20
Сейсенбі, Қараша

һижри

Азаншылардың мырзасы

Азаншылардың мырзасы

Ислам жұлдыздары
Шрифт

Пайғамбарымызға алғаш иман еткен бақыттылардың бірі. Исламның алғашқы азаншысы. Ислам тарихында оның өшпес орны бар.

Түп тегі Эфиопиялық Біләл Ислам шуағы шартарапқа нұрын шаша бастаған шақта Үмәйя ибн Хәләфтің басыбайлы құлы еді. Дінге шақыру жасырын жүріп жатқан кезде Исламды қабылдап, әр түрлі азапқа душар болған алғашқы сахабалардың бірі. Исламның алғаш пайда болған кезеңінде өздерінің тектілігі мен мүшрік қоғамындағы беделіне марқайып, Исламнан бас тартқандар қараңғылықта қалса, Біләл Хабаши аталып кеткен Біләл ибн Рәуәх дәрменсіздігіне қарамастан, Исламды қабылдап шірктен құтылды. Үмәийә ибн Хәләф құлының Исламды қабылдағанын естігенде, төбесіне мұздай су құйылғандай болды. Ол кезде қожайынының рұқсатынсыз құлдың басқа сенімді қабылдауы кешірілмес күнә еді. Үмәйя Біләлді алған бетінен қайтару үшін көрсетпегенді көрсетті. Күннің тас төбеге жетіп, Арабстан шөлінің ми қайнатар аптап ыстығында Біләлді қарып түсер құмның үстіне жатқызып, кеудесіне зіл батпан тас қойып:

“Мұхаммедке тіл тигіз. Лат пен Уззаға иман келтір. Оларды мойындағанға дейін осы азапты тартқаның тартқан”, – деді ашуға булыққан қожайыны. Біләлдің ыстық құмда арқасы оттай жанып, кеудесі аптапқа шыжғырылып, демі тарылса да, “Аллаһу Ахад! Аллаһу Ахад!” (Алла бір) деумен болды. Мүшріктер неше күн бойы сол жазаны қолданды. Күндіз шақырайған күнге қақтаса, кешқұрым мойнына жіп байлап, бала-шағаға итше жетектетіп, Меккенің көше-көше, төбе-төбесін аралатқызатын. Азаптың қыл арқанын Біләлдің қылбырауына салған сайын, оның иманы да арта түсті. Қаншама қорқытып, жекіріп, ұрып-соққандарына қарамастан, бәрібір “Ахад! Ахад!” деумен болды. Азаптың ауырлығына жүректері шыдамаған мүшріктер тәңірлерін бір ауыз сөзбен- ақ мақтап берсе, оны азат етуге көнді. Олар үшін бір сөздің өзі тәңірлерінің ұлықтығын қорғауға жетерлік еді. Құрайыштар құлдарының табан тіреп қасарысуын тоқтата алмай масқара болғандарын мойындағылары келмеді. Алайда Біләл шын жүректі бір жүрек деп білгендіктен, әрі иманын, әрі жанын сақтап қалу үшін бұл бір ауыз сөзді айта салуына болар еді, бірақ оның өзін айтпай иманын бүтін қорғап, сақтап қалды[1]. “Ахадты” айтудан бас тартпады. Түн қараңғылығын жамылып келген мүшріктер: “Ертең тәңірлеріміз жайлы жақсы сөздер айт. Раббым Лат пен Узза десең сені босатамыз. Сені қинаудан шаршадық. Біз сені емес, сен бізді зәрезап қылдың”, – деп көндіргісі келді. Біләл айтқанынан қайтпады. Қанша қыстаса да Біләлдің көнетін түрі жоқ. Қожайыны Үмәйя да күнделікті азаптауын тоқтатпады.

Осындай күндердің бірінде сол маңнан өтіп бара жатқан хазірет Әбу Бәкір Үмәйяға: “Раббым – Алла” дегеніне бола байғұсты өлтіресіңдер ме? – деді. Содан соң Әбу Бәкір: – Құнынан да артық ақша төлейін, оны босат, – деді. Бұл ұсынысты естіген Үмәйя қуанып кетті. Өйткені, оның райынан қайтпасына әбден көзі жетіп шаршаған-ды. Ақша дегенде құлқыны тоймас саудагер оны өлтіріп құтылғаннан, тірідей құтылудың пайдалы екенін түсінді. Осылайша иман жолында үлкен табандылық көрсеткен Біләл еркіндікке қауышып, шынайы Жартушысына құлшылық етуге асықты. Азат етілген діндес бауырын Әбу Бәкір Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жанына ертіп апарады. Оның мұсылмандар қатарына қосылуы үлкен қуаныш болды[2].

Біләл Хабаши кейін басқа да сахабалар сияқты Мәдинаға һижрет етті. Сағд ибн Хәйсәманың үйінде қонақ болды. Мұһажирлер мен ансарлар арасында бауырластық жасалған кезде, Біләл Хабаши Абдуллаһ ибн Абдуррахманмен төс қағысады. Бұл бауырластық өмір бойы жалғасты. Хазірет Омардың тұсында Сирияда болған кезінде өзіне тағайындалған айлықтың жартысын бауырына жіберіп отырды[3].

Пайғамбарымыз сахабаларымен мұсылмандарды намазға қалай шақырсақ екен деп көп кеңесті. Соңында бірнеше сахабаның көрген түсінен кейін қазіргі айтылып жүрген азан бірауыздан қабылданды. Бұл қасиетті міндет ең алғаш хазірет Біләлға табысталды. Осыдан кейін Біләл тамаша жуан қоңыр даусымен күніне бес рет мұсылмандарды намазға шақыратын болды. Алла Елшісінің көзі тірісінде азанды алғашқы күннен бастап соңғы күнге дейін тек қана Біләл оқыды. Біләлдің дүниеде ең жақсы көргені Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Уа, Біләл! Азан шақырып бір сейілтші»[4] – деуі болатын. Ардақты елші (с.ғ.с.) Біләл Хабашиді жақсы көргендіктен: «Азаншылардың мырзасы Біләл қандай бақытты» оған қоса «саййдуль-муәззинин» (азаншылардың мырзасы) – дейтін.

Пайғамбарымыздың оған азан шақыру міндетін жүктеуі Ислам дұшпандарының зығырданын қайнатып, жынына тиді. Өйткені әуел баста құлдары болған қайдағы біреудің енді келіп құлақ түбінен Алланың атын жар салғанын қабылдай алмады. Мекке алынғаннан кейін Біләлдің Қағбада азан шақырғанын көре алмаған азулы дұшпандар: “Мұхаммед азан шақыру үшін мына қара қарғадан басқа жөні түзу адам таппады ма?”– деп келемеждеумен болды. Әлсіз, дәрменсіз басыбайлылардың Исламның арқасында мұншама өсіп, айналасындағыларға сыйлы болуын көре алмады. Тіпті Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: “Мына Біләл сияқты ешкімі жоқ пақырларды қасыңнан қусаң ғана саған иман келтіреміз. Бұлармен біз бірдей бола алмаймыз”, – деп тәкаппарланды. Ислам дұшпандары Біләлді сирағынан асып, үйітіп жейтіндей жек көрсе де, ол олардың бұл пасық қылықтарын шыбын шаққан құрлы көрмеді. Өйткені, ол Алла Елшісінің (с.ғ.с.) жылы лебізі мен сүйіспеншілігіне, жоғары марапаттарына ие болған еді. Оның бүкіл арман-тілегі де осы. Иман нұры бойына қуат, Пайғамбарымыздың сүйіспеншілігі бақыт қайнары болды. Ғаламның Рақым Нұрымен (с.ғ.с.) бірге бүкіл қиындықтарды бөлісуге шын ықыласымен көнді. Материалдық жағынан жағдайы мәз емес еді. Нешеме күн Алла Елшісімен бірге ас-сусыз қалды. Алайда рухы тоқ, көңілі шат-шадыман. Шақырған әр азаны рухына ләззат құйып, жүрегіне қуаныш сыйлады. Хазірет Біләл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мақтауы мен марапатына қаншама рет ие болса да марқайып кетпейтін. Үнемі кішіпейілдігін сақтады. Ол: “Мен бар болғаны жай бір Хабашимін (эфиопиялық). Кеше ғана құл едім”, – дейтін. Хазірет Омар: “Мырзамызды Әбу Бәкір мырза азат етті” деп хазірет Біләлді – “мырзамыз” дейтін.

Мұсылман қауымның алғашқы азаншысы Біләлдің пайғамбарлар сәруары Мұхаммедке (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Исламды қабылдағаннан кейін бір сәтке де қасынан ажырамайтын. Екі дүниенің сұлтаны Мұхаммед (с.ғ.с.) ақыретке аттанғанда, көптеген сахабалар сияқты қайғырып Мәдинада қала алмады. Алла Елшісінің кетуі жүрегіне жарқырап шуағын төгіп, өмірдің қайнары күннің сөнуінен де ауыр тиді. Өйткені, Мәдинаның әр тасы мен топырағы оның есіне Алла Елшісін түсіретін. Сол тұстағы халифа хазірет Әбу Бәкірден Біләл басқа жаққа кетуге рұқсат сұрады. Әбу Бәкірге барып: – Ей, Алла Елшісінің халифасы! Мен Пайғамбары- мыздың: «мүминнің ең қайырлы ісі – Алла жолындағы жиһады» – дегенін естіген едім. Мен де өле-өлгенше Алла жолында жанымды пида еткім келеді, – деді. Әбу Бәкір: – О, Біләл! Бізге кім азан шақырады? – дегенде Біләл (р.а.) көз жасына ерік беріп: – Мен Алла Елшісінен кейін ешкімге азан шақыра алмаймын, – деді. Біләлдің алысқа кеткенін қаламай, қанша жібермеуге тырысса да хазірет Біләл: – Уа, Әбу Бәкір, рас, сен мені құлдықтан құтқардың. Егер мені өзің үшін азат еткен болсаң, онда алып қал. Ал, егер Алланың разылығын көздеп сатып алған болсаң, еркіме жібер, – деді.

Әбу Бәкір (р.а) рұқсат берген соң Біләл Хабаши Шамға барып, Ислам туын көкке көтеріп, бірнеше соғысқа қатысты. Шамда жүрген кезінде бір түс көріп, Мәдинаға келді. Пайғамбарымыздың қабірінің қасында хазірет Хасан мен Хұсейнді кездестіріп, Алланың сүйікті елшісімен (с.ғ.с.) бірге өткізген тәтті күндерді еске алды. Әлемдердің Падишасы (с.ғ.с.) дүниеден озғаннан соң, Мәдинада азан шақырмаған еді. Ғаламның рақым нұрынан (с.ғ.с.) кейін азан шақыруға тағаты да жетпеді. Өйткені, азандағы “әшһәду әннә Мухаммадан Расулуллаһ” (Мұхаммедтің Алла Елшісі екендігіне куәлік етемін) деген сөйлемді айта алмай іркіліп қалатын. Даусы шықпай көз жасына булығып, аяқтарының буыны босап кете баратын.

Пайғамбарымыздың “менің дүниеде иіскеген екі райханым” деген немерелері Хасан мен Хүсәйіннің өтінішінен кейін, соңғы рет Мәдинада азан шақыруға бел буды. Көзін көкке қадап тұрып, бүкіл жан дүниесімен тебіренте азан шақырды. Бүкіл Мәдинада Алла Елшісіне (с.ғ.с.) деген сағынышты жаңғыртты. Ел түгел көшеге шықты. Алла Расулының нұрлы өмірін көз ал- дарына елестетіп, бәрінің ет жүрегі елжіреп егіле жылады. Пайғамбарымыз қайта тіріліп келіп, Біләлге азан шақыртқандай болды. Сол күні көзіне жас алып иығы селкілдемеген тірі жан қалмады[5].

Қандай иман! Таңғаларлық сүйіспеншілік! Адамзат тарихында мұншама сүйіспеншілікке хазірет Мұхаммедтей (с.ғ.с.) ешкім бөленбеген.

Материал «Саңлақ сахабалар» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Р. әл-Бәша, 1, 507.

[2] Табақат, 3:234.

[3] Р. әл-Бәша, 1, 507.

[4] Табақат, 3:234.

[5] Р. әл-Баша, 1:414-416.

Категория бойынша