19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

Расулулланың аудармашысы

Расулулланың аудармашысы

Ислам жұлдыздары

Құран аяттары мен сүрелері түскен кезде Алла Расулы (с.ғ.с.) оларды өзі ғана жаттап қоймай, басқаларға да жаттатқызатын. Әрі жаза білетін сахабаларына уахиді жаздыратын.

Түскен уахиларды хатқа түсіретін бірнеше сахаба болатын. Солардың бірі – Зәйд ибн Сәбит (р.а.). Пайғамбарымыздың маңдайалды сахабаларының бірі Зәйд ибн Сәбит ансарлардың Хазрәж тайпасының Нажжарұлдары руынан шыққан. Лақаб аты – Әбу Сайд немесе Әбу Абдурраһман[1]. Хижра жыл санауынан он бір жыл бұрын дүниеге келген хазірет Зәйд Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға келген кезде әлі ойын баласы болатын. Тарихи деректер сол тұста оның он бір жаста болғандығын айтады.

Мәдинада сахабалар Бәдір соғысына дайындалып жатқан кезде, жасы әлі он үшке толмаған нұр жүзді, зерек бір бала келді. Қолында өзінің бойынан ұзын қылышы бар ол Алла Елшісінің қасына барып: «Уа, Расулулла! Сен үшін жаным садаға. Сенімен бірге болып, сенің туыңның астында дұшпанға қарсы соғысуға рұқсат бер», – деді. Бұл әрекетіне сүйсінген Алла Елшісі (с.ғ.с.) оған мейірім толы көздерімен қарап, арқасынан қақты. Жасы жетпегендіктен оны әскер қатарына алмады[2].

Әскерге алынбағанына Зәйд қапаланып қайғырды. Оның мақсаты – қиын кездері Алла Елшісінің (с.ғ.с.) қасынан табылып, оған жақын болу. Алайда Зәйд өзінің зеректігін басқа салада көрсетті. Ол – Құран жаттап, ілім үйрену еді. Зәйд – өте зерек, ақылды және есте сақтау қабілеті күшті алғыр сахабалардың бірі. Он бір жасында-ақ он жеті сүрені жатқа оқи алатын. Оның бұл қасиетіне тәнті болғандар Зәйдті Алла Расулының (с.ғ.с.) қасына апарып: «Уа, Расулулла! Бұл, Зәйд баламыз, он жеті сүрені жатқа біледі. Сүрелерді сізге қалай түскен болса, солайша тура оқиды. Ол өте қабілетті. Оқу-жазуды да біледі. Ол сізге жақын болуды қатты қалайды. Қаласаңыз, сынап көріңіз», – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Зәйдтің жаттаған сүрелерін тыңдады. Ол Құранды шын мәнінде керемет оқыды. Тоқтайтын жерінде тоқтап, сөздерге ерекше мән беріп мәнерлеп оқуы – оның Құранды жақсы оқуымен қоса, жақсы түсінгендігінің белгісі еді. Зәйдтің бұл қасиетін байқаған Алла Елшісі (с.ғ.с.) оған Иврит (көне еврей) мен Суряни (көне Сирия) тілін үйренуді тапсырды. Өйткені, Пайғамбарымыз әртүрлі елдерден осы тілдерде жазылған хаттар алатын. Оларды оқып, реті келгенде жауап беру қажеттілігі туындайтын. Пайғамбарымыздың өзі оқу-сызуды білмегендіктен, бұларды басқа адамдарға істетуге мәжбүр болды. Бірақ бөгде біреулердің хаттардың мазмұнын білгенін де қаламайтын. Сондықтан да Зәйд ибн Сәбит іске кірісіп, аз уақытта бұл тілдерді оқып-жаза алатын дәрежеде үйреніп алды. Осыдан кейін ол Пайғамбарымызға келген хаттарды оқып беріп отырды, қажет болғанда оларға жауап та жазатын. Осылайша ол Расулулланың аудармашысы болды. Сонымен бірге ол өзінің негізгі ісін, уахи жазуды да жалғастырды[3].

Хазірет Зәйд – Құранды жинақтауда үлкен қызмет атқарған ғалым сахабалардың бірі. Ол әрі Құранды жазып әрі жатқа білетіндіктен, хазірет Әбу Бәкір Құранды жинау алқасын Зәйд ибн Сәбитке басқартты. Кейіннен хазірет Осман кезінде Құран нұсқаларының көбейтіліп, Ислам орталықтарындағы қалаларға жіберу кезіндегі іс-шараларға жетекшілік жасады. Құранның сақталып, бізге дейін жетуінде оның қосқан үлесі өте зор.

Зәйд ибн Сәбит хазірет Әбу Бәкірдің халифалығы кезінде Құранды жинастырған болса, хазірет Омардың тұсында Құранның оқылуын үйретумен айналысты. Сонымен қатар пәтуа беру ісін де атқарды. Хазірет Омар Зәйд ибн Сәбит пен бірнеше сахабадан басқалардың пәтуа берулеріне тыйым салған[4]. Ол Құранды жатқа білумен қатар «мирас (фараид) ілімін» жете меңгерген. Мирасқа байланысты мәселелерді сахабалар арасында одан жақсы білетін ешкім жоқ еді. Бұл жайлы Пайғамбарымыз: «Мирас ілімін (фараид) ең жақсы білетін – Зәйд», – деген[5].

Хазірет Омар яки Осман болсын, Мәдинада болмаған кездерінде халифалық орындарына уәкіл етіп Зәйд ибн Сәбитті қалдырып кететін. Әсіресе, хазірет Осман оны ерекше жақсы көретін. Османның халифалығы кезінде хазірет Зәйд бәйтул – малға (қаржы министрлігі деуге де болады) жауапты болып тағайындалды[6].

Зәйд ибн Сәбит хазірет Осман, Әли мен Муғауияның халифалығының алғашқы бес жылында мүфти қызметін атқарды. Омар секілді бұл халифалар да фиқһ мәселелерінде Зәйд ибн Сәбиттің кеңесіне жүгінетін. Фиқһ мәселелерінде беделділігі соншалық, атақты жеті фиқһ ғалымдарының бірі Сайд ибн Мусәииб басқалардан естігендерін Зәйд ибн Сәбиттің өз аузынан естімейінше қабылдамайтын.

Бүкіл ғұмырында Исламға қызмет еткен хазірет Зәйд ибн Сәбит хижраның 45-жыл санауында бақиға аттанды. Ол көз жұмғанда күллі мұсылман әлемі қайғырып аза тұтты. Ибн Омар: «Бүгін адамдардың ең білгір ғалымы өлді», – десе, Ибн Аббас: «Міне, ілімнің көмілуі осылай», – деген еді[7].

 

Материал «Саңлақ сахабалар» кітабынан алынды.

Ummet.kz


 

[1] Усдул-ғаба, 2:278; әл-Исәбә, 3:22.

[2] Усдул-ғаба, 2:278.

[3] Табақат, 2:358.

[4] Табақат. 2:361.

[5] Усдул-ғаба, 2:279; әл-Исәбә, 3:23.

[6] Усдул-ғаба, 2:279.

[7] Табақат, 2:360.

Бөлісу: