибн Сәбит тағайындалды. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көз алдында жазылғандығына екі куәгердің куәлік етуі шартымен Құран аяттары жинастырылды. Бір жылдың ішінде бөлек-бөлек болған Құран парақтары бір жерге жиналды. Әбу Бәкірдің әмірі бойынша Құран ең жақсы білетін сахабалардан құрылған арнайы алқаның алдында оқылып, бірауыздан қабылданды.

Халифа Әбу Бәкір жинастырылған бұл Құранды өмірінің соңына дейін өзінің жанында сақтады. Ол қайтыс болғаннан кейін бұл нұсқа Омар ибн Хаттабқа, одан кейін Омардың қызы әрі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жұбайларынан Хафса (р.а.) анамызға берілді.

 Алла расулының (с.а.с.) халифасы Әбу Бәкір Исламды мұқтаж көңілдерге жеткізу үшін әскер жасақтады. Ол Аллатың қылышы атанған Халид ибн Уәлидтің басшылығындағы бір әскерді Иракқа жолдады. Бұл әскер жеңістен жеңіске жетіп, Ирактың үлкен бөлігін қол астына қаратты. Иракты алғаннан кейін Халид ибн Уәлидті Сирияға аттандырды, бірақ ол жердің алынғаны жайлы сүйінші хабарды есту пешенесіне жазылмапты. Хижраның он үшінші жылында Әбу Бәкір дүние салды.

 Ол тақуалығымен және Аллаға шын берілген құлдығымен де ерекшеленді. Бір күні сахабалар Пайғамбарымыздың (с.а.с.) айналасына жиналып отырған кезде Алла елшісі (с.а.с.) оларға:

Бүгін кім ораза ұстады, кім жаназаға қатысты, кім бір пақырды тойдырды, кім аурудың көңілін сұрап барды?”, – деп жеке-жеке қойған сұрақтарының бәріне Әбу Бәкір “мен” деп жауап берген. Сол кезде Ардақты елші (с.а.с.) күлімсіреп: “бұл ерекшеліктер кімнің бойынан табылса, ол Жәннатқа кіреді” деген еді.

 Хазірет Әбу Бәкір Құранды мақамдап өте әдемі оқитын. Ол Құран оқыған кезде өзі де егіліп, өзгені де толқытатын. Исламның алғашқы жылдарында Меккедегі мүшріктердің әйелдері, балалары мен құлдарының өзі де оның Құран оқығанын тыңдау үшін айналасына жиналып қалатын. Бірақ мүшріктер бала-шағамызды дінімізден бездіреді деп қорқып, бұған кедергі жасаумен болатын.

 Ол Құранды түсіну және сүннетті білу жағынан да сахабалардың арасындағы ең білгірі. Өйткені, үнемі Расулулламен бірге жүріп, бойындағы бар қабілетін Исламды, Құранды үйренуге бағыттаған еді. Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.а.с.) тірі кезінің өзінде оған пәтуа беруге рұқсат еткен-ді. Хазірет Әбу Бәкір қай аяттың не үшін және қалай түскендігін өте жақсы білетін.

 Ол жомарттығы жағынан да алдына жан салмайтын. Жомарттығы соншалық, тіпті бүкіл дәулетін Алла жолында жұмсауға дейін баратын. Бұл жайлы хазірет Омар былай дейді:

 “Исламның кең таралуы үшін Расулулла бірде жәрдемдесуімізді бұйырды. Бұл менің байлығымның ең көп кезі. Ішімнен “әй, осы бүгін Әбу Бәкірден озбасам ба” дедім. Мал-мүлкімнің жартысын Алла елшісіне әкеліп табыс еттім. Алла елшісі “Ей, Омар! Отбасыңа не қалдырдың?” – деді. “Дүние-мүлкімнің жартысын қалдырдым”, – дедім.

 Біраздан кейін Әбу Бәкір келді. Ол мал-мүлкін тегіс алып келген екен. Расулулла (с.а.с.) одан, “Ей, Әбу Бәкір, сен отбасыңа не қалдырдың?”, – дегенде оның жауабы мынау болды: “Оларға Алла пен Расулының сүйіспеншілігін қалдырдым”. Мұны естіген мен “бұдан кейін жақсылық жасау жолындағы жарыста мен Әбу Бәкірден ешқашан да оза алмаспын” деп түйдім.

 Алланың Сүйікті елшісі (с.а.с.) Әбу Бәкірдің (р.а.) жомарттығы мен жанқиярлығын үнемі жоғары бағалап мақтан тұтатын. Ол:

 “Маған дүние-мүлкі мен сұхбаттасуы жағынан адамдардың ең жомарты Әбу Бәкір” десе, басқа бір хадисінде:

 “Әбу Бәкірден басқа істеген істерінің құнын өтей алмаған ешкімім жоқ. Біздің қасымызда оның жомарттығы сондай, қиямет күні оның қарымын тек Алла ғана бере алады”, – деген.

 Алла елшісі (с.а.с.) хазірет Әбу Бәкірдің Ислам діні үшін жасаған жақсылықтарын, шынайылығы мен жанқиярлығын әрдайым мақтап, оны басқаларға үлгі- өнеге ететін. Пайғамбарымыздың ішкі жан дүниесін ең жақсы түсінетін де Әбу Бәкір (р.а.) еді. Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілігі мен Ислам дінінің кең жайылуында бүкіл сахабаның ішінде оның орны ерекше болатын. Ол жақсылық пен жомарттық шыңына шықты. Оның өмірі мен қызметтерін толық қамтып айту – өз алдына бөлек кітап жазуды қажет етеді. Адамды таңғалдырып, тамсандырар ғұмыр кешкен адал серік, абзал тұлға жай- лы Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с.) сөздерінен бірнеше мысал берейік.

Ибн Омар былай дейді:

 – Пайғамбарымыз (с.а.с.) үйінен шығып мешітке кірді. Оң жағында – Әбу Бәкір, сол жағында – Омар бар еді. Екеуінің қолдарынан ұстап тұрып: “Қиямет күнінде біз осылайша қайта тірілтілеміз”, – деді.

 Басқа бір хадисінде: “Кімде-кім Алла разылығы үшін садақа берсе, Жәннатта “Ей, Алланың сүйікті құлы! Мына жерге кел. Бұл есікте көп жақсылық пен мол берекет бар”, – деп шақырылады. Көп намаз оқығандар – Жәннаттың намаз есігінен, мужаһидтер –жиһад есігінен, көп садақа бергендер – садақа есігінен, ораза ұстағандар – Райян есігінен шақырылады”.

 Осы кезде Әбу Бәкір әс-Сыддық та сол жерде еді. “Әке-шешем жолыңда құрбан болсын, ей, Алланың елшісі! Бір адамның бұл есіктердің бәрінен бірдей шақырылуы мүмкін бе?” – деді. Пайғамбарымыз (с.а.с.):

 – Иә, мүмкін. Сенің, міне, осындай шақырылғандардың бірі болатыныңа үміт етемін, – деді.

 Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.с.) мешітте отырған кезінде Әбу Бәкір мен Омар ішке кірді. Расулулла оларды көріп:

 – Мені сіздермен қуаттандырған Аллаға мадақ!– деді.

 Пайғамбарымыздан:

 – Ей, Расулулла, адамдардың ішінде сізге ең сүйікті болған кім? – деп сұрағанда Пайғамбарымыз (с.а.с.) :

– Айша, – деді.

 – Еркектерден кімді атар едіңіз? – дегенде, – Оның әкесін, – деп жауап берген.

 Хазірет Әбу Бәкір халифа болған кезінде өзіне берілген “халифатуллаһ” (Аллатың халифасы) деген атақты алмай “халифату Расулиллаһ” (Расулуллатың халифасы) атауды жөн көрген. Жәһилия дәуірінің өзінде тайпалар арасындағы дау-дамайды шебер шеше білетін беделді, мәдениеті жоғары Әбу Бәкір шежіре ілімін жақсы біліп, сол дәуірдің бүкіл жаман қасиеттерінен бойын аулақ ұстады. Аса көркем мінездерін Исламды қабылдағаннан кейін кемелдендіре түсті. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.с.) бүкіл істерінде өзімен кеңесіп отыратындығы үшін оны “Пайғамбар уәзірі” деп те мақтаған.

 Хазірет Әлиден Әбу Бәкір (р.а.) жайлы сұрағанда:

 – Ол бәрімізден озды. Аллаға ант етемін, біз қандай да бір іске ұмтылсақ, Әбу Бәкір бәріміздің алдымызда жүретін, – деген екен.

 Міне, Алла елшісінің (с.а.с.) құрметіне ие болып, артында аңызға толы өмір қалдырған хазірет Әбу Бәкір (р.а.) хижраның он үшінші жылы, 22-Жәмадуль-ахирде 63 жасында дүниеден озды. Екі жылдан аса уақыт халифа болған ол артында бір саумал түйе, бір қызметші және ішінде сүт сауылатын бір ыдыс қана қалдырыпты. Ол қайтыс болмас бұрын халифалығы кезінде өзіне тағайындалған айлығының қажеттілігінен артылып қалған бөлігін хазірет Омарға берілуін өсиет етіп кетті. Омарға бұл аманат табысталғанда ол:

 – Алла Әбу Бәкірге рақымын жаудырсын. Ей, Әбу Бәкір! Өзіңнен кейінгілердің орындауы қиын үлгі-өнегеге толы өмір қалдырдың-ау! – деп көз жасын төкті.

(Материал «Саңлақ сахабалар» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: