29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

Құранды керемет оқитын сахаба

Құранды керемет оқитын сахаба

Ислам жұлдыздары

Йемендік Әбу Мұса әл-Әш’аридің негізгі аты – Абдуллаһ ибн Қайс. Алғаш мұсылман болып Эфиопияға көшкендердің бірі.

Ол – отбасымен бірге Йеменде жүріп-ақ Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) көрмей тұрып иман еткен сахаба. Алла Елшісімен қол алысып серт беру үшін жолға шыққан Әбу Мұса Эфиопияға жетіп, ол жерде Жағфар ибн Әбу Тәліп және басқа мұсылмандармен кездеседі. Мәдинаға жеткен кезінде Хайбар алынып қойған болатын. Пайғамбарымыз Әбу Мұсаға соғысқа қатыспаса да түскен олжадан үлес бөліп береді[1]. Ол Меккенің алынуы және Хунәйн шайқасына қатысты. Хунәйн шайқасынан кейін Алла Елшісі (с.ғ.с.) Әутас жазығына жиналған Хауазин тайпасына қарсы Әбу Әмирді жіберді. Бұл шайқаста Әбу Әмир шейіт болғаннан кейін басшылық міндеті Әбу Мұсаға берілді. Әбу Әмирдің шейіт болғаны жайлы хабар жеткенде, Пайғамбарымыз ол үшін дұға жасады. Әбу Мұса да өзі үшін дұға тілеуді өтінгенде, Алла Елшісі: «Раббым! Абдуллаһ ибн Қайстың қателерін кешір. Оны қиямет күні құзырыңа жақсылықпен қабыл ет!», – деп Жаратушының оған деген жәрдемін тілейді.

Тәбук шайқасында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оны Муаз ибн Жәбәлдің қасына қосып, дінді уағыздау үшін Йеменге аттандырады. Оларға дінді үйрету жолында – біздер үшін де әрдайым естен шығармай ұстану қажет болған мына ұстанымдарды айтты: «(Дінді үйреткенде) Қиындатпай, оңайлатыңдар. Сүйдіріңдер, жеккөрінішті етіп көрсетпеңдер. Мас қылатын нәрселердің бәрі – харам (арам); ішкілікке тыйым салыңдар!»[2]. Хазірет Әбу Мұса Йемендегі міндетін ойдағыдай атқарғаннан кейін қоштасу қажылығына қатысты. Артынша Мәдинаға қоныс тепті.

Әбу Мұса әл-Әш‘ари көптеген жорықтарға қатысып, қолбасшылық етті. Куфа мен Басра әкімінің міндеттерін де атқарды. Ол әкім болып тұрған кездің өзінде өте қарапайым тіршілігімен көпшіліктің жүрегін жаулады[3]. Оның ілімі, ойлылығы, тақуалығы мен шыншылдығы жұртқа мәлім болатын. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тұсында Зәбид пен Әдәнға әкім болып жіберілді. Әділеттің үлгісі – Омар халифа болып тұрған кезінде оны Басраға әкім етіп тағайындады. Халифа Османның кезінде халықтың қалауымен Куфаның әкімі болды. Хазірет Әли мен Муғауия арасында туған қақтығысты тоқтату үшін Әлидің тарапынан төреші (орбитражный судья) болып шешілді. Алайда қанша тырысқанмен қақтығысты бөгей алмады. Сол оқиғадан кейін саясатты тастады.

Даусы өте әдемі еді. Құранды да керемет мақаммен оқитын. Ол Құран оқығанда адамдар жадыланғандай елтіп тыңдайтын[4]. Екі жаһан Сардары (с.ғ.с.) ол жайлы: «Оған Дәуіттің мәзәмирінің бірі берілгендей», – деп даусының кереметтігін мақтаған. Түнде мешітте намаз оқығанда мүминдердің аналары (Пайғамбарымыздың жұбайлары) оның Құран оқығанын ұйып тыңдайтын. Хазірет Омар оған жолыққан кезде, «Уа, Әбу Мұса! Раббымызды біздің есімізге түсір!» – дейтін.

Әлиден (р.а.) Әбу Мұса жайлы сұрағанда, ол: «Ілім мұхитына малынып шыққан адам», – деп, білімінің тереңдігін ұқтырған. Ол фиқһ саласында пәтуа мәселесінде сенімді, беделді сахабалардың бірі еді. Құранды жақсы білген бақыттылар қатарындағы Әбу Мұса мұсылмандардың арасында ілімнің кең тарауына ерекше мән беретін. Халықты білімге ынталандыру үшін хұтбалар оқитын. Алла Елшісіне (с.ғ.с.) ең жақын жүргендердің бірі Әбу Мұса одан көп нәрсе үйреніп, басқаларға үйретті. Пәтуа беруге тікелей Пайғамбарымыздың өзі рұқсат еткен үлкен сахабалардың бірі болған[5]. Хазірет Әбу Мұса хадисші де еді. Ол 360-қа жуық хадис риуаят еткен. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) естіген, көрген нәрсесін түгелдей орындауға тырысатын. Тақуалыққа айрықша мән беріп, ар-ұят, тазалық мәселелеріне де баса назар аударатын. Өмірінің соңына дейін Ислам үмбетінің жамауын жамап, бірлігін қолдап еңбек етті.

Материал «Саңлақ сахабалар» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Усдул-ғаба, 2:30, 235,245.

[2] Бухари, жиһад, 164; магази, 60.

[3] ибн Әсир, 111, 143.

[4] Табақат, 7/1, 80.

[5] Тәзкиратул-хуффаз, 1. 21.

Бөлісу: