20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Саясаткер. Дипломат. Сахаба.

Саясаткер. Дипломат. Сахаба.

Ислам жұлдыздары

Ардақты елшінің (с.ғ.с.) тәрбие мектебінен өткен саңлақ сахабалар жүрген жерлерінде ел-жұрттың бақыты үшін күш жұмсады. Екі дүниеде бақытқа жетудің жолын іздеді. Алланың разылығын алу халықтың ризалығынан өтетінін жақсы білген сахабалар өз бақыты үшін емес, өзгенің бақыты жолында өмір сүрді.

Мұны олар адамзаттың Ардақтысынан үйренді. Өйткені, ол: «Әрбірің малшыдай жауапкерсіңдер. Баршаң өз қарамағыңа жауаптысыңдар. Ел басшысы – қарамағына жауапты. Ер адам – отбасының басшысы. Ол отбасына жауапты. Әйел – ерінің меншігіне жауапты. Қызметші – мырзасының мал-мүлкінің басшысы, иелігіне жауапты. Әрқайсың жауапкер, әрбірің қарамағыңа жауаптысыңдар»[1], – деп, әрбір адамның өзіне берілген міндетін адал орындағанда ғана қоғамның салауатты ғұмыр кешетінін айтқан еді.

Жанқияр сахабалар Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өмірлік дәстүрге айналдыруға тырысып бақты. Осындай жарық жұлдыздардың бірі – Саид ибн Әмир әл-Жумахи. Ол Хайбардың алынуына дейін Исламды қабылдап, Алла Елшісінің нұрлы дәріс алқасына қосылды. Иман шәрбатына бас қойған Саид Меккедегі мүшріктердің азабына одан әрі шыдай алмай, Мәдинаға қоныс аударды.

Барын жолына жұмсаған ол бүкіл шайқастарда үлкен ерлік көрсетті. Хазірет Саид мықты қолбасшы болатын. Йәрмуқ соғысында Әбу Ұбайда ибн Жаррах (р.а) халифа Омардан (р.а) көмек сұрады. Халифа мың адамға татырлық төрт адамды жіберді. Бұлардың арасында Саид ибн Әмир де бар еді. Византиялықтарға қарсы болған сұрапыл Йәрмуқ шайқасында хазірет Саид үлкен қаһармандық пен жанқиярлық танытты.

Саид ибн Әмир – көзі қарақты, парасатты басшы, әділетті саясаткер әрі майталман дипломат. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) суффада тәрбиелеген сахабаларының бірі Саидты бойындағы тамаша қасиеттеріне орай халифа Омар (р.а) Хумусқа әкім етіп тағайындады. Бастапқыда Саид бұған қарсылық білдірсе де, хазірет Омар бой бермеді. Қысқа уақыттың ішінде ол халыққа өзін сүйдіре білді. Басшылық міндетін абыроймен атқарды. Халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, әлсіздерге қамқорлық көрсетті. Тіпті мұсылман болмағандардың өзі оның басшылығына дән риза болды.

Омар Фаруқ бірде Сирияға соқты. Қаланың солтүстігіндегі Хумустан өзі тағайындаған сенімді әкімді көргісі келді. Мақсаты: әкімінің жағдайын әрі халықтың ол жайлы ойын білу еді. Халифаның қалаға келгенін естіген халық түгел жиналды. Халифа олардан: «Уа, Хумус халқы! Әкімдеріңіз қалай? Көңілдеріңіз тола ма? Ол жайлы айтар қандай шағымдарыңыз бар?», – деп сұрады. Халық жалпы разы екендігін, бірақ түсінбеген кейбір жағдайларға байланысты шағымдары барын білдірді. Хазірет Омар шағымдарын айтуын талап етті. Олар: – Таңертең міндетіне ерте келмейді. Тіршілік қызған кезде бірақ келеді, – деді. Халифа Омар: – Бұдан басқа қандай үлкен кемшілігі бар? – деді. – Кеш қарайғаннан кейін ешқайсымызды қабылдамайды. Әр айда бір күн тәулігінде біз оны көре алмаймыз. Кей кездері есінен танып, құлап қалады, – деп бүкіл шағымдарын тізбектеді. Бұқарамен жүздескеннен кейін халифа Омар Әмирді қасына шақыртып алып бұл шағымдардың себебін жеке-жеке сұрады. Әрі ішінен «Уа, Алла, Саид ибн Әмир жайлы менің жақсы ойымды жалғанға шығара көрме», – деп дұға етіп отырды.

Айтылған шағымдарды тыңдап болған соң Әмир байсалды қалпында: – Омар, негізі бұларды айтуға зауқым жоқ. Алайда шағым болып түскендіктен мен де амалсыз айтамын. Міндетіме кешірек баруымның себебі, үйде қызметшім жоқ. Әйелім науқас, үй жұмыстарының көбін өзім істеймін. Таң атысымен ерте тұрып қамыр ашытып, нан пісіремін. Балаларымның таңғы асын ішкізіп болған соң, дәретімді алып, халықтың алдына шығамын. Түнде ешкімді қабылдамаймын. Өйткені, күндізімді халыққа, түндерімді құдіреті шексіз Аллаға арнаймын. Айда бір рет шықпауымның себебі: Қызметшім болмағандықтан киімдерімді өзім жуамын. Ауыстыратын басқа киімім жоқ. Киімдерім кепкенше, халықтың арасына шыға алмаймын. Кей кездерде ес-түссіз талып қалуымның себебіне келсек: Меккеліктер Хүбәйбті дарға асқан кезде, мен сол жерде едім. Мүшріктер оны дар ағашына байлап: – Өзіңнің құтқарылып, орныңа Мұхаммедтің асылғанын қалар ма едің? – деп ұсыныс жасады. Хүбәйб басына төнген қатерге қарамастан: «Алланың атымен ант етейін, мен өз бала- шағамның қасында отырғаным былай тұрсын, Мұхаммедтің аяғына тікеннің қадалғанына да көнбеймін», – дегеннен кейін, “Уа, Мұхаммед!” деген даусымен аспанды жаңғыртты. Мүшріктер оны шейіт қылды. Мен мұны көріп тұрып қол ұшын бере алмадым. Өкінішке орай, ол кезде әлі мүшріктердің қатарында едім. Алла Тағала осы күнәм үшін мені ешқашан да кешірмес деп қатты қайғырғаным соншалық, сондай кезде ес-түсімді білмей талып қаламын, – деп шағымдардың бәріне жауап берді.

Әкім де өзі, тақуа да өзі Саидтің жауабын естіген Омар тұла бойы шымырлап: «Уа, Аллам, дұрыс пейілімде мені жаңылтпадың, мың да бір шүкір”, – деді. Жиналған жұрт та Саид ибн Әмирдің жанкештілігіне таңқалып, көзіне жас алды[2].

Дүниенің өткінші салтанатына алданбай, халықтың игілігі үшін ғұмыр кешкен сахабалардың бірі осы хазірет Саид еді. Ол әкім болып тұрған кезде халифа Омар әл-Фаруқ Хумус халқының ішіндегі кедей кембағалдардың тізімін жасауды адамдарына тапсырды. Пақырлардың тізімі жазылған парақ хазірет Омарға әкелініп табыс етілді. Тізімнің ең басында Саид ибн Әмир есімін көрген Омар аң-таң болды. Бәлкім, аттас шығар деген оймен: – Бұл қай Саид ибн Әмир? – деп сұрады. – Уа, мүминдердің әміршісі, бұл біздің әкіміміз, – деген жауапты естігенде халифа таңданып: – Сендердің әмірлерің кедей ме? – деді. – Иә, ол кедей. Қолына не түссе бәрін кедей кепшікке таратып бере салады, – деді адамдар. Мұны естіген халифа көз жасына ие бола алмады.

Хазірет Омар әкімінің тұрмысын түзетуді ойлап, бір елші арқылы оған мың динар жіберткізеді. Ол елшіге: – Менен оған дұғай-дұғай сәлем айт. Бұл ақшаны мүминдердің әміршісі өз қажетіне жұмсау үшін жіберді де, – деп тапсырды. Елші Хумусқа барып аманатты әкімге табыс етті. Саид ибн Амир мұншама көп ақшаны көре сала шошынғандай “иннә лиллаһи уә иннә иләйһи ражиуун” (Шындығында біз бәріміз Аллаға тәнбіз және оған қайта ораламыз) деген дұғаны оқыды. Саидтың бұл халін көрген әйелі қасына келіп: – Не боп қалды, қожайын? Халифа Омарға бір нәрсе болды ма? – деп сұрады. – Жоқ, одан да бетер. Дүние менің басыма шүйлігуде, шаңырағыма азғырушы бүлік келді, – деп әйеліне жағдайды айтты. Ол да бұл ақшаны қалаған жеріне жұмсауға болатынын айтқаннан кейін, хазірет Саид бұл қаржыдан бір тиын қалдырмай, кедей-кепшікке садақа етіп таратып жіберді. Ақшаларды тегіс таратып жібергеніне әйелі ренжіңкіреп: – Кішкене болса да өзіңе қалдырып, қажетімізге жұмсасақ болмас па еді? – дегенде, хазірет Саид: – Жәннаттың мәңгілік нығметтерін өткінші дүниеде түгескім келмейді, – деп, өзінің ақыретке деген сенімінің шынайылығын көрсеткен еді.

Хижраның қырқыншы жылында мәңгілік өмірге аттанған Саид ибн Әмир (р.а) өзінің адал қызмет атқарған жері Хумуста жерленді[3].

Материал «Саңлақ сахабалар» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Бухари, Жума, 11.

[2] Хилятуль-әулия, 1:245-246.

[3] Усдул-ғаба, 2:311-312.

Бөлісу: